Қарағанды қаласында бірнеше баланың уланып, біреуінің қайтыс бол­ғаны қоғамда қызу талқы­лануда. Бұл оқиға 30-31 шілдеде болды.
Балалар орталығындағы былық
942
оқылды

Облыстық балаларға арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсету орталығында 30 шілдеде екі бала өзін нашар сезініп, құсқан, іші өткен. 31 шілдеде осы ме­кемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жат­қызылған.

Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бір баланы құтқару мүмкін болмады. Бүгінде алты бала реани­мацияда. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында. Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келді. Ол об­лыстық Денсаулық сақтау басқармасы­ның басшылығымен және емдеуші дә­рі­герлермен жедел кеңес өткізді. Қыл­мыстық іс қозғалды және Қарағанды облы­сының арнайы прокурорлар бас­қар­масына берілді. Алты кәмелетке толмаған бала әлі де жансақтау бөліміне түсті. 

«1 тамызда қабылданған екі науқас­тың бірінің жағдайы орташа, екіншісінікі қанағаттанарлық. Екеуі де бөлімшеде, жағдайы тұрақты», – деп хабарлады Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

2 тамыз күні Қарағанды облыстық кли­никалық ауруханасының инфекция­лық бөлімшесінен арнайы қызмет көр­сету орталығынан улану белгілерімен жатқызылған екі бала шы­ғарылды. Олардың жағдайы айтарлықтай жақсарды, балалар медициналық-әлеу­меттік мекеме дәрігерінің бақылауында болады.

Айта кету керек, балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында емханалардың медицина қызмет­кер­лерінің кезекшілігі ұйымдастырылған. Орталық директорының міндетін ат­қарушы мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді. Мекемеге басқа ұйымдардың мамандары жіберілді. Орталық тәр­биеленушілерінің ауруханаға түсіп, бір баланың қайтыс болуының себептері анықталуда.

Қайтыс болған баланың ата-анасына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көңіл айтты.

– Баланың көз жұмуына әкеп соққан қайғылы оқиғаға қабырғамыз қайысуда. Қазір барлық күш-жігеріміз ауруханада жатқан балалардың денсаулығын мүм­кіндігінше тез қалпына келтіруге бағыт­талған. Дәрігерлер бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Мен бұл төтенше жағдайдың із-түзсіз өтпейтініне сендіргім келеді: кінәлілер заңның бар­лық қатаңдығымен жазаланады. Тергеу органдары барлық қажетті шараларды жүргізеді. Ал отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі,  – деді Ермағанбет Бөлекпаев.  

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысының әкімімен және ҚР ДСМ жетекші мамандар тобымен Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тоғыз тәрбиелену­ші баласы уланып түскен облыстық кли­никалық аурухананың Инфекция­лық орталығына барды. Денсаулық сақ­тау министрі Ажар Ғинияттың айтуын­ша, қайтыс болған Әділ Омаров 13 жаста екен. Баланың өліміне жүрек және ты­ныс алу жеткіліксіздігі себеп болған.

– Балалар температураның жоға­рылауына, құсуға және іштің ауырсы­нуына шағымданғандықтан, «тамақтан улану» диагнозы қойылды. Бірақ алдын ала сынақтар ішек инфекциясы жоқ деген нәтиже берді. Аурудың себебін біз әлі тапқан жоқпыз. Бүгінгі таңда алты бала реанимация бөлімінде, олардың екеуінің жағдайы өте ауыр. Қалған­дарында емделу аясында жақсару бай­қалады, олардың жағдайы қанағат­танарлық, – деп түсіндірді Ажар Ғиният.

Оның айтуынша, әлі нақты диагноз жоқ, барлық зертханалық зерттеулер әлі де жүргізіліп жатыр.

Министр елордадан 10 жетекші ма­ман келгенін атап өтті: штаттан тыс бас балалар инфекционисі Динагүл Баешева, штаттан тыс бас балалар анестезиолог-реаниматологы Нұрила Малтабарова, үш дәрігер-токсиколог және тағы бас­қалары. Олар қарағандылық мамандар­мен, соның ішінде психиатрлар мен балалар невропатологтарымен бірге жұмыс істеуде. 20-ға жуық маман кон­силиум өткізеді, балаларды тексереді және емдеуді қадағалайды. 

Министр жағдайы ауыр төрт пациент жатқан қарқынды реанимация бөлім­шесінде болды. Олардың барлығы өк­пені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппара­тына қосылған. Осы клиникада 10-15 жас аралығындағы тағы бес бала ней­робоксирленген бөлімшеге жат­қызылды, олардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде деп бағаланып отыр.

Одан әрі ведомство басшысы реа­нимация бөлімшесінде медициналық-әлеуметтік мекемеден түскен тағы екі науқас жатқан қалалық балалар ауру­ханасына барды.

Мамандардың айтуынша, анықтал­ған санитариялық-гигиеналық бұзу­шы­лықтар балалардың жекелеген тобының жіті ішек инфекцияларын (ЖІИ) ту­дыруы мүмкін емес. Па­циенттердегі клиникалық белгілер тамақтан улануға тән емес, мұнда қайта-қайта құсу, іштің жиі өтуі, кейде қан аралас іштің өтуі, сусыздану бай­қалады.

Бүгінгі таңда тергеу жүргізу үшін ар­найы комиссия құрылды, оның нәти­желері бойынша болған оқиғаның себебі жайлы ресми ақпарат беріледі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы