Қазақстан толығымен жобалық бас­қаруға көшетін болды. Мемле­кеттік басқару жүйесін жобалық басқару заң жүзінде бекітіледі. Осы­ған орай Цифрлық даму министрлігі тиісті тұжырымдаманы және заң жобасын әзірлеп жатыр.
Жобалық басқару опа таптыра ма?
604
оқылды

Ведомство мамандары осының арқасында ну ормандай бытысқан бюрократия, бұқара мен бизнестің алдынан алты қабат арқан болып керілген түрлі ке­дергі, деректер базаларын жайлаған қайшылықтар және басқа да кедер­гілер тарих қойнауына кетеді деп айтады. Бұған әзірге сену қиын. Се­бе­бі елімізде қаптатып құрылған жо­балық кеңселер көп нәтиже әкел­меді. Онда жаңа жүйе не бермек? 

Негізі, жобалық басқару дамыған ел­дердің озық үлгісі, тиімді тәсілі саналады. Оны жарға жығып отырған – қырсыз шенеуніктер. 

Қазақстан билігін жобалық басқаруға толық ауыстыру аясында таяуда, 2023 жылғы 10 шілдеде Президент Астана мем­лекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ас­тана хабы мемлекеттік басқару жүйесін дамыту мәселелері бойынша сараптама­лық тұр­ғыда маңызды қолдау көрсетуі керек екенін еске салды. Оның айтуынша, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту, билік өкілеттіктерін орталық­сыздандыру және мемлекеттік органдар қызметіне жобалық әдісті белсенді енгізу арқылы әкімшілік реформаны тиімді жүзеге асыру маңызды.

Әлихан Байменовтың пікірінше, жо­балық басқару – менеджменттегі тиім­ділікті арттыруға ықпал ететін бірегей тәсілдердің бірі. Оның елімізде енгізудегі бастапқы қадамдар сонау 2010-шы жыл­дары басталыпты. Ол кезде ел басшылы­ғына экономикалық реформалар мәселе­лері жөнінде ақыл-кеңес берген Тони Блэр Қазақстанда жобалық басқаруды енгізуді ілгерілетті. Өйткені Ұлыбритания бұл са­ладағы әлемдегі лидерлердің бірі. 2013 жылы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында тиісті пән енгізілді. Кадрлар даярлана бастады. Бертінде мемлекеттік бағдарламаларды жойып, орнына ұлттық жобалар қабылдау идеясы ұсынылды. 

Ә.Байменов жобалық басқару – ха­лықтың қаржысын ысырап етпей, тиімді әрі орнымен жұмсауға, жемқорлықты төмендетуге оң ықпалын тигізеді дейді. Әйтпесе, ескі тәсілде мысалы, мемлекет қол­дауымен кәсіпорын тұрғызылады. Алай­да ол іске қосылған соң ғана оған шикізат жеткізу жағы ойластырылмағаны, оны қуаттандыратын энергия көзінің тапшы екені, өнімін өткізетін нарықтардың жоғы анықталады, басқа да нюанстары ескерілмеген болып шығады. Яғни, дамы­ған елдердегідей жобалық басқару қағи­даттары ескерусіз қалады. Ақыры ондай кәсіпорын не толық қуатына шыға ал­майды, не жабылып тынады. 

Индустриалдық-инновациялық даму, ауызсу және басқа бағдарламаларда осын­дай олқылықтар мен жөнсіздіктер бай­қалды. Әкімдіктерде де, министрліктерде де жобалық басқаруды білетін, оның әдіс­терін меңгерген маман аз. Ал Америкада жобалық басқаруды меңгеру – бірқатар мемлекеттік лауазымда кандидаттарға қойылатын басты біліктілік талаптарының бірі саналады.

Сарапшылардың түсіндіруінше, жоба­лық басқарудың басты ерекшелігі сол, оның аясында әрбір бастама, әрбір тап­сырма жеке жоба ретінде қаралады. Оның басты мақсат-міндеттері, түпкі көрсет­кіштері бекітіледі, оны орындау үшін қа­жетті команда жасақталады. Оның бас­шысы нәтижеге жетуге басымен жауап беруге тиіс. Өйткені жауапты адам болмаса, іс те оңбайды. Мықты команда болмаса, іс ілгері жылжымайды. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жо­балық басқарудың бейресми «басты ор­ганы» (ол заңмен бекітілмеген) деп санауға болатын Цифрлық үкімет кеңсесін (ЦҮК) Президентке сонау 2021 жылы таныстырды. Сонда ведомство жаңа тәсіл бюрократияны, түрлі күрмеулі кедергіні, деректер базала­рын былықтырған қайшылықтарды жоя­тынына сендірген. 

Бұл ретте ЦҮК құрамында Жағдаяттық орталық, Ұлттық сараптамалық орталық, Цифрлық трансформация орталығы және ұлттық жобалау кеңселері құрылды. Оған барлық ақпараттық база қолжетімді және ол бүкіл өңірлермен етене жұмыс істеп, жобаларға қатысты барлық жағдайды назарда ұстайды.

Аудиторлар неге қабағын түйді?

Цифрлық даму министрі Бағдат Му­синнің айтуынша, сынақ ретінде қолға алынған бұл бастама тиімділігін көрсетті. Өңірлерден орталыққа түсетін қаншама күдікті есеп пен дәлелсіз дерек әшкере­ле­ніпті. Мәселен, пандемия кезінде корона­вирусқа, вакциналауға қатысты кейбір ірі кәсіпорындар мен әкімдіктердің есебі жалған болып шыққан. Олардың көрсет­кіштері түрлі базадағы мәліметтермен салыстырылып, сараптама жасалғанда, сандар өзара сәйкес келмей, «басқа ақиқат» анықталды.

Бұл кеңсе біраз жөнсіздікті ретке келтіріп, процестерді автоматтандыруға үлес қосқан. Мысалы, бұған дейін жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін 11 қадам жасап, 88 күн күту керек болса, жаңа үдеріс енгізілгелі бұған 3 қадам жасап, бірнеше күнде қол жеткізуге болады.

Алайда бұдан мемлекеттік басқару бәрібір жетіліп, кемеліне келе қоймады. Неге? 

Жоғары аудиторлық палата жобалық басқарудың алдын ала нәтижелерін жоғары бағалап отырған жоқ. 2022 жыл қорытын­ды­сында елде тиімсіз пайдаланылған бюд­жет қаражатының сомасы 421,2 миллиард теңгені құрады. Салыстырсақ, ол енгізіл­генге дейін, 2018 жылы тиімсіз жұмсалған қаржы көлемі 137,8 млрд теңге болыпты. 

Жобалық басқару аясында Мемлекет басшысы 2021 жылғы 7 қазандағы Жар­лығымен он ұлттық жобаның тізбесін бе­кітті. Ал бүгінде Үкімет ол ұлттық жобалар­ды бірінен соң бірін жоюға қойып жатыр. Олардағы жүзеге аспаған, әлі орындалмаған жобалар қолданыстағы тұжырымдамаларға, басқа да құжаттарға қосылып, интегра­цияланады. 

Жоғары аудиторлық палатаның мәлі­метінше, 2022 жылы 10 ұлттық жоба іске асырылды. Құпиясы көп «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын есепке алмағанда, оның тоғызын орындауға 8,1 триллион теңге бағытталған. Оларды жоюға қоймас бұрын не нәтиже әкеліп, қандай қайырымы бол­ғанын жете пысықтау керек еді. 

Себебі ұлттық жобалардың көбіне бұ­рын жоспарланғаннан да көп шығын шы­ғарылған. Мемлекеттