Тамыз айының басы талапкерлер мен ата-аналар үшін алаң мен үмітті қатар кешетін уақыт. Себебі әр түлек үшін ұзақ жылғы білімінің таразыға түсетін кезі осы.
Ұйықтап кетсем түсімде грантты көрем...
1,472
оқылды

Күні кеше Ғы­лым және жоғары білім министр­лігінің ресми сайтында және әлеу­меттік желілерінде 2023-2024 оқу жылына арналған білім гранты ие­гер­­­лерінің тізімі жарияланды. Әлеу­меттік желі арқылы ұл-қыздарының білім гран­тын жеңіп алғанын айтып, сүйін­ші сұрағандарда есеп жоқ. Әрине, әр ата-ана үшін баласының қалаған оқу орнына түсуі, тегін білім алуы қуа­нышты жаңалық. Осы ретте біз биылғы оқу жылындағы білім гран­­тына қатысты мәліметтерді жүйе­леуге тырыстық. 

Биыл мемлекеттен 88 мың білім гранты бөлінген. Тағайындау конкурсына қатысуға 94 мың талапкер құжат тапсырды. Бұл өткен былтырғымен салыстырғанда, 14 мыңға артық. Гранттардың басым бөлігі инже­нерлік, өңдеу және құрылыс салалары ма­мандарын дайындауға арналған. Былтыр 80 мыңнан астам талапкер грант конкур­сына құжат өткізсе, оның әр төртіншісі, яғни, 22 мыңы педагогикалық мамандыққа тапсырған. Ол кезде техникалық маман­дықтар екінші орында болған. Үшінші орында ІТ сала, төртінші орында медицина болыпты. Атап айтсақ, былтыр еліміздегі білім беру гранттарының бөлінісіне қарасақ, 17 028 грант инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бағытталған. ІТ саласына – 7 487, жаратылыстану ғы­лымдарына – 4 088, ауыл шаруашылығы ғылымдарына 1 895 орын бөлінген. Ал биылғы байқау қорытындысына сәйкес, ең жоғары сұраныс «Стоматология» ма­мандығына болып отыр. Бұл мамандық бойынша осы жылы бір орынға 22 талапкер таласты. Әрі қарай «Халықаралық қаты­настар және дипломатия» – 14 адам. Құқық – 11 адам. «Музыка», «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» және «Психология» 10 адамнан іріктеуге түскен. Үміткерлердің арасында 20 мыңға жуығы – «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және респуб­ликалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оқу озаттары бар. Сондай-ақ грант­тарды үлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ес­керілген.

Атап өтсек, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халық тығыз қоныстанған және жаңадан құрылған өңірлердің жас­тары үшін гранттар бөлінді. Педагогикалық, ин­женерлік, IT мамандықтарға және жа­ра­тылыстану ғылымдары бойынша Аты­­рау облысына – 1 500, Маңғыстау облы­­сы­на – 1 500, Ұлытау облысына – 300, Жетісу облысына – 300, Абай облысына – 500, Шымкент қаласына – 400, Түркістан облысына 500 грант берілген. 

Грантқа ілікпегендер қайтпек?

Биыл елімізде 162 мың талапкер ҰБТ тапсырып, шекті балды түлектердің 78% жинаса, орташа бал 69-ға жеткен. Сондай-ақ Білім және жоғарғы білім министрлігінің ресми ақпараты бойынша, елімізде ҰБТ-дағы ең жоғарғы балл – 137. Биыл 88 204 студент мемлекет қаражатынан тегін және шәкіртақы алып оқымақ. Бұл – білім алам деген жастар үшін өте үлкен мүмкіндік. Мемлекеттік білім грантының 4 пайызы, яғни 3 528-і шетелдік қандастарға бөлінген. Сонымен қатар ЖОО тарапынан берілетін жеке, әкімдік және өзге де гранттар бар. Ал грант ала алмағандар үшін әлі де мүмкіндік көп. Жергілікті бюджеттен бөлінетін әкімдік гранттары, Қазақстан халқына қоры гранттары және гранттан бас тар­татындардың орны бар. Тіпті болмағанда ақылы түсіп, жақсы оқу арқылы семестр соңдарында ашық қалған гранттарға өтуге болады.

Экс-министр, қазіргі Мәжіліс де­путаты Асхат Аймағамбетов грант жең­гендер тізіміне іліге алмай қалған түлектерді мойымауға шақырып, олардың әлі де тегін оқуға мүмкіндігі бар екенін жеткізді. 

«Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үлестіріледі. Яғни, грант алған талапкерлерден кейін тұрған та­лапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады. Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар. Төртіншіден, кейбір талапкер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады. Бесіншіден, тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жо­ғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады. Алтыншыдан, gap year алып бір жыл дайындалып, қай­тадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім. Жетіншіден, колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, біраздан кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады. Көріп отыр­ғандарыңыздай, мүмкіндік өте көп. Бәрі әлі алда. Толық мәлімет алу үшін универ­ситеттердің қабылдау комиссиясына жо­лығу керек», – деп жазды Асхат Аймағам­бетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры неше грант бөлді?

Осы ретте Асхат Аймағамбетов айтқан «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры биылғы оқу жылына қанша грант бөлгенін анықтауға тырыстық. Қор сайтына кір­генімізде қоғамдық қор 2023-2024 оқу жылында «Қазақстан халқына» ҚҚ Білім беру гранттары» қайырымдылық бағдар­ламасы аясында бакалавриат бағдарла­малары бойынша талапкерлерге жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу ұйымдарында күндізгі оқуға 850 білім беру грантын бөлгені туралы ақпаратты оқыдық. Бұл гранттарға үміткерлер арасында ауыл­дық жерлердегі, шағын және моноқала­лардағы аз қамтылған отбасылар, жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Сонымен қатар биылғы қор бөлген гранттардың бір ерекшелігі 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматтарының ба­лалары мен Қаңтар оқиғасы кезінде жара­ланған балаларға да грант қарастырылған. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматтарының балалары да бұл гранттарға өтінім бере алады.

 «Қазақстан халқына» қорының мә­ліметінше, білім беру грантының ие­герлеріне оқу жылына 1 миллион теңгеге дейін оқу ақысы төленеді және бүкіл оқу мерзімі ішінде 40 000 теңге мөлшерінде ай сайынғы шәкіртақы төленеді. Шәкіртақы жазғы демалыс кезеңін қоспағанда, 10 ай ішінде төленеді. Бағдарламаға қатысудың шекті жасы толық 29 жасты құрайды.

«Білім беру гранты бір рет ұсынылатын атаулы грант болып табылады, екінші жоғары білім алуға білім беру грантын алуға жол берілмейді. Білім беру гранты өз қалауы бойынша және үлгерімінің төмен болуына байланысты оқудан шығарылған жағдайларда, сондай-ақ студент оқудың екінші жылына қалдырылған және білім беру гранты иеленушісінің бағдарлама қатысушы екендігін растайтын күмәнді ақпарат немесе дәйексіз құжаттар ұсы­нылған жағдайда тоқтатылады», – деп жазылды қор ұсынған мәліметте.

Грант санының көптігі бәсекелестікті азайта ма?

Жалпы деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда грант саны 50%-дан астам артқаны жазылған: 2019 жылы – 51 023, 2020 жылы – 51 056, 2021 жылы – 56 561, өткен жылы 73 мың грант бөлінген. Осыған қатысты журналист Ерболат Мұхаммеджан грант санын көбейтумен білім сапасы жоғары­ламайтынын, керісінше төмендейтінін айтты. Ол бұл туралы Instagram парақша­сында жазды. «94 мың оқушы грантқа тапсырды. Ал бөлінген грант саны – 73 мың. 1 грантқа 1,5 мектеп түлегі талас­қан. Бәсеке мүлдем жоқ» деген ол бірінші­ден, грант санын азайтып, ал артылған сомаға гранттың құнын өсіру керегін айтады. Себебі жыл сайын гранттың санын өсір­геннен білімнің сапасы жоғарыламай­ды. Керісінше, ертең мықты университеттер грантқа түсудің шекті балын өсіреді, нә­тижесінде ұлттық және мемлекеттік уни­вер­ситеттердегі білім сапасы одан сайын нашарлап, жағдайы қиындай түседі. «Екіншіден, министрлік ғалымдарды ті­келей қаржыландыруды қолға алу керек. Себебі гранттық қаржыландыру арқылы керісінше коррупциялық қатер бар. Сонымен қатар ол өз нәтижесін бермейді. Егер университеттегі мықты ғалымдарды тікелей қаржыландырса, жауапкершілікті арттыруға болар еді», – дейді ол. 

Журналист айтқандай, грант саны ра­сымен көп пе, бәсекелестік аз ба? Осы сұрақ төңірегінде облыстардағы ахуалды анықтау үшін Facebook-тегі ресми па­рақшаларын іздестіргенде кейбір мектеп­тегі оқушылардың түгелге жуығы грант ұтып алғаны белгілі болды. Мәселен, Ақ­таудағы физика-математиканы тереңдетіп оқытатын 11-лицейдің биылғы түлектері­нің дені мемлекеттік грант иегері атанған. Онда 11 «А» сыныбында оқыған 23 оқу­шының барлығы жоғары білімді тегін алатын болғаны айтылған. 

«Бір сыныпты бітірген 23 оқушының біреуі Түркия еліне, біреуі Италияның ЖОО-на грантқа түсті және екеуі Чехияға тіл курсын тегін оқуға жолдама алды. Осы түлектерден өзге 19 оқушымыз мемлекеттік білім грантының конкурсына қатысты. Барлығы да грант жеңіп алды», – дейді сынып жетекшісі Ұлхия Максимова. Ал келесі сыныпты бітірген 19 оқушының 16-ы мемлекеттік грант иегері атанған. Былтыр осы Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданында бір мектеп түлек­терінің 99% мемлекеттік грантқа ие болған еді. Яғни, Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектебінің 70 түлегі мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысып, нәтижесінде оның 69-ы грант иегері атанған. Ал ҰБТ-ға қатысқан осы аудандағы Қызылтөбе лицейінің 51 тү­легінің 91 пайызы мемлекеттік грант иегері атанған болатын. 

Сондай-ақ осы жылы Атыраудағы Зияткер мамандандырылған мектеп-лицей интернатының алғашқы мектеп бітіруші 32 түлегі мемлекеттік грант конкурсына қатысып, нәтежесінде 28 түлек грант иегері атанған. 

Грант санының өсуіне орай Жоғары оқу орындары қауымдастығының прези­денті Рахман Алшановтың пікірін сұраған болатынбыз. Оның айтуынша, алдағы уа­қытта демография ахуалына байланысты мектеп бітірушілердің саны едәуір өсетін түрі бар. Бұған қарасақ, бәрі дұрыс секілді. Шынымен, соңғы жылдары гранттың өсу карқыны жоғары. Оның салдарынан бә­секе төмендеді. Ертең жұмыс нарығында жоғары білімді маман талап ететін жұмыс орын­дарының талабына сай сұранысы сәйкес болмауы мүмкін деген де болжам бар. 

«Мұнда әлеуметтік саясат пен еңбек саясатының арасында кейбір қиындықтар туындауы мүмкін. Соңғы 20 жыл бойы елімізде жаңа экономика құрамыз деп әлек болып жүрміз ғой. Осыған байланысты техника, технология мамандықтарына гранттарды үйіп-төгіп беріп жатыр. Деген­мен соған сай жаңа жұмыс орындары ойда­ғы­дай ашылып жатқан жоқ», – дейді ол. Сонымен қатар Рахман Алшанұлы дамыған елдің тәжірибесі бойынша гранттар тек бакалавриатқа ғана емес, магистратура мен докторантураға да көбірек бөлінгені орынды болар еді дейді. 

