Дала заңдарына бейімделген жыртқыш аңды қолға үйрету, оның тілін тауып өз дегеніне көндіре білу көп адамның қолынан келмейді. Сондықтан да дрессура цирктегі ең күрделі жанрлардың бірі саналады.
Арыстан баққан мұғалім
1,797
оқылды

Ешбір цирк колледжі дрессураны арнайы мамандық ретінде оқытпайды. Себебі әрбір әртіс өз жануарын тауып, тіл табыса білуі үшін жылдар қажет. Ендеше дрессура – оқуды қажет етпейтін, үлкен жүрек пен аса мейірімділікті талап ететін өнер. Елімізде жыртқыш аңды қолға үйреткен алғашқы және әзірге жалғыз әйел – Жанат Қалметова. Шымкент цирк мекемесінде 10 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Жанатты көрермендері «Арыстандар патшайымы» атап кеткен. 

Қырықтан асқанда арманымен қауышты

Жанат Қалметова 10 жасынан бас­тап цирк сахнасына шыққан. Цирк өнерін үйрететін балалар үйірмесінде жү­ріп акробатика, эквилибр, қақпақылдау өне­рін меңгереді. 15 жасында Мәскеуде өт­кен Бүкілодақтық цирк фестиваліне қа­ты­сып, сол кезде Ю.Никулин басқарған цирк ұжымында жұмыс істеп, кіші кубок ие­лену бақыты бұйырады. Бірақ мектеп бі­тір­геннен кейін арманынан қол үзіп қа­лады.

– Цирк әртісі болу менің өмір бойғы ар­маным болды. Өйткені мен бала кезімде цирк ұжымында жұмыс істедім. 10 жа­сым­нан 17 жасыма дейін сахналық циркте өнер көрсеттім. Сол кезде ары қарай цирк әртісі ма­мандығына оқуға түсу ойымда болды. Бір­ақ ата-анам таңдауыма келіспеді. Олар­ға еш өкпелеген жоқпын. Себебі әр ата-ана баласына тек жақсылық тілейді. Сол за­ман­да әке-шешеміз: «Болашағы бар ма­ман­дыққа оқуға түс. Қыз баласына әртіс болған қиын. Мұғалім – өлмейтін ма­ман­дық» деп шектеу қоятын. Сондықтан мен өзім қаламасам да, анамның жолын жал­ғастырып мұғалім мамандығын алдым. Әри­не, бұл менің қалауым емес еді. Деген­мен оқуға түскен соң диплом алу керек бол­ды. Сол кездегі Целиноград қала­сын­да­ғы С.Сейфуллин атындағы педагогика­лық институтқа орыс тілі және орыс әде­биеті мамандығына оқуға түстім. Бірақ сол­түстіктің табиғаты менің денсаулығыма жақ­пады. Бірінші курсты бітіргеннен кейін Ташкент қаласына ауысып, мектепке дейінгі даярлық пәнінің мұғалімі ма­ман­ды­ғын алдым. Өйткені маған кіш­кен­тай ба­лалармен жұмыс істеген ұнайтын. 40 жа­сыма дейін мұғалім де болдым, бала­бақ­шада тәр­бие­ші де болдым, кол­леджде сабақ та бердім. Қандай жұмыс іс­тесем де бар­лы­ғын жауап­кер­шілікпен атқардым. Бір­ақ жүрегімнің түбінде өмір бойы сақтаған ар­ма­ным «цирк әртісі болу» еді. Сол ар­маныма 40 жас­тан ас­қан­да ғана жеттім, – дейді Жанат Қалме­това. 

Осылайша, циркке деген махаббат Жа­натты әртіс болуға же­те­лейді. Алайда ол оқу бі­тір­геннен кейін тұрмысқа шы­ғып, отбасы, ошақ қасы деп күйбең тірлікпен уақыт­тың қалай өткенін де байқамай қалады. Теледидардан цирк әр­­­тіс­терінің өнерін көргенде, қалаға гастрольмен Ресейден Шапито жыл­жымалы циркі келгенде ішіндегі арманы маза бермейтін. 

– Циркке деген махаббатымның өш­пеуіне әрқашан осы салаға қызығушылық та­нытып жүргенім себеп болған да шығар. Дегенмен бала кезде цирктен алған білі­мім­ді педагог болып жүргенде де пай­да­лан­дым. Мерекелік іс-шаралар өткізгенде ал­ғашқы қатардан көрініп, өз үлесімді қо­сатынмын. Цирктің кейбір өнерін ба­ла­ларға да үйрететінмін. Сол кезде «әттең, үл­кен сахна бұйырмады ғой» деп жүре­тін­мін. 2011 жылы Шымкенттегі цирк ғи­ма­раты пайдалануға берілді. Бірақ жүрегімнің түбін­де «манежге неге осы уақытқа дейін өнер көрсетпедім екен» деген өкініш бол­мады емес, болды. 2012 жылы «Цирк сала­сында тәжірибесі бар азаматтарды жұмысқа шақырамыз» деген жарнаманы оқып, циркке келдім, – дейді Жанат Қалметова. 

Дегенмен оның ойында «қаншама жыл­дан кейін циркке не беремін?» деген қор­қыныш пен сенімсіздік те болыпты. Бұрын циркке қатысқан азамат өзіне ко­манда жасақтап, нөмір дайындап жатыр екен. Сол азаматты басшылыққа қатысы бар адам екен деп ойлап, Жанат артық сұ­рақ қоймай, командасында екі аптадай дайындық жасайды. Сөйтіп, манеждің иі­сін, құдіретін аз уақыт болса да сезініп үл­гереді. Алайда команда жасақтаған аза­мат жұмысты аяғына дейін жеткізбей, ко­манданы тастап кетіп қалады. 

– Сол кезде жолдасым «2 ай сынақ мер­зімімен ешқандай айлықсыз қалай жұ­мыс істейсің?» деп айтты. Осылайша, мен де отбасымның ығына жығылып, циркке барып тұрған жерімнен қайта қайттым. Ма­мандығым бойынша балабақшаға жұ­мысқа орналастым. Арада бір жыл өткен­нен кейін «цирк әртістеріне ассистент керек» деген хабарландыру оқып, тәуекелге қайта бел будым. Циркте ассистент болсам да, манеждің құдіретін сезініп циркте жүр­сем де жетеді деп шештім. Сөйтсем, цирк бас­шылығы менің қабілетімді 2012 жылы кел­ген кезде байқап, кейін іздестіріпті. Бір жылдан кейін келгенімде директордың орын­басары «Сені көп іздедік. Бізге әртіс­тер­ді дайындайтын маман керек. Жұмыс­тың шарттарымен келіссек, сені әртіс ретінде бірден қабылдаймыз» деді. Ол кезде цирк әртісінің айлығы 25 мың теңге еді. Сол күннен бастап жұмысқа кірісіп кеттім. Бас­шылық балабақшада да, циркте де жұ­мыс істеуіме мүмкіндік берді. Себебі ба­ла­бақ­шада 65 мың теңге айлық алатынмын, – дейді цирк әртісі. 

Жанат Қалметова бір айдан кейін педагогикалық жұмысынан өз ер­кімен кетеді. Себебі ол өзіне цирктің керек екенін түсінеді. Таңнан кешке дейін ар­тылған жауапкершілікті ақтау үшін цирк­тен шықпай аянбай еңбек етеді. 

Оңтүстіктегі цирк әртістерінің алғашқы қазақ династиясы

Жанат Қалметова от­ба­сында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Бір қы­зығы, үш баласы да анасының жолын қуып, цирк сахнасында өнер көрсетеді. 

– Бала кезімде орындалмаған арманыма ба­лаларым жетіп жатыр. Балаларым бұл са­ланы өз еркімен таңдады. Әркім өзінің сүй­ген саласына баруы керек. Сонда ғана са­палы жұмыс істеп, нәтиже шығара алады. Қа­зір циркте ұстазбын. Шәкірттерім – өзім­нің перзенттерім. Олармен балам ре­тінде емес, шәкірт ретінде мақтана аламын. Се­бебі мен жаттығуда олардың анасы емес­пін. Қаталмын. Жоғары талап қоя­­мын. Үлкен ұлым – Жандарбек Еле­беков атындағы эстрада-цирк колледжінің түлегі, қа­зір матч пен семафораның үс­­тін­де жұмыс істеу бо­йын­­­ша үздік. Бір циркте қыз­мет етіп жүрміз. Дип­лом­­ды ала салып, Қы­тай мем­лекетінде ке­лі­сім­шарт­­пен жұмыс іс­теп келді, – дейді Жа­­нат Қалметова. 

 Ал екінші ұлы Сан­жар жонглермен, моноциклмен ай­на­лысады. Жасы 20-да. Алғаш рет сурет салу, ве­ло­сипедпен өнер көр­­сету бойынша та­ны­­мал болды. Қазір Мәс­­­кеудегі Никулин атын­­­дағы цирктің әртісі. Ал­дағы уақытта келісім­шарт­пен біраз гастрольдерге бару­ды жоспарлап отыр. Кіші қы­зы Перизат бес жасынан бастап цирк қабырғасында өсті. Қазір жасы 14-те. Шымкент циркінің ең жас сурет­шісі. «Шабыт-2017» шығармашыл жастар фес­тивалінде III орын, «Дара бала» ме­да­лінің иегері атанған. 

– Мамандық таңдауда балаларыма шек­теу қойған жоқпын. Алдына мақсат қоя бі­лу­­ді, кез келген ортада өздерін еркін ұстау­­ды үйреттік. Цирктің өте қиын да қы­зық кә­сіп еке­нін үшеуіне де ескерткенмін. «Ұс­таз­дан шә­кірт озады» демекші, үш пер­зен­тім де ме­нен асты. Біздің отбасымыз – Шым­кент­­тен шыққан тұңғыш қазақ динас­тия­сы, – деп қуанышымен бөлісті кейіпкеріміз. 

Жануардың тілін табу фокустан да қызық

Жанат Қалметованың 24 жылдан кейін цирк сахнасында алғаш көрсеткен өнері фаер шоу, яғни отшашу нөмірі болды. Алай­да циркте жануар болмады. Ал көрер­мен жануар көру үшін циркке келетін. Өйткені аң мен адамның үйлесіп жұмыс істеуі тек балаға емес, үлкендерге де қызық. Көрермен үшін жануардың тілін табу – фо­кустан де қызық жанр. 

– Содан көрермендер «жануарларыңыз жоқ па?» деп сұрай бастады. Ал Ресейден кел­­ген жылжымалы цирктер жүздеген жануардың түр-түрін әкелетін. Біздің цирк­тің билеті 3 мың теңге болса, Ресейден кел­­ген цирктің бағасы 7-8 мың теңге бо­ла­тын. Адамдар аншлагпен келіп көретін. Ал бізге жануарлармен нөмір шығару үшін аң үйретуші маман керек еді. Мен кіш­кен­тайым­нан циркке барған кезде әртістердің жануарлармен жұмыс істегенін көріп өс­кен­мін. Содан «адам жасаған істі адам жа­сай ала­ды» деген ой келді, – дейді Жанат Қалметова. 

Оның айтуынша, цирк колледжерінде аң үйрететін арнайы факультет жоқ. Дрес­сура жанры бар болғанымен, оны еш жерде оқыт­пайтын. Себебі әр адам өз жануарын тауып, оның мінезін тани алуы керек. Кі­таптан жануардың психологиясын оқы­ған­мен, әр жануардың әлемі бөлек. Сон­дық­тан да дрессураның арнайы факультеті жоқ. Алғаш цирк ашылған кезде аң үйрету­ші­лерді Өзбекстаннан шақыртып жүрген. Бір­ақ олар елімізге көп тұрақтамайтын. Дрес­сурамен айналысатын адамның Шым­кент­те болмағаны Жанаттың намысына тие­ді. Екіншіден, дрессураға деген қызы­ғу­шылығы бала күнінен бар еді. Осылайша, ол алғаш иттерді үйрете бастайды. Оларды 2014 жылы сатып алады. Ақылды екі иті кө­­рерменнің көзайымына айналады. Гарри мен Гель пудель тұқымдас иттер болған екен. Тіпті, екеуі фильмге де түсіп үлгеріпті. Одан кейін Жанат жабайы қабанды, кейін бас­қа да жыртқыш аңдарды үйретуді қолға ала­ды. 

Ұрмақ түгілі маңдайынан шертпеппін

2017 жылы цирктегі Өзбекстаннан кел­ген аң үйретушіге арнап арыстандар алы­на­ды. Бірақ ол кісі отбасылық жағдайына бай­ланысты кетіп қалады. Арыстанның кү­­шіктерін цирктегі мал дәрігеріне тап­сыра­ды. Ветеринар университетті жаңа бі­тіріп келген жас маман еді. Бір күні оның екі абаданға ет беріп жатқанын Жанат Қалметова көріп қалады. 

– Екі қолында да ет. Оң қолындағы етті бір абаданға беріп тұр, сол қолындағы етті кө­теріп тұр. Оған екінші абадан өрмелеп шығып барады. Бұрылып келдім. «Бұлай та­мақтандыруға болмайды. Екеуіне екі бөлек бер, таласпайды, Қолыңа өрмелетпе, бір күні қолсыз қаласың. Олар кішкентай болса да, тісі өткір» дедім. Сөйтсем, «бұл аба­дандарды үйрететін маман тағы еліне кетіп қалды. Сіз қараңызшы» дейді. Екеуі де анасынан енді айырылған екі айлық абадан. Қорғансыз қалып қойды. Кез келген жануарда бірінші кезекте қорғану инстингті жұмыс істейді. Бұл кезде ұруға, қатты сөйлеуге болмайды. Дауыс көтерсеңіз немесе ұрсаңыз, ол ішінде жинала бере­ді де, бір күні кек қайтарады. Кіп-кішкентай бо­лып, қорғанып, сескеніп, ысылдап тұр­ған кезінде олардан ересек арыстанның дау­сы шығады. Басшылыққа кіріп, осы екі аба­данды өзім үйретейін деп қояр­да-қой­май, жалынып жүріп алып ал­дым. Ол кезде менің күшіктермен жұмыс істе­ген үш жыл­дық тәжірибем бар еді. Екеуін манежде ары-бері жетектеп жүремін. Адамдар көріп, қызығып: «Ұстап көрсек бола ма?» дейді. Ұстауға, суретке түсуге рұқ­сат беремін. Өйткені олар жабайы бол­май, шулы жерде үйренуі керек. Көрер­мен­дер шапалақ ұрып, шулаған кезде шо­шы­мауы керек. Ағаштан, темірден, бірі қисық, бірі үлкен, әйтеуір олардың се­кіруіне ке­дергі болатындай тумбалар қойып, секіруді үйрете бастадым. Олар секіргенде құлап қалмауы керек немесе арасы алшақ болып, ілініп қалса, қорғану инстинкті жұмыс іс­теп, екінші рет секіруге қорқады, секірмей қоя­ды. Ойын баласы кезінде, жалқаулыққа салдырмай үйрету керек. Екеуі он күн ішін­де манежге, адамдарға үйреніп, бір ке­дер­гі­ден екінші кедергіге секіре бастады, – дейді Жанат Қалметова. 

Кейіпкеріміздің айтуынша, оның алдында цирктің 25 жылдығына зообақ егіз абадандар сыйлаған болатын. Бірақ егіздің сыңары өліп қалып, Шири деген сыңары қалып қойған екен. Жануар кү­тушілер оны Тано деп ойлап, солай үйре­тіп жіберіпті. Негізі, Тано еркек абаданның аты еді. Ал кейін келген екі кішкентай аба­данның аты Қайтпас пен Қайсар деп зообақтан қойылып келген. Бірақ жануар­лар атына қарап қалыптасады деп Қайсар мен Қайсарға «Симба мен Лео» деген жаңа есім береді. Қасына Шириді де қосып ала­ды. Ол ұрғашы арыстан болғандықтан, өте жақсы жұмыс істейді. Кейін Ширидің бала­сын алу үшін, зоопаркке өткізген. Жалпы, 2017-2018 жыл Шымкент циркі үшін же­місті болады. 

– Арыстандарды манежге шығардық. Іссапардан іссапар. Бармаған жеріміз, бас­паған тауымыз қалмады. «Великий русский цирк­тен» шақырту алып, Қытайдың Хор­го­сында, шекарада үш ай бала-шаға, арыс­тан-итімізбен бірге жұмыс істеп келдім. Арыстандармен көмекшісіз, жалғыз өзім жұмыс істедім. Бар мейірім-махаббатымды арнадым. Қол көтермек түгілі маңдайынан шерткен емеспін. Ең қатты сөйлегенім «Сим­ба, мұның не енді, бәрін құрттың ғой» дей­тінім шығар. Мүмкін, басқаларда да осы­лай аң тәрбиелеуге қызығушылығы оя­нып қалар деп қалай дайындап жатқа­ным­ды көруге бәріне рұқсат беретінмін, – дейді кейіп­керіміз. 

Зообаққа барып тамақтандырып тұрдым

Алайда 2021 жылы «Шымкент циркі» Cirque du Soleil циркінің бағытында «Аңсыз цирк» жобасын бастайды. Сөйтіп, екі арыстан зообаққа өткізіледі. 

– Алғашқыда күйзеліске түсіп, тамақ же­гім келмей, ешкіммен сөйлеспей жүрдім. Алып кеткен күні барып, темір торға қа­малған екеуін көріп жүрегім ауырып қайт­ты. Сөйтсем, екеуі де бір апта нәр татпай қойыпты. Қызметкерлер «Бір күн жемейді, жырт­қыш қой, ертең жейді» деп ойлаған. Жеті күн тамақ түртпеген. Барсам ет арыс­тандардың алдында жатыр. Ары-бері тең­селіп жүр. Басшылығына барып, «олар осы жағдайға үйренгенше өзім тамақтандырып тұрайын, олар менің тастап кетпегенімді сезінсін» деп рұқсат сұрап, біраз уақыт тамақтандырып тұрдым. Цирктегі тамақ ішетін ыдыстарына дейін зообаққа апарып қойдым. Біз, адамдар бар мен жоқ, өмір мен өлім, тағы басқа дүниелерді түсінеміз. Арыс­тандар ұқпайды ғой. Олардың кө­кейінде өле-өлгенше «неге біз темір торда, ай­далада жалғыз қалып қойдық, неге ажы­рап қалдық» деген сұрақ тұрады. Өкпелейді. Менің жанымды ауыртатыны сол. Төрт жыл екі арыстанымның қасында болдым. Олар­ды тәрбиелеу үшін циркте қонып, жұ­мыс істедім. Мейіріммен өсірдім. Қазір зообаққа уақыт тауып барып тұрамын, – дейді Жанат Қалметова. 

Қоғамда цирктегі жануар­лар­ға қатысты түрлі пі­кір айтылады. Олар­ды өз таби­ға­ты­нан ажыра­ту­ға болмайды дей­ді. Біз осы пікірге қа­тысты цирк әр­т­ісінің көз­қара­сын да сұра­дық. 

– Дрессура өнері жүз жылдан бері цирк­пен бірге жасап келе жатыр. Көрер­мен­дердің сүйсініп қарайтын жанр. Сон­дық­тан мен жануарларды қолға үйретуге қар­сы емеспін. Тек оларға зорлық көрсетіп, ұрып-соғуға қарсымын. Мен гуманизмге не­­гізделген дрессураны ұстанамын. Жануар­ларды бағып, баптап, қолға үйрету адам ба­ласының мейірімін оятады. Сосын зообақтардан гөрі жануарлардың адамдар­мен қарым-қатынас жасай алатын тәлім­бақ­тар ашса деймін. Сонда балалар жырт­қыштың да сенімді дос бола алатынын тү­сі­нер еді. Жануарларды тордың ішіне тек көрме ретінде қойып қойғанша, осындай тә­лім­бақ­тар ұйымдастырылса екен деймін. Циркте үйретілген жануарлар болуы керек, – деп жауап берді ол. 

Биыл наурыз айында Жанат Қал­метова Моңғолияға барып, үйре­тіл­ген иттерімен халықаралық фестивальға қа­тысып, «Үздік үйретілген иттер» номи­на­ц­иясын алыпты. Оның айтуынша, қазір елі­міздегі цирк өнері жоғары деңгейде да­мыған. Бірақ мәселелер де жоқ емес. 

– Аймақтағы цирктерде реквизит дайындау жағы проблема. Себебі еліміздегі цирк­тарда реквизит дайындайтын Ресей­дегідей арнайы цехтар жоқ. Кейбір рекви­­зит­терді Ресейден, Украинадан, Қытайдан тап­сырыс беріп алдырамыз. Кейде қолдан жа­сатып та жатамыз. Бірақ бізде сапалы то­карь мамандар жоқ. Циркте әрбір жаб­дық миллиметріне дейін дәл есептеліп жа­салуы керек. Сондықтан акробатикаға, әуеге арналған құралдарды шетелден ал­дырамыз. Олардың бағасын барлық әртіс­тің қалтасы көтере бермейді. Цирк әртіс­терінің костюмдерінің тігілу тәсілі мүлдем басқаша. Киген киіміміз денеге жабысып тұруы керек, бірақ қозғалысқа ыңғайлы болуы да шарт. Костюмдеріміз сырттай қара­ғанда қарапайым көрінгенімен, тігілу жағынан күрделі. Қазір цирк костьюмдерін тігетін мамандар бар, бірақ барлығы бірдей бі­лікті емес. Кәсіби деңгейде костьюмдер тігу жағын да жақсарту керек, – дейді кейіп­керіміз. 

Жанат Қалметованың циркке деген ма­хаббаты адал. Әр адам өз кәсібін дәл Жанаттай сүйсе, бала арманына әр азамат дәл Жанаттай берік болса, әлем әлдеқайда әдемірек болар еді...

Көктем ҚАРҚЫН