10 тамыз күні Алматы қа­ласы музейлер бірлестігі Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Абай Құнанбайұлының дүниеге келген күніне орай «Қазақтың бас ақыны – Абай» атты та­ным­дық дәріс өтті.
Музейде өткен мазмұнды кеш
1,133
оқылды

Шараға зиялы қауым, өнерпаздар және Алма­ты қаласы музейлер бірлестігіне қарасты музейлерден келген қызметкерлер қатысты. Шара басталғанға дейін келушілерге музей-үй жәдігерлері таныс­тырылды. Таныстыруды Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің экскурсоводы Манатжан Аширов жүргізді.  

Сағат 11.00-де «Қазақтың бас ақыны – Абай» атты танымдық дәріс басталды. Ұлттың ұлы ұстазының үйінде ұлы тұлғаның туған күніне орай өткелі жатқан шараның шы­мылдығын Алматы қаласы музейлер бірлестігінің өкілі Тарыбаев Қайрат Сағынғалиұлы ашып берді.

Шараны музей-үйінің бөлім меңгерушісі, ақын Әділет Ахметұлы жүргізді. Абай атындағы республи­калық мамандандырылған дарынды балаларға арналған орта мектеп-ин­тернатының түлегі, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың 2-курс докто­ранты, өнерпаз Абзал Жаңабай Шәкәрімнің «Бұл ән басқа әннен өзгерек» атты әнін орындап мерейлі сәттің сал­танатын асырды. Ахмет Байтұр­сынұлы музей-үйінің жетекшісі, ах­меттанушы ғалым Райхан Сахы­бек­қызы «Абай және Ахмет ара­сындағы үндестік» атты танымдық дәріс оқыды. Дәрісте Р.Сахыбекқызы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары шығарған «Қазақ» газеті көтерген жүктің маңызы мен ұлт тағдырының ісіне келгенде арыс­тар­дың жұдырықтай жұмыла білгенін, «Қазақтың бас ақыны – Абай» атты тұрақты тіркеске айналған ұлы сөзге Абай даналығы мен парасатын тең сыйдырған Ахметтің сұңғылалығын тілге тиек етті.

Белгілі күйші, Алтай, Іле, Тар­ба­ғатай күйшілік мектебінің өкілі, Қазақстан күйшілер одағының мү­шесі Сарқытбай Қалиұлы күйшілік мектептің бірнешеуін қамтып күйлер орындап берді. Профессор, музей-үйдің ғылыми қызметкері Светлана Смағұлова хакім Абайдың қайраткер­лік қырын таныстырып өтті. Сөз тізгінін ұстаған Ә. Ахметұлы өзінің хакім Абай рухына арнап жазған «Жалғыз» атты өлеңін оқып берді. Ұлт ұстазы тағылым мектебін көруге келген Жетісай қаласы Б.Момышұлы атындағы мектептің оқушылары, ағайынды Ахылбек Ислам мен Ахылбек Назым Абай өлеңдерін жатқа оқып, көпшілікті сүйіндірді. 

Іс-шараның аса құнды жәдігері – Абайдың домбырасын Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық ас­паптар музейі көпшілік көзайымына айналдырып, бұл домбыраның тарихын аталған музейдің ғылыми қызметкері Раушан Айболқызы та­ныстырды. Ал Ахмет домбырасының табылу тарихын Райхан Сахыбекқызы түсіндіріп өтті. 

Жиын соңында өнерпаздарға Алматы қаласы музейлер бірлестігі дайындаған алғысхат және кітаптар ұсынылды. 

Нұрлан ОКТЯБР,

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қызметкері