«Бүгінде жатақхана тапшылығы күрделі мәселе болып отыр. Егер бюджетте грант­тың біраз бөлігін жатақханалар салуға жұмсаса, онда бүгінгі кейбір мәселелер оңды шешілер ме еді. Бүгінде министрлік, Үкімет, Парламентте бұл мәселеден ха­бар­дар. Көп мәселені өзіміз қиындатып жі­бер­ген сияқтымыз. Енді жан-жақты ойла­нып, оң шешімдерге келуіміз керек», – дейді қауымдастық президенті.

Ал өлкетанушы, тарих пәні мұғалімі Өмірбек Шыныбекұлы «алдымен еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыру керек», – дейді. 

«Жалпы мемлекеттік грант деген біз бен сіздің қалтамыздағы салықтан бө­лінетін қаражат. Демек, грантты бөлетін кезде ал­ды­мен еліміздің еңбек нарығы жіті зерттелуі керек. Яғни, қандай маман­дықтарға зәру, тек сол мамандықтарға көптеп бөлу қажет. Мысалы, осыдан он шақты жыл бұрын Шым­кент қаласында қазақ тілі және тарих пәнінің мұғалімдері алдағы бес жылға жететіндей көп болды. Соған қарамастан біздің оңтүстік өңірдегі оқу орындары әлгі мамандықтарға грантты бөліп отырды. Ал ол мамандықты бітірген мамандар жұмыс сұранысы болмаған соң не істейді? Не шо­пыр, не күзетші болады. Ал негізі оңтүстік өңір қарапайым элек­трик, сантехник ма­ман­дарына зәру екен. Ал биылғы гранттарға қарасақ, банк, кеден ісі, халықаралық қа­тынастар секілді ма­мандықтарға бәсеке өте жоғары. Кейбір техникалық мамандықтарға тү­лектер тіпті құжат тапсырмаған. Кей­бірінде 0,2 па­йызды көрсетіп тұр. Осы жерде Үкі­мет ой­лануы керек. Ағартушылық жол­мен тү­лектерді техникалық мамандықтарға тар­ту қажет. Өз кезегінде сол мамандықтарға сұраныс тудыратын өндіріс орындарын көптеп ашқан жөн. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Ғылым және білім министрлігі секілді құзырлы мекемелердің бірігіп атқаратын жұмысы бұл. Ол үшін бүгіннен бастап қам жасау керек», – дейді ол. Сонымен қатар ол солтүстіктегі көрші­міз­дің сапалы мамандарымызды алып кетіп жатқаны туралы айтып, мәселе көтерді.

«Осыдан он шақты жыл бұрын қаңтар айында Шымкент қаласының қақ ор­тасындағы ең үлкен мектептеріміздің бірінде Ресей жоғары оқу орындарының орталығы ашылды. Біздің түлектерімізді ешқандай үгіт-насихатсыз, ешқандай емтихансыз жай әңгімелесу арқылы көрші мемлекеттің іргелі оқу орындарына алып кететін. Кеткен түлектеріміздің қаншасы қай­та оралады, нешеуі сонда қалады бел­гісіз болатын. Сол кезде осы мәселе төңірегінде жиі айтып жүрдім. Себебі құрсақтан бастап еліміздің қамқорында болып келген балалар, нағыз елге қызмет ететін азамат уақытында шетелге кетіп, сол жақтың сойылын соғып кетпесіне кім кепіл?! Сол орталықты әйтеуір жаптыр­дық. Қазіргі жағдай қандай екенін біл­меймін, бірақ Ресейде гранттар көптеп бөлінетіні, оған біздің түлектер кетіп жатқаны жасы­рын емес», – дейді Өмірбек Шыныбекұлы. 

Грант санының жыл сайын артып келе жатқаны рас. Дегенмен жоғары оқу орын­дарының оқу ақысы да жыл сайын көтері­ліп келе жатқанын ескеру керек. Жыл сайын қарқын алып келе жатқан демогра­фиялық ахуал тағы бар. Қазіргі экономи­каның қиын кезеңінде баласын ақылы оқуға түсіру кез келген ата-анаға ауыр сал­мақ болары сөзсіз. Осы ретте «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін» нақ­ты, жүйелі шешімдер керек болып тұрғаны жасырын емес.

Наурызбек САРША

© коллаж: Елдар ҚАБА