Инвесторлар кәсіпорын ашуға ниетті
Инвесторлар кәсіпорын ашуға ниетті
303
оқылды
Түркиялық Femas Metal Sanayi ve Ticaret A.S. компаниясы Қарасай ауданының аумағында газ және электр плиталарын шығаратын жаңа кәсіп­орын ашуға құлшыныс танытып отыр.  Жұма күні Алматы қаласына ар­найы барған облыс әкімі  Амандық Баталов облыстық әкімдіктің осын­дағы өкілдігінде  түркиялық инвесторлармен кездесіп, осы мәселе төңіре­гін­де кеңесті. Femas Metal Sanayi ve Tica­ret A.S. компаниясының бас ди­­ректоры Юсуп Үген­нің ай­туына қарағанда, ком­па­ния­ға тиесілі өндірістік ны­сан­­дардың алтауы Қайсері, тағы біреуі Стамбұлда орна­лас­қан. Кәсіпорындарда 1700-дей адам жұмыс істейді екен. Тү­ркиядағы газ және элек­тр­­лі тұрмыстық техника шы­­ға­­­­ру­да көшбасшылар сана­ты­н­­­дағы, 40 жылдан астам та­­­рихы бар компанияның өнім­­дері 6 құрлықтың 130 елін­­­де пайдаланылады. Бүгін­де өнім­дерімен алыс-жа­қын шетелдерге де кеңінен таныл­ған кәсіпорын алдағы кез­де Қа­зақстанда да осындай өн­ді­ріс орнын ашып, өнім­де­рін қазақстандықтарға ұсы­­нуды көздеп отырған көрі­не­ді. Егер ойға алғандары орын­дал­са, қа­зақстандық тұты­ну­шы­лар­дың сұранысын қана­ғат­тан­ды­рып қана қоймай, Қыр­ғыз Республикасы, Өзбек­­стан сияқ­ты елдерге өнім­де­рін эк­спорт­тамақ. Облыс басшысы қазіргі кез­де өңірде бірқатар түрік ин­­­весторы табысты жұмыс іс­теп жатқанын айта келе, жаңа жобаға да қолдау көрсетілетінін білдірді.
– Өздеріңіз білетіндей, елі­­мізде «Қара­пайым заттар эко­но­микасы» бағдар­ла­ма­сына аса мән беріліп отыр. Об­лыс­­­та елді мекендерді таби­ғи газ­бен қамтамасыз ету қар­­қын­ды жүріп жатыр. Өңір­ді газ­дандыруда биыл көр­сет­кішті 50%-ға жеткіземіз. Көгіл­дір отынды әрбір үйге жеткізгенде, сіздер шығаратын газ плиталарға сұраныс та ба­рын­ша артады. Сондықтан Қа­зақстанда, соның ішінде Ал­маты облысында осындай кә­­­сіпорын ашу туралы қадамға біз әр­қашан қолдау көрсетеміз, – деді А.Баталов.
Қарасайда салынатын газ және электр плиталары зауыты жобасының құны 2 млрд теңге деп жоспарланған. Биыл күзде іске қосылады деп белгіленген кәсіпорында шамамен 500-дей жұмыс орны болады.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы