Құрылысқа қытайлық China Railway Asia-Europe Construction Investment компаниясы тартылды.
Астанадағы LRT құрылысы қашан аяқталады?
1,728
оқылды

2024 жылдың соңына дейін эстакада бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары, соның ішінде рельсті монтаждау, электрлендіру жұмыстары мен 8 станция құрылысы аяқталып, тестілік пайдалану жұмыстары басталады. Осылайша, 1-іске қосу кешені жолаушыларды тасымалдау үшін пайдалануға беріледі.

LRT жобасының жалпы құны 1 млрд 888 млн долларды құрайды. Іске қосуды жеделдету мақсатында жоба 2 іске қосу кешеніне бөлінген. 1-іске қосу кешенінің құны – 1 млрд 152,5 млн доллар, 2-іске қосу кешені – 735,5 млн доллар. Құрылысқа қытайлық China Railway Asia-Europe Construction Investment компаниясы тартылды.  

1-іске қосу кешені бойынша: 8 станция болады (101 - әуежай, 105 – Қабанбай батыр айналма жолы, 107 – Мега орталығы, 109 – Ботаникалық бақ, 111 – Сығанаққа бұрылу, 112 – Әбу Даби Плаза, 114 – Музей, 118 – Вокзал), сондай-ақ 5 бірлік жылжымалы құрамды сатып алып, желіге қосу көзделген.

Жылжымалы құрам ретінде ҚХР-да 100 жылдан астам тарихы бар «CRRC Tangshan Co., Ltd» өндіруші зауыттың «TRITON» моделі қарастырылған. Қуаты – 115 KW және максималды сыйымдылығы – 652 адам, максималды жылдамдығы – 80 км/сағ.

Құрамдар толығымен автоматтандырылған және пилотсыз, яғни операторсыз қашықтан басқару арқылы жүреді. Қазіргі қолданыстағы ұқсас бағыт бойынша жолаушылар ағынын талдау нәтижесінде, LRT-ның жолаушылар легі тәулігіне 25 мың адам болады деп күтіліп отыр.  

Сонымен қатар, станцияға жетуді тиімді ету мақсатында Қабанбай батыр даңғылы бойынша 10 жерасты жаяу жүргіншілер өткелі және Сығанақ пен Қалдаяқов көшелерінде 7 жер үсті өткелі салынады.

2023 жылы эстакада мен станцияның темірбетон конструкцияларын орнату жұмыстары жүргізіледі. Осы ретте Тәуелсіздік даңғылы мен Шәмші Қалдаяқов көшесінің қиылысында тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Жұмыс биылғы жылдың 30 қарашасына дейін жалғасады. Осындай жұмыстар Сауран, Ақмешіт, Түркістан көшелерінің қиылысында да жүргізілмек.

LRT жобасы мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлуді, сондай-ақ сыртқы қарыз және облигациялық қаражаттарды тарту арқылы қаржыландырылады.