Интернет сапасына көбіне ауыл тұрғындары қанағаттанбай отыр.
​​Әрбір үшінші қазақстандықтың интернет сапасына көңілі толмайды
909
оқылды
Елдегі интернет пайдаланушылар үлесі жыл санап өсіп келеді. Data Reportal сайтының 2023 ж. басындағы деректеріне сәйкес, елімізде 17,73 млн  интернет пайдаланушы тіркелген. Ол дегеніміз жалпы халықтың 90,9%, ал 2022 ж. басында бұл көрсеткіш 85,9% құрады, яғни 16,41 млн  пайдаланушы болды.

Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері ел тұрғындарының соңғы жылдары интернет сапасына деген наразылығы өсіп жатқанын көрсетеді.

Қоғамдық саясат институтының маусым айында жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың 35,4% интернеттің сапасына, ал 29,7% телефон және мобильді байланыс сапасына көңілдері толмайды. 2021 жылдың қараша айында бұл көрсеткіштер сәйкесінше 24,1% және 21,3% болған.

Интернет сапасына көбіне ауыл тұрғындары қанағаттанбай отыр – 40,6% (қалалықтар арасында – 32,1%). ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жыл басындағы есебіне сәйкес, қазіргі таңда елдегі ауылдардың 22,7% жуығы мобильді интернетсіз отыр.

Интернет сапасына көңілдері толмайтын өңірлердің көшін Алматы, Жамбыл, Ақмола, ШҚО және Ақтөбе облыстары бастап тұр. Ал интернеттің қолжетімсіздігіне Шымкент қаласы, Абай, Қостанай, ШҚО, Маңғыстау облыстарының тұрғындары көбірек шағымданған.

Speedtest Global Index-тің осы жылдың маусым айындағы рейтингі бойынша, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша бір жыл ішінде 14-орынға көтеріліп, 140 елдің ішінен 68-орынға тұрақтады (орташа жүктеу жылдамдығы 34,07 мбит/с.). Посткеңестік елдерден бізден жоғары тұрғандар тек Латвия (36-орын) мен Әзербайжан (59). Ал кабельді кеңжолақты интернет бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 94-орында (орташа жүктеу жылдамдығы 44,94 мбит/с.). Бізден жоғары елдер – Молдова (34-орын), Ресей (56), Латвия (62), Эстония (65), Украина (68), Моңғолия (73), Қырғызстан (84), Өзбекстан (85).

Британдық cabel.co.uk сайты әлем елдеріндегі мобильді интернет бағасын салыстыру арқылы жыл сайын Worldwide mobile data pricing атты рейтинг жариялайды. 2022 жылғы деректер бойынша, елімізде 1 Гб мобильді интернеттің құны 177,22 теңгені  құрады, бұл 233 елдің ішінде 16-орын, бізден бір саты жоғары тұрған Өзбекстанда – 177,21 теңге (15-орын). Салыстырмалы түрде Ресейде 1 ГБ үшін 229,91 теңге (30-орын), Молдовада 124,53 теңге (8), Қырғызстанда 81,42 теңге (6).

Қазақстандағы мобильді операторлардың ең арзан тарифтерінің бағасын саралайтын болсақ, адам басына шаққанда орташа құны айына 3 208 теңгені құрайды, немесе ең төменгі жалақының 4,5% (ең төменгі жалақы 70 000 тг.). Ал кабельді интернеттің орташа құны айына 4 813 теңге. Осылайша, үш адамнан тұратын отбасы үшін интернетке кететін шығын айына кем дегенде 14 500 теңге, төрт мүшесі бар отбасы үшін – 18 000 теңге, ал үлкен отбасылар үшін одан да көп болады.
Фото: pokatim.ru