Жылыту маусымына 6,6 шақырым магистралды жылу желілері мен 4 насостық станцияны қайта жаңғырту үшін биыл 3,8 млрд теңге бөлінген.
«AMANAT»: Түркістан облысында 92% тозығы жеткен орталықта қазандықтарды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр
621
оқылды

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Түркістан облысы Кентау қаласында орналасқан №5 жылу энергия (ТЭЦ) орталығына барды.

Сапар барысында қайта құру жұмыстары жасалып жатқан қазандықтардың жұмысымен танысты. 92 пайызға тозығы жеткен сервис орталығында бүгінгі таңда, 4 қазандыққа кезекті жөндеу және 4 қазандыққа қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 80 жылдық тарихы бар жылу мекемесі Кентау қаласындағы қуаттылығы 100 Гкал/сағ жоғары жалғыз орталық болып саналады.

Осыған дейін орталықтың тозуына байланысты, қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстарын жасау жоспарланған болатын. Сметалық құны  13,7 млрд теңгені құрайды. Мекеме жұмыстарымен танысқан партия төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлына, құрылыс-монтаж жұмыстарын жасап жатқан мердігер мекеме «ЭМ-Холдинг» серіктестік басшысы атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Айтуынша жұмыс өз деңгейінде жасалуда әрі белгіленген уақытта аяқталатынын атап өтті. 

- 8,9,10,11 қазандықтардың қайта құру жұмыстары 30 қазанда аяқталады. Станцияның тозу дәрежесі жоғары болғандықтан, авариялық келеңсіз жағдай тудыруы мүмкін. Жылу орталығының қайта құру жұмыстары аяқталғаннан кейін қала тұтынушыларын сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз ету арта түспек, – деді Серік Симтиков.

Айта кетейік, нысан 2024 жылға өтпелі. Қазіргі таңда қазандықтардың демонтаж жұмыстары орындалуда. Дайындық жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Одан бөлек, жылыту маусымына 6,6 шақырым магистралды жылу желілері мен 4 насостық станцияны қайта жаңғырту үшін биыл 3,8 млрд теңге бөлінген. 

№5 жылу энергия (ТЭЦ) орталығына партиялық бақылау бекеті орнатылған. Жауапты депутат бекітілген. Мәселе тұрақты бақылауда.