Бірер жыл бұрын күтпеген жерден билігі ауысқан Ауғанстан өркениетті елдермен қатынас орнатпақ ниетте екені байқалады.
Ауғанға ашылған қақпа
1,069
оқылды

Сөйтсек, алғашқы көңіл тоқтатқан ел­дердің бірі Қазақстан болыпты. Өйткені қиын күндерде біздің елдің нанын жеп жан бақ­қан халық көпвекторлы саясатымыз­ды іш­тартса керек. Астанада өт­кен Қазақстан-Ауғанстан іскер­лік форумы осының айғағы. 

Көрмеден меморандумға дейін

Сонымен атынан әлем үркетін тә­ліптер қазақ топырағына қадам басты. Ниеті – әріптестік. Құр келмей «біздер­де мынадай бар, мынадай бар» демекші, өздерінде шығатын тауарлардың түр-түрін ала келіпті. Көрмемен басталған жиынның алғашқы күні ғана форум түрінде өтті. Қалған үш күн ауған­стан­дықтар әкелген көрмеден қалы кі­лем­дер мен ақ мақта, жеміс-жидектер мен көкөністер, түрлі сусындар мен дәрі-дәрмектер, кептірілген жемістер мен шафран шайын, құрылысқа арналған мәрмәр, гранит тақтатастар мен ауған қа­зандарын және тағы да басқа тауар­лар­ды көруге болатын еді. Тіпті ол елде алтын, қорғасын, сүрме, слюда, сили­кат кен орындары да бар екен. Әлде алып келе алғандары сол болды ма, әлде расында да солай ма – көрме сәл жұпынылау көрінді. Қалай болғанда да ауғандардың, әйтеуір, өздерін көкнар алқабы, апиын өндірісімен ғана бай­ла­ныстыратын стереотипті бұзғысы келе­тіні байқалды. Онысы форум өткен алғашқы күні де аңғарылды. Қай қонақ баяндамашы да ұшан-теңіз алғысын жеткізе отырып, қазақстандықтарды бауы­рым деп те, досым деп те өбектеп жатты. Екіжақты сауда, транзит және инвестициялық әріптестікті нығайта түсуге шақырып, Қазақстаннан келетін инвесторларға салықтай көптеген жеңіл­дік беретінін жасырмады. Олар­дың ынта-ықыласы Қазақстан-Ауғанстан іскерлік форумы аясындағы меморан­думға қол қою рәсімінде әсіресе анық көрінді. Мұнда жалпы сомасы 190,8 млн долларға жуық экспорттық келісім­шарт­­тарға қол қойылды. Ауыл шаруа­шылы­ғы өнімдерін, ұн мен өсімдік майын жеткізуге барлығы 15 шарт жа­салды. Бұл тұста Ауғанстан Қазақ­стан ұнының негізгі тұтынушысы еке­нін атай кеткен абзал. Барлық ұн экс­портының 70%-ы осы елге тиесілі. Сон­дай-ақ, ауған мемлекеті қазақстан­дық өсімдік майын ең ірі импорттау­шылардың бестігіне кіреді. Сол әріптестікті нығайта түсу бағытында форумда Қазақстанның «Майлы да­қылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдас­тығы» мен Ауғанстанның «Май дилерлерінің Балх одағы» ара­сын­да ынтымақтастық туралы ме­мо­ран­дум жасалды. Бір сөзбен айтқанда, қол қойылған келісімшарттардың жал­пы санының 9-ы май жеткізуші­лердің үлесінде болды. Бұл тек эко­номикалық қатынастарда ғана. Тәліптермен әріптестікте Қазақстан ауған еліне гу­манитарлық көмек көр­сетуде де донор елдердің алдыңғы қатарында екенін ерек­ше есепте ұстаған жөн. Тек биыл­дың өзінде біздің тараптан Ауғанстанға 5 403 тонна көлемінде гуманитарлық көмек берілген екен.

Әріптестікті әртараптандыру әлеуеті 

Форумда ерекше аталып өткендей, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың дамуында зор әлеует бар. Мұндағы басты көрсеткіш – ұн экспорты. Біздің бизнесмендер осы бағытта жемісті еңбек етіп келеді. Мәселен, былтыр ұн жеткізу көлемі 52%-ға (2021 жылы 895 мың тоннадан 2022 жылы 1,3 млн тоннаға дейін), бидай 20%-ға (2021 жылы 572 мың тоннадан 2022 жылы 687 мың тоннаға дейін), күнбағыс майы 6,2 есе (2021 жылы 2825 тоннадан 2022 жылы 17,5 мың тоннаға дейін) артқан. Биылдан бастап қара бидай жөнелтіле бастады. Соңғы уақытта Ауғанстанға экспорт әртараптандырылып, дәрілік заттарды, тыңайтқыштарды және прокатты жөнелту тұрақ­талған.

«Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-эконо­микалық, көлік-логисти­калық және энергетикалық байланыс­тарды сақтауға мүдделіміз. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы іс жүзінде 1 млрд АҚШ долларына (987,9 млн) жетіп, 2021 жылғы көрсеткіштерді екі есеге арттырды. Тауар айналымының 90%-ы қазақстандық экс­портқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі. Екі ел арасын­дағы сауда айналымы биылғы 6 айда 343,6 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде 334,5 млн-ы қа­зақстандық экспорт. Қазіргі уақытта біз экспорттық себетті әртараптандыру процесін көріп отырмыз. Есептеулері­міз бойынша, Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, ме­таллургия, жеңіл машина жасау салалары бойынша 500 млн АҚШ доллары сомасына тауар жеткізудің экспорттық әлеуетіне ие. Елдер ара­сындағы инвес­тициялық ынтымақтас­тық та дами түсуде. 2005 жылдан бері Ауғанстаннан Қазақстан экономика­сына инвестициялар ағынының жалпы көлемі шамамен 11,7 млн АҚШ дол­ларын құрады. Қазақ­стан­да жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорындардың саны сауда саласында жұмыс істейтін 52 кәсіпорынды құрайды», – деді Премьер-Министрдің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин форумда жасаған баян­дамасында.

