Дүниежүзілік банк 2050 жылы Қазақстанның әлемдегі судан әбден тарыққан елдердің қатарына кіруі мүмкін екенін жариялады.
Кәусардан тарыққан елге айналамыз ба?
1,622
оқылды

Мұны Су ресурстары комитетінің мамандары растап отыр. Оған жол бермеудің қамын қазірден жасаған жөн. Әйтпесе, мысалы, Жамбыл облысында қалыптасқан ахуалды Экология министрлігі аса ауыр деп бағалап отыр. Себебі өңірге Қырғызстаннан су беру доғарылған. Ұқсас жағдай өзге өңірлерде байқалады.

Дүниежүзілік банк бол­жа­мын­ша, 8 жылдан соң Қазақстанда қажетті судың 15%-ы жетпейтін бо­ла­ды. 2040 жылға қарай елде суға де­­­ген сұраныс 50% артады, нәти­же­сін­де ғасыр ортасында қазақ елі су тап­шылығының шегіне жеткен ел­дер­дің санатына ауысуы ықтимал. 

Бұл негізі, тым алыс перспектива емес, небары 26 жылдай ғана уақыт қал­ды. Проблеманы шешу жолында пәр­менді шаралар қабылданбаса, қа­зіргі өмір сүріп жатқан қазақ­стан­дықтардың көбісі сол зұлмат заманды бас­тан өткеруі мүмкін.

Халықаралық қаржы инс­титуты­ның сарапшылары соған соқтыратын кесірдің бірі сумен қамту және жылу беру жүйесінде белең алып жатқанын ескертті. Бұл жүйелердің құбырының жар­тысына жуығы әбден тозған: тот ба­сып, шіріген, шұрық тесік құбыр­лар­дан су тұтынушыға дейін жетпей, жо­лай ысырап болады. 

Су құбырлары желілерінің жал­­пы ұзындығы – рес­пуб­ли­­­­када шамамен 98 мың шақырым­дай. Бұл – әлемдегі ең ұзын желілер­дің бірі. 2022 жыл қорытындысында ел бойынша оның орташа тозуы 43%-ды құрады. Кейбір өңірлерде жет­піс пайызға дейін жетеді. Сал­да­рынан, ауызсудың 40%-ына дейінгісі босқа рәсуа болады. 

Сарапшылар бұл ысырапты тоқ­тату үшін Қазақстанның сумен жаб­дық­тау желілерінің кем дегенде 41,9 мың шақырымын дәл қазір күрделі жөн­деу немесе мүлдем ауыстыру ке­рек деп отыр. Бұл көлем тек өсе бере­ді. Күрделі жағдай Алматыда, Шығыс Қа­зақстан, Ақмола, Ұлы­тау, Абай және Қарағанды облыс­тарын­да қалыптас­қан. 

Қоғамдық саясат институты жүр­гіз­ген әлеуметтік зерттеу қорытын­ды­лары көрсеткендей, қазірдің өзін­де қазақстандықтардың 27,2%, яғни үштен бір бөлігіне жуығының ауызсу са­пасына көңілі толмайды. Нара­зы­лар­дың басым көпшілігі – Қарағанды (62,9%), Маңғыстау (50,5%) және Ақ­мола (56,4%) облыстарының тұр­ғын­дары. Ал орталықтандырылған ауыз­сумен жабдықтаудың жоқтығына ша­ғым көп түскен өңірлердің тізімін Абай, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бастады. 

«AMANAT» партиясының қоғам­дық қабылдауларына 2022 жылы су­мен жабдықтау проблемаларын кө­теріп, 2 мыңнан астам адам жүгін­ген. Ұлттық экономика министр­лігі­нің Табиғи монополияларды реттеу ко­митетіне былтыр ауызсудың сапа­сыз­дығына қатысты шамамен 900 арыз түскен. Яғни, суға қатысты проб­лемалар тау басынан құлаған жентек қар­дай өсіп барады. 

Ел коммуналдық салада қор­далан­­ған проблемалардың астында қал­­мауы үшін Үкімет «Тарифті ин­вес­­тицияларға айырбастау» бағ­дар­ламасын қолға алып, шетін қадамға барды: биылдан бастап, коммуналдық қызметтердің тарифтері 30%-ға дейін күрт көтерілді. Бұл қымбаттау тұрақ­ты түрде, жыл сайын жалғастады. Мем­лекет тек осал санаттағы отба­сы­­­ларға ғана қолдау көрсетіп, ком­му­налдық төлемдерін бюджеттен өтей­ді. Басқа қазақстандықтардың от­басылық бюджетінің шығындары арта бермек.

Үкіметтің сендіруінше, жаңа та­риф­тік саясат жыл сайын халықтан ар­тық жиналған кем дегенде 400 мил­лиард теңгені инженерлік желі­лер­ді жаңартуға бағыттауға мүмкіндік береді. Әрине, егер «бармақ басты, көз қысты» жолмен тағы талан-тараж етіл­месе. Өйткені бұрынғы билік те «Та­рифті инвестицияларға айыр­бас­тау» бағдарламасын іске асырған. Со­ның барысында халықтан 1 трил­лион теңге жинап алды. Алайда желілер тек тоза берді.

Қазақтың дариялары таусылып жатыр

Онсыз да аз су ресурстарының елі­мізде орынсыз шашыла­ты­нын Экология және табиғи ре­сурс­­тар министрлігінің Су ресурс­тары комитеті растады. Өткен отыз жылдықта республикада су үнемдеуге қа­тысты қаншама бағдарлама жүзеге асы­рылды, қыруар қаржы шығын бол­ды. Қайтарымы жоқтың қасы. Эко­номика салалары мен халықтың қа­ж­еттіліктеріне су шығындау көлемі 2020 жылы – 24,6 км3, 2021 жылы – 24,5 км3, 2022 жыл қорытындысында – 24,9 текше шақырымды құрады. Яғни тек өсіп барады. 

Ведомство суды қажеттіден ар­тық шығындайтындарды ата­ды, бұлар – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және коммуналдық-тұр­мыстық сектор. Нақтылағанда, ауыл шаруашылығы салалары 2022 жылы – 14,2 текше шақырым су алған, оның 2,7 текше шақырымын ысырап еткен. Өнеркәсіп кәсіпорындары был­тыр 5,9 текше шақырым су алған, оның 0,2 текше шақырымын босқа төк­ті. Коммуналдық-тұрмыстық сек­тор 1,3 текше шақырым су жұмсады, оның 0,2 текше шақырымы жол-жө­некей шіріген құбырлардан төгіліп, жер­ге сіңді, буға айналды. Басқалары 3,5 текше шақырым су тұтынып, оның 0,3 текше шақырымын рәсуала­ған. 

Осылайша, бір жыл ішінде Қа­зақстан өзен-көлдерден 24,9 текше ша­қырым су алып, оның 3,4 текше ша­қырымын текке құртты. 

Салдарынан, Қазақстан жыл сайын тұтас бір су шаруашы­лығы бассейнін ысырап етеді деген сөз. Мысалы, су ресурстарының осы айтылған 3,4 текше шақырым өнімсіз шығындары тіпті, Жайық (Қазақстан ау­мағындағы су көлемі 3,13 текше шақырым), Есіл (2,68), Сырдария (2,16), Тобыл-Торғай (1,68), Шу-Талас (0,94), Нұра-Сарысу (0,87 тек­ше шақырым) су шаруашылығы бас­­­­сейнінің суынан да көп. 

Егер зая кететін су көлемі едә­уір қысқартылса, осы өзендердің ең құрыса біреуінің кәусарына тең кө­лем­де су ресурстары үнемделер еді. 

Су ресурстары комитеті маман­дары­ның айтуынша, Қазақстанның су ресурстары басқа мемлекеттермен са­лыстырғанда аз. Жан басына шақ­қандағы тұщы судың көлемі бойынша Қа­зақстан әлем елдерінің тізімінің соң­ғы жағынан орын алады. Салыс­тыр­сақ, жан басына шаққанда су ре­сурстарының жалпы көлемі Қазақ­стан­да небары – 6 миллион текше метр ғана. Ал халқы бірнеше есе көп Ресейде – 31,4, Бразилияда – 41,1, Ка­нада – 83,2 миллион текше метрден келеді.

Мұның сыртында көршілер су беру көлемін жыл өткен сайын ке­мі­туде.

«Гидрографиялық қағидат бойын­ша Қазақстан аумағы 8 су шаруа­шы­лығы бассейніне бөлінген: Арал-Сыр­дария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Шу-Талас. Елдің су ресурстарының негізгі орташа жыл­дық көлемі 102,3 текше шақы­рым. Оның басым көпшілігі, 50,4 па­­йызыҚазақстаннан тыс жерлерден, Қы­тай, Өзбекстан, Ресей және Қыр­ғыз­станнан, трансшекаралық өзен­дер арқылы келеді. Бұл ретте 1895-1960 жылдар кезеңімен салыстыр­ған­да Қазақстан аумағына жететін өзен ағысы 12,5 текше шақырымға азайды. Өзен­дер ағынының қысқаруы Бал­қаш-Алакөл және Тобыл-Торғай бас­сейндерінен басқа барлық бас­сейн­де тіркелуде», – деді комитет ма­ман­дары.

Талас тартылып қала ма?

Экология және табиғи ресурс­тар вице-министрі Ғалидулла Азидуллин қалыптасқан күрделі ахуал­ға байланысты Жамбыл облы­сы­на барды. Атап айтқанда, Қырғыз рес­публикасы бізге жіберетін су кө­ле­мін тоқтатты. Салдарынан, 2023 жыл­­дың 9 тамызындағы жағдай бойын­ша Талас өзенінің бассейні бойын­ша Киров су қоймасының кө­лемі 32,48 млн текше метрге дейін таяз­данды. Сөйтіп, бір жыл бұрын­ғы­мен салыстырғанда алапат көлем­ге, 144,8 миллион текше метрге азайып кеткен. Бұл су қоймасында был­тыр 177,28 млн текше метр су бол­ған еді. Осынша құлдырау апатқа тең.

– Талас өзенінде былтырғы жыл­дың тамызындағы кестелік көрсеткіш бойынша Қазақстанның қажеттілігі секундына 45 текше метр. Іс жүзінде келгені – 0. Яғни, көрші су бермеді. Қа­­­зіргі уақытта «Жамбыл ГРЭС» АҚ жұмысын тоқтатпау үшін су қойма­сы­нан кемінде 5 м3/сек су беру тура­лы Қырғызстанның Талас СШББ қыз­­метімен арада келіссөздер жүр­гі­зілуде. Сондай-ақ Талас өзенінің ар­на­сына экологиялық тазарту қа­рас­­тырылып отыр, – деп хабарлады Эко­­­­логия және табиғи ресурстар ми­нистрлігі.

Сондай-ақ Талас өзенінің арна­сы­на судың түсуін ұлғайту мақсатын­да «Қазсушар» РМК филиалы мем­ле­кеттік шекара бойында коллектор­лық-дренаждық желілерді тазартпақ. Бұл Талас өзеніне судың түсуін се­кун­дына 5-тен 8 м3-ге дейін арттыру­ға мүмкіндік береді. 

Бұл Таласты құтқара ма? Маман­дар бас шайқайды. Бүгінде Талас су тора­бындағы су көлемі коллекторлық сулармен толтырылғанның өзінде 7,26 текше метрден аса алмайды. Ал Қа­зақстанның қажеттілігі секундына 45 текше метр. Және бұл қалыпты ре­жимдегісі. Ал Қазақстанда қуаң­шы­лық құбылыстары өрістеуде, сал­дарынан су да қалыптағыдан көбірек қа­жет етіледі. 

Қазіргі кезде тұтас Талас ауданы суа­рудан толығымен ажыратылды, ол солай қала береді. Суармалы су­дың тапшылығын Байзақ, Талас жә­не Жамбыл аудандары сезінді. Киров су қоймасынан судың жеткіліксіз жетуіне байланысты шамамен 4 мың гектар пияз бен қант қызылшасы ал­­­қаптарына қауіп төніп тұр. Су тап­шылығына байланысты Қордай ау­данының Сарыбұлақ, Бетқайнар, Қақпатас және Степное ауылдық ок­ругтері суарудан ажыратылды.

Тығырықтан шығарар жол қайсы?

Сумен қамтамасыз ету бойын­ша қа­лыптасқан ауыр жағ­дай­ды ескеріп және аталған аудандарда әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін Пре­мьер-Министр Әлихан Смайылов­тың тапсырмасымен ведомствоара­лық комиссия құрылған-тын. Ко­мис­сия 18-20 шілде аралығында Қор­дай, Байзақ және Талас аудан­дарының егіс алқаптарын тексерген. Тек­серіс қырғыз елі тарапынан суар­малы суды беруді азайту салдарынан, егістіктердің күйіп кетіп жатқанын көрсетті. Жұмыс тобы трансшекара­лық көздерден суармалы судың жет­кіліксіз берілуінен зардап шеккен шаруа­шылықтарға өтемақы төлеу туралы ұсыныстар енгізілетін болды.

– Су ресурстарының тапшылығы бар­ған сайын артуда. Осыған орай біз жыл­да ылғал сүйгіш дақылдарды егу­ді қысқартуды, ылғал үнемдейтін тех­нологияларға көшуді, ауыспалы егістерді, суару режимдерін және бас­қа да мелиорациялық шараларды сақ­тауды ұсына отырып, бұл мәселені кө­тереміз, – деп уәде етті өңір өкіл­дерімен кездесуде вице-министр Ға­лидулла Азидуллин.

Су үнемдеу үшін қандай шаралар қ­а­былданады? Біріншіден, ауыл шаруа­шылығы салаларының суды тұтыну көлемінің шектен тыс өсуіне байланысты енді егістік алқаптарына жаппай тексеріс жүргізілетін болады. 

Екіншіден, қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК Жамбыл фи­лиалы пилоттық жоба бастап, «Қа­зақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ымен бірлесіп, келесі вегетациялық ке­зеңде қолданыстағы егістік алқап­тарына су берудің қажетті көлемін есеп­теу үшін егістіктің нақты кар­та­сын анықтау жұмыстарын жүргізіп жа­тыр.

Үшіншіден, бұрын Қытай, Ресей, Орталық Азиядан келетін өзендер тол­тырған арналардың біразы тар­тылып қалды. Олардың орнын же­рас­ты суымен ауыстыру қарас­тыры­лады.  

Шаруашылық және ауызсу мақ­сатына жарамды 201 кен орны бар­лан­ды. Тарата айтсақ, оның ішінде 50 кен орнының барланған су қоры – тәу­лігіне 50-100 мың м3. 55 кен ор­ны­ның қоры – 100-500 мың м3. Не­бары 10 кен орнының қоры 500 мың – 1 миллион м3. Сонда бар-жо­ғы 8 кен орны ғана ірі саналады және қоры тәулігіне 1 миллион текше метр­ден асады. 

Төртіншіден, ғалымдардың ай­тын­ша, су ресурстарымен жеткіліксіз қам­тамасыз етілген өңірлерді ша­руашылық – ауызсумен жабдықтау же­расты суларының ресурстарын қай­та бөлетін топтық су құбырларын салу арқылы жүзеге асырыла алады. Мы­салы, Көкжиде, Айшуақ және Сол­түстік Айшуақ кен орындары есе­бінен Атырау және Маңғыстау об­лыстарының едәуір аумағының кәу­сарға деген сұранысын өтеуге бо­лады. Батыс Қазақстан облысында су­мен жабдықтау мәселелерін шешу үшін Тоқпай, Январцев және Көшім жерасты суларының кен орындарын пайдалануға тартуға болады.

Бірақ ең бастысы, әрбір қазақ­стан­дық суды барлық жерде үнемдеу­ге, оның әрбір тамшысын тек орны­мен, ұтымды жұмсауға үйренуге тиіс. Мы­салы, көшедегі колонканың тұт­қасын басып тұруды қиынсынып, ты­ғын тығатын тәжірибе бар. Алайда кей­бір адам шелегі суға толған соң ты­ғынды алып тастауға ерініп, суды сар­қырата ағызып кете береді. 

Қалаларда бүгінде көлік жуу биз­не­сі кең өріс алды, алайда олардың кө­бі суды орталықтандырылған ауыз­­су жүйесінен алады. Бұл да ысы­рап. Дамыған елдер тек техникалық суды, сондай-ақ жаңбыр суын қол­да­на­ды. Бумен жуу технологиялары да­муда. Қазақстанда алып өнеркәсіп кә­сіпорындары да суды босқа шы­ғын­даудан аулақтамады. Қазақстан шөл далаға айналмауы үшін осындай көп­теген кесір істен арылу қажет бо­лады.

Айхан ШӘРІП