Қазақстандық бочча құрамасы 18-24 тамыз аралығында Польшада өтетін «Poznan 2023 World Boccia Challenger» халықаралық жарыстарына қатысуға дайындалуда.
Қазақстандық бочча спортшылары халықаралық жарыстарға дайындалуда
1,034
оқылды

3-18 тамыз аралығында Астанада Қазақстан құрамасының үздік дайындығын қамтамасыз ету үшін паралимпиадалық жаттығу орталығы базасында оқу-жаттығу жиындары өтеді. ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы – Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев дамудағы ерекшелігі бар жас спортшыларға қолдау білдіріп, Паралимпиада орталығындағы жаттығулардың біріне қатысты. 

Осы жиындар аясында Қазақстан бочча федерациясы Оңтүстік Кореядан халықаралық сарапшы Чоль Хён Квонды шақырған болатын. 5-10 тамыз аралығында өтетін семинарға тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар мен ұлттық құраманың жаттықтырушыларын қосқанда кемінде 30 адам қатысатын болады.

Семинардың мақсаты – жиынға қатысушылардың кәсіби дағдылары мен шеберліктерін арттыру болып отыр. Қазақстандық боччашылар халықаралық сарапшының дәрісінен өздеріне халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектесетін бағалы білім мен тәжірибе алатын болады. Бұл Қазақстанда инклюзивті спорт түрін дамытудағы маңызды қадам және мүгедек балалар мен спортшылардың толыққанды дамуына ықпал етеді.

Сонымен қатар 22-28 қазан аралығында қазақстандық боччашылар қатысатын Азиялық пара ойындары өтеді. 5 спортшы Халықаралық бочча федерациясы мен Азия паралимпиада комитеті мақұлдаған екі жақты шақыру алды. Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан бочча федерациясының бас демеушісі – Туризм мен спортты қолдау қорының қолдауының арқасында Қазақстан боччашылары осы ойындарға қатысатын болды.