Бұл елмен әріптестікті әртарап­тандырудағы бір мақсат – транзиттік әлеуетін пайдаланып, жаңа нарықтарға шығу. Оның көлік-логистикалық мүм­кіндіктерін тиімді пайдаланар бол­сақ, 220 миллион халқы бар Пәкістанға ең қысқа жол салуға болады. Бұл Қа­зақстанға Карачи және Гвадар теңіз порт­тарына, одан әрі Үндістанға, Пар­сы шығанағы, Таяу Шығыс елдеріне, тіпті Африкаға шығу мүмкіндігін ашады. Ол дегеніміз – қазақстандық экспорттау­шылар үшін жаңа және өте тартымды сауда нарықтары. Десе де, Ауғанстан Республикасының да біздің елді дәл осындай мақсатпен қарасты­рып отырғанын жоққа шығаруға бол­майды. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасына, Транскаспийлік бағ­дарға қосылу оларға да мол мүмкіндіктер аша түспек. Осы ретте қос тарап осы күнгі форумда тек тарифі қымбат Өз­бекстан арқылы ғана емес, игерілмей жатқан Түрікменстан арқылы да жол қатынасын түзуге уағдаласты. Бұл ретте Түркімендер 30% жеңілдік беруге ке­лісіп отыр. Енді шикізаттық емес тауар­лар экспортын ілгерілетуші бірыңғай оператор QazTrade отандық тауарларды Болашақ станциясына дейін жеткізу құнын арзандатуды қам­тамасыз етпек. 

«Біз үшін Қазақстанның бизнес өкілдері мен инвесторларды Ауғанс­танға шақыру – үлкен мәртебе. Бүгінгі кездесу соның бастауы болады деп се­немін. Сондай-ақ, бұл әріптестік одан әрі қанат жайып, Ресей Федерациясын қоса алғанда үшжақты ынтымақтас­тыққа ұласады деп ойлаймын. Екі ел ара­сында әуе дәлізін құрып, банктері­міздің өкілдік­терін ашып, визалар беретін пункттер жасақтап, іскерлік кез­десулер, көрмелер мен конферен­ция­лар өткізетін ортақ алаң жасап, жүк тасы­малының жеткізу мерзімін қыс­қартып, сауда мен транзит мәселесіндегі өзге де кедергілерді жояр болсақ, қа­рым-қатынасымыз жандана түспек. Біздің еліміздің өнеркәсіп саласы тіріліп, өндірілетін өнім түрлерінің қатары артып келеді. Әрі бауыр, әрі дос Қазақстан елінен сіздің елге экспортта­латын Ауғанстан тауар­ларына тарифтік жеңілдіктер беруді сұраймыз. Бұл біздің отандық өнімді арттыра түсуге мүм­кін­дік берер еді. Ал халқымыздың тұр­мыс­тық жағдайын жақсарту үшін сізден біздің елге импортталатын бидай мен ұнға арнайы жеңілдіктер берулеріңізді өтінеміз», – дейді Ауғанстан Респуб­ликасының Өнеркәсіп және сауда министрі Нуруддин Азизи.

Форумда сондай-ақ, өңірлік қаты­настарды, оның ішінде телекоммуни­кация саласындағы бай­ланыстарды дамытуға ықпал ететін экономикалық және интеграциялық жобаларды іске асырудың маңыздылығы да атап өтілді. Осы мақсатта биылғы сәуір айында Кабул қаласында Ауған ұлттық опера­торы «Телеком» мен «Қазақтелеком» арасында жаңа жоба талқыланған бола­тын. Бірлескен жұмыс қо­рытындысын­да екі тарап арасында келісімшарттар жасалды. Біздің операторларымыз тех­никалық мүмкіндіктерді шоғырлан­дыру және Ауғанстан арқылы басқа елдерге трафик тарату есебінен ынты­мақ­тастықты жаңа деңгейге шығармақ. Ал көліктік-логистикалық мүмкіндік­тер­ді дамытуға келер болсақ, Қазақстан қазір Ауғанстанды Пәкістан мен Үндістанға апаратын Орталық Азия­ның көлік дәлізі ретінде қарастырып отыр. Сол үшін де Ауғанстанмен тығыз байланыста жұмыс істеп тұрған Пә­кістанның ірі NLC (National Logistics Cell) логистикалық компаниясымен келіссөздер жүргізілген. Бұдан басқа, транс-ауғанстандық «Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар» темір жол көлік дә­лізін салу бас­тамасы да жоғары бағала­нып отыр. Орталық Азия елдерін Оң­түстік Азия, Таяу Шығыс елдерімен бай­­ланыстыратын бұл жобаның құры­лысына Қа­зақстан да қатысуға дайын. Бұл айтылғандар екі ел арасындағы әріптестік әлеуеттің бір парасы ғана. Одан да өзге жер қойнауын игеру, ауыл шаруашылығы саласында да мүмкін­діктер аз емес. 

Түйіндей айтқанда, Ауғанстан Орталық Азия  елдері ішінде Қазақстанмен ең көп сауда жасап отыр. Былтыр өзара тауар айна­лымы 1 млрд АҚШ долларына жеткен екен. Енді кешегі өткен форумнан кейін бұл көрсеткішті алдағы жылдары $3 млрд-қа дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Нұрлан ҚОСАЙ