Жүргізушілердің жол жүру ере­желерін сақтамауы, жауапсыз­дығы, сал­ғырт­тығы жол-көлік апаттарының басты себебі болып отыр. Осы орайда жол-кө­­лік оқиғаларында адам өлімі мен ауыр жарақаттардың алдын алуға септігі зор қауіпсіздік белдігінің рөлі көп жағдайда ескерілмейтінін айта кету керек.
QazaqGazда қауіпсіздік – басты орында
956
оқылды

Ста­­тистикаға сүйенсек, қауіпсіздік белдіктері маңдайдан соқтығысқанда өлім мен ауыр жарақат алу қаупін 2-2,5 есеге, бүйірден соқтығысқанда 1,8 есеге, ау­дарылып кету кезінде 5 есеге азайтады екен.  Осы ретте QazaqGaz ұлттық ком­­паниясы қызметкерлеріне көлік оқиғаларынан сақтануға арналған «Stop ДТП» акциясы ұйымдастырылды.

Іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ Кор­по­ра­тивті басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары жә­не еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы ди­ректоры Ғибрат Ауғанов және «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қа­тысты. Шарада жол апаты кезінде соққының қан­дай болатынын қызметкерлер арнайы құрыл­ғы арқылы сезініп көрді. Қауіпсіздік бел­дігін тағу арқылы қандай қатерден қор­ғану­ға болатыны да айқын көрсетілді.

 «Бұл іс-шараның басты мақсаты – адам өз өм­ірінде жұмыста, сондай-ақ жұмыстан бөлек уа­қытта автокөлікпен қозғалу арқылы қауіп­сіз­дік белдігін тағып және өз өмірін сақтап қалу қаншалықты маңызды екенін көрсету. Портфельдік компаниялардың 700-ден астам қызметкері имитатор тренажерды сынап көрді. Өз кезегінде бұл құрылғы сағатына 12 ша­қырымдық жылдамдықты алады, мұның өзі көліктердің бетпе-бет соқтығысқан жағ­дайында адамның қандай күйде болатынын түсінуге жеткілікті.  Сонымен қатар бұл жерде қа­рапайым қауіпсіздік белдігін тағудың маңыз­дылығын түсіндіреміз. «Самұрық-Қа­зына» АҚ үшін өндірістік қауіпсіздік мәселесі бі­рінші орында, біз мұндай іс-шараларды  ұдайы өткізіп тұрамыз», – деді Ғибрат Ауғанов.   

Ал «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сан­жар Жаркешов «STOP ДТП» акциясы осы жыл­дың сәуір айында Қостанай қаласында бас­талғанын, бүгінге дейін Ақтөбе, Орал және Атырау қалаларында да ұйымдастырылғанын жеткізді. Сонымен қатар жыл соңына дейін елі­міздің орталық және оңтүстік өңірлеріндегі бөлімшелердің қызметкерлері де тренажер имитатордың мүмкіндігін сынап көретінін айт­ты.   

«Көпшілік қарапайым қауіпсіздік ереже­ле­рін сақтамайды. Оның қаншалықты маңыз­ды екеніне мән бермейді. Сондықтан маман­дар бүгін сақтық шараларын тәжірибе арқылы көр­сетті. Біздің қызметкерлер өздерінің қыз­меттік міндетін орындау барысында қалалар мен елді мекендер арасында көлікті жиі қол­данады. QazaqGaz жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қызметкерлердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында, түрлі профилактикалық іс-шара ұйымдастырып тұрады», – деді ол.

Аталған іс-шара QazaqGaz компаниялар тобының осы жылға арналған өндірістік қауіпсіздігі жоспарын іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр. 

Дүниежүзілік статистикаға сәйкес, қауіп­сіз­дік белбеуі қалада төмен жылдамдықпен ке­ле жатқан адамдардың апат кезінде өмірін 100 пайызға сақтайды екен. Ғалымдар көлік сағатына 30, 40, 50 және одан да көп шақырым жыл­дамдықпен келе жатқандағы апаттар ке­зін­де белдіктер, егер олар дұрыс бекітілген бол­са, көлік жүргізушісі мен жолаушының өмі­рін сақтауға кепілдік беретінін айтады. 

Статистика комитетінің мәліметінше, тек өт­кен жылы елімізде 13,5 мың жол-көлік оқи­ғасы тіркелген, 20 мыңға жуық адам зардап шек­кен. 

Наурызбек САРША