Атырау облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 25 ауыл жаңғыртылады. Бұл мақсатқа 9,8 миллиард теңге бөлінген.
Атыраудың ауылдары абаттанып жатыр
2,291
оқылды

Атырау облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшы­сының орынбасары Рафик Абуов мәліме­тінше, облыс бойынша жалпы 153 ауыл бар. Онда 300 мыңнан астам тұрғын тұрып жатыр. 

Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін есеп­теудің жаңа әдістемесі мен моделіне сәйкес, облыста 40 тірек, 38 спутниктік, 15 стратегия­лық елді мекен бар. Жалпы, «Ауыл – ел бе­сігі» бағдарламасына Атырау облысы бо­йын­ша даму әлеуеті бар 93 ауыл іріктеліп алынған.

– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бас­талғалы бері соңғы 4 жылда 40 ауыл жаңғыр­тылды. Мәселен, 2019–2022 жылдары 24 млрд теңгеге 41 жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық са­ла­сындағы 15 нысанды, 20 әлеуметтік ин­фра­­құрылым нысанын (білім беру, ден­саулық сақтау, спорт) және 6 көлік инфра­құрылым нысанын (ауылішілік жолдар) салуға, реконструкциялауға және жөндеуге мүмкіндік берді. Жаңа кейіпке енген әлеу­меттік нысандардың қатарында Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылындағы күрделі жөндеуден өткен спорт кешені де бар, – деді Рафик Абуов. 

Ерекше атап өтерлігі, аталмыш бағдар­лама аясында ауылдық елді мекендерде 768 жұмыс орны құрылған. 

 Қызылқоға ауданына қарасты Мұқыр ауылы – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енген ауылдардың бірі. Қазір бағдарлама аясында бұл ауылда орталық саябаққа күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатыр.

Мұқыр ауылындағы орталық саябақтың салынғанына 40 жылдан асқан. Осынша жыл ішінде талай тарихи сәтке куә болған орталық саябақ соңғы жылдары күтімсіз қалған еді. Ауылдағы жалғыз демалыс орны­ның тозып кеткені жастарға қиын соққан болатын. Биыл мемлекеттік бағдарлама не­гізінде саябақты жаңғыртуға 100 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Бүгінде саябақ күрделі жөндеуден өтуде. Тамыз айының ортасында саябақ жергілікті тұрғындар игілігіне қайта тапсырылуы тиіс.

Мердігер мекеменің жетекшісі Нұрболат Бекжановтың айтуынша, саябақта тұрғын­дарға арналған орындықтар, балалар алаңы, жалпы аумағы 2 400 шаршы метр «брусчатка» болады. Ортасы қиыршық таспен көм­керіледі. Ағаштар да егіліп жатыр.

Мұқыр – 6 елді мекенді біріктіріп отыр­ған ауылдық округ. Округке қарасты ауыл­дарды бүгінде 5 мыңға жуық тұрғын мекен­деп отыр. Мұқырға қарасты елді мекендердің барлығы қазіргі күні таза ауызсумен, табиғи газбен қамтылған. Мұқыр ауылдық округінің әкімі Азамат Жаксиевтің айтуынша, Мұқырда 160 орындық балабақша салынады. Бүгінде Кенбай ауылында ауылішілік жол құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Мұқырда 10 шақырым ауылішілік жол салынады. 

Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына ауылдық елді мекендерден бөлек, Мақат, Индер кенттері де еніп отыр. Мəселен, Мақат ауданында былтыр 2 млрд 36 млн теңгенің 6 жобасы қолға алынған болса, оның ішінде 4 жобаның құрылысы аяқталды. Биыл «Доссор кентінде 4 ойын алаңының құрылысы қолға алынады. Оған 288 млн теңге бөлініп отыр. Ал аудан ор­талығы – Мақат кентінде стадионның құрылысы жоспарлануда. 

Ауылдық елді мекендерді дамытуға арналған бағдарлама аясында Атырау облысы бойынша, 18 ауылдық елді мекенде медициналық ұйым нысандарын, соның ішінде 11 медициналық пункт, 1 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, медициналық нысанның екеуі жаңадан салынатын болса, қалғаны тозығы жеткен, ескі медициналық нысандардың орнына салынады.

Еске сала кетсек, ауылды көркейту мақсатына соңғы үш жылда республикалық қазынадан 326 млрд теңге бөлінді. Мыңнан аса елді мекенде 3 700-ге жуық әлеуметтік және инженерлік жоба іске асырылды. Бағдарлама аясында республика бойынша ауылдық елді мекендерде 33 мың жұмыс орны құрылды.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының мақсатына сәйкес, ауылдық жерлердi дамытудың кешендi тәсiлi 2025 жылға қарай ауыл тұрғындарының өмiр сүру сапасын және әл-ауқатын жақсартуға мүмкiндiк бередi. Ауыл халқы 100 пайыз таза ауызсумен қамтылып, жергiлiктi маңызға ие жолдардың 95 пайызы жақсы жағдайға көтеріледі деп жоспарлануда. Ауылдық жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiледi. Сонымен қатар 110 мың жер учаскелерi жеке тұрғын құрылысы үшiн қажеттi инфра­құ­рылыммен қамтылатын болады. Агроөнер­кәсiп саласында 845 инвестициялық жоба iске асырылып, ауылдарда 500 мың жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Болашақ үшін басты инвестиция болып табылатын бiлiм саласында 5 мың мектеп жаңғыртылады, 315 жаңа мектеп салынады деп жоспарлануда.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА