Отандық ғалымдар әлемде баламасы жоқ, жаңа 10 жеңіл ұшақ жасап шығарды. «Арай» деп аталатын әуе кемесі бірнеше салада қолдануға арналған. «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар техника бірқатар шет мемлекеттің назарына іліккен. Қазір бірнешеуі Ресей мен Африкада қалықтап жүрсе, алдағы уақытта Еуропа мен Вьетнам, Якутия елдеріне экспортталмақ, – деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақ ғалымдары әлемде баламасы жоқ ұшақ жасап шығарды
9,487
оқылды

ТМД елдерінде баламасы жоқ бірегей ұшақ Алматыда жасалған. Биіктігі 4 метр, ұзындығы 7 метрден асады, 4 орындығы бар. Тұтас металдан құрастырылған әуе техникасы «Арайды» қазақстандық өндіруші шетелдік компаниямен бірлесе шығарған. Оның тек қозғалтқышы Канададан жеткізілген, қалған бөлігі елімізде жасалған. Арнайы ұшу-қону алаңын қажет етпейді. Ал әуеге көтерілуіне небәрі 70 метр қашықтық, қонуына 100 метрлік жазық болса жеткілікті.  

– Алғашқы үшеуін 2011 жылы жасадық. Осы уақытқа дейін шығарған 10 ұшақ ауыл шаруашылығына арналған еді. Өйткені сол жылдары осы салада авиациялық химиялық қорғау мәселесі өткір болған. Кейін шет мемлекеттерден сұраныс көбейіп, екеуін Ресейге экспорттадық. Ал артымда тұрған ұшақ жақында Литваға жіберіледі. Бұл дегеніміз біздің өнім ЕО елдерінің нарығына шықты деген сөз, – деді ұшақ жасайтын компанияның директоры Дәурен Уәлиев.

Ұшақты шығарған компания директоры жеңіл әуе кемесі барлық сыннан сүрінбей өткенін айтады. Зауыт әзірге жеке тапсырыстар бойынша ғана жұмыс істейді. Қазір сұраныс Вьетнам, Якутия елдерінен де түсіпті. Әуе кемесін жергілікті фермерлер егістік алқаптарында қолдануда. Ал кәсіпкер алдағы уақытта бұл ұшақтар еліміздің қорғаныс саласында да пайдаланылуы мүмкін дейді.

Атының өзінен қазақтың иісі аңқыған «Арай» жеңіл ұшағы мемлекеттік шекараларды күзетуге, броконьерлермен күреске, қазба байлық мен жануарлар әлемін әуеден барлауға, ең бастысы, орманды алқаптар мен жазық даланы өрттен қорғау іс-шараларына арналған. Салмағы 500 келіден асатын әуе кемесі сағатына бар-жоғы 35 литр жанар-жағармай жұмсайды.

Отандық мамандар құрастырған ұшақты тамашалауға ғалымдар, техникалық жоғары оқу орындарының басшылығы мен еліміздің қорғаныс күштерінің қызметкерлері келді. Байсерке әуежайында өткен таныстырылымда арнайы көрме де ұйымдастырылды. Онда жас ғалымдардың туындысы көпшілік назарына тарту етілді. Бұл жұмыстың барлығы мемлекет тарапынан қолдауға ие болған.

– ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы олардың жұмысын өндіріске енгізу мәселесінде жұмыс жасайтын боламыз, – деді ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының департамент директоры Руслан Нұрлыбаев.

– Білім, ғылым және өндірістің 3 тұғыры бар. Соларды біріктіру, яғни білім ала отырып, ғылыми жұмыс жасау, оны өндіріске енгізу керек. Өткен жылы «Қаңтар оқиғасы» кезінде ұшқышсыз ұшу аппарат арқылы қаланың қай жерінде кімдер жүргенін көріп, нәтижесін айтып отырдық, – деді Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры Ержан Көлдеев.

Бөлшектері алыстан тасымалданбай-ақ, өзімізде жиналатын ұшақтың құны – 100 миллион теңге. Құрастырушылар «басқа мемлекеттердің жеңіл әуе кемесімен салыстырғанда, айтарлықтай арзан» дейді. 

Мың шақырымды еңсеріп, 4,5 мың биіктікке көтерілетін ұшақты әрмен қарай да жетілдіру көзделіп отыр.