Ресейден келетін биыл импорт жағдайды қиындатып тұр. Соның ішінде кейбір тауарлар бойынша жағдай тіптен қиын.
Импорт тұншықтырып барады
1,316
оқылды

Олар – дәнді дақылдар, соның ішінде арпа, кебек, зығыр, жұмыртқа, қант және өсімдік майы. Сәуір айынан бері олардың қатары артып, өзіндік құны арзан болғандықтан, қазақстандық шаруалардың тауарларына сұранысты төмендетіп отыр. Осы себепті де шаруалар дабыл қағуда.  

Бұған дейін де елімізге Ресейден келе­тін импорт үлесі аз емес еді. Тіпті, барлық импорттың тең жартысын құрайтын. Енді биыл бұл көрсеткіш одан да арта түсетін сыңайлы. Кейбір сарапшылар кезінде бұл ахуалды теріс бағалап, «ол шетелдік ин­фляцияны да импорттап отыр» деп баға берген болатын. Ішкі нарықта бағаны ырық­тандыра алмай отырған шақта, сырт­тан келген тауарлардың бағасы қым­бат болуына байланысты жағдайды одан сайын ушықтырып жіберген еді. Ал елде олардың орнын ауыстыра қоятындай им­порталмастыру жайы мүлдем сын көтер­мейтін. Енді биылғы импорт толқыны тіпті қатты соққы болып тиіп отыр. Мұ­ның себебі: геосаяси ахуалға сәйкес олар­ды өткізудің сыртқы нарығы тарылып отыр­ғанымен және теңге-рубль бағамын­дағы өзгерістерге сай ондағы тауарлардың тартымдылығы артып отырғанымен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан Ресей бұдан әрі де ТМД елдеріне тауар экспансиясын жалғастыра беретінін жоққа шығаруға болмайды. Ал бұл баға саясаты тұрғысынан келгенде ол жақтағы нарықтан да ысырып шығару жолымен біздің тауарлардың экспортына кесірін тигізуі мүмкін. Десе де, одан бұрын им­портпен күреске назар қою керек сияқты. Өйткені бізде шаруалар тұтынатын шы­ғыс материалдарының құны өсіп барады. Ал көршімізде берілетін займ көлемі біз­ден екі есе жоғары, электр энергия, жанар-жағармай, тұқым көлемі де сондай. Ауыл шаруашылығы техникалары, жем базасы, өсімдіктерді қорғау технологиясы бізден мықты. Мұның барлығы түптеп келгенде біздің бәсекеге қабілеттілігімізді тым төмендетіп жібереді. Оның үстіне, ол жақта базалық ставка 7,5% болса, бізде 16,75%. Агросаланы субсидиялаудың ЖІӨ-ге шаққандағы орташа үлесі бізде 4,7% болса, Ресейде 6,3%. Тағы бір мысал, К-700 тракторының орташа бағасы бізде 90 миллион, оларда теңгемен алғанда 80 миллион. Жиі қолданылатын аммиак селитрасының орташа бағасы Қазақ­станда 184 мың, көршімізде 135 мың теңге. Қалай болғанда да, жағдай мәз емес. Естеріңізде болса, мұндай жағдай бізде бұған дейін де болған болатын. 2015 жылдары осындай ахуал туындағанда солтүстік облыстарда көптеген ет өңдеу комбинаты, сүт зауыттары жаппай жабылған болатын. Бұл жолы ондай жағ­дайға жеткізбеу үшін мемлекеттік дең­гейде нақты да батыл шаралар қабылдауы қажет.

«Кез келген мемлекетте әлемдік баға­лар құлдыраған кезде ел Үкіметі импортты шектеу үшін шаралар қабылдайды. Ішкі бағаны бидай өндірушілер үшін қолайлы дәрежеде ұстап тұрады. Біздің  қазір бастан кешіп отырғанымыз дәл сондай жағдай. Ресей бидайы арзан бағамен ағылып заңсыз кіріп жатыр. Ал бізде отандық өндірушілерді қорғау шаралары жоқ. Заңсыздығы өз алдына, кіріп жатқан бидайдың сапа және қауіпсіздік талап­тарына сәйкестігі тексеріліп жатқан жоқ. Бұл ертең халықтың денсаулығына әсер етуі мүмкін. Біз қанша жерден дабыл кө­терсек де, тексеруші органдар тарапынан жедел қадағалау жасалмай отыр. Соңғы уақытта Мемлекеттік кірістер комитеті бас көтергендей болды, бірақ бұл жет­кіліксіз. АШМ инспекциясы тарапынан әрекет жоқ. Біз қарсы шараларды екіге бөліп қарастыруды ұсынамыз. Олар – жедел ден қою және жүйелі түрде ден қою. Мәселен, жедел түрде 10 қазаннан бастап автокөлікпен жұмсақ бидайды әкелуге тыйым салу керек. Мұндай ты­йым 10 желтоқсанға дейін бар, оны мүм­кіндік болса одан әрі созу керек. 1 қыр­күйектен бастап бидай мен күнбағыс да­­­қыл­дарына автокөлікпен әкеліге тыйым салу керек. Өйткені олар бізге солтүстік облыстардан кіреді де, по­йызбен оңтүс­тікке жеткізіліп, одан әрі экспортқа жө­нелтіледі. Егер біз импортты жапқымыз келсе, онда осы заңсыз әкелі­ніп жатқан би­дайдың эспортын да жабуы­мыз керек», – дейді «Қазақстанның Астық одағы» ЗТБ төрағасы Нұрлан Оспанов.

Сүтке қатысты да жағдай осындай. Еліміздің сүт зауыттары биыл көктемнен бері қазақстандық өндірушілердің тауарларын алуды қойған. Бұл, әсіресе пастерленген сүтке байланысты. Десе де, АШМ өкілдері шаруалардың шаруасын маңдытпай тұрған бұл ахуалдан сон­шалықты проблема көріп тұрмағанын айтады.

«Көршілерден көп көлемде тауар­лардың келіп жатқаны рас. Оған объективті себептер де бар. Бұл бағытта біздер түрлі шара қабылдап жат­қанымыз екібастан. Бидайды әкелуге тыйым салған сияқты басқа өнімдерге де тыйым салу керек деген пікірлер бар. Бірақ ол үшін сүбелі себеп керек. Мә­селен, бидай тасымалында кеден алы­мын төлеуден қашу, транзиттік тариф­тердің орнына жергілікті тарифтерді қолдану, біз арқылы өткізгендіктен, оларға ҚҚС қайтарып беру деректері кездесті. Міне, осы жағдайлар тыйым салуға себеп болды. Ал қазір импортпен келіп жат­қандар біздің халықаралық келісім аясында жүзеге асып жатыр. Сондықтан да нақты заңбұзушылықтар болса, шара қолдануға болады», – дейді АШМ Агроөнім нарығы және ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеу депар­таментінің өкілі Шаймерден Ахметов.

Қалай болғанда да, агробизнес өкіл­дері мемлекеттің мұндай ұстанымын құптап отырған жоқ. Сол себепті де олар отандық экономикаға зиянын тигізетін мұндай келісімдерден бас тарту керектігін немесе қайта қарауды ұсынады. Бұл енді Президент деңгейінде шешілетін мәселе. Сол себепті де шаруалар барлық инстан­цияға жүгініп, соңына дейін бармақ ниетте. Өйткені бұлай жалғаса берсе, инфляция ушығып қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнуі әбден мүмкін.

Н.ҚОСАЙ

Фото: baq.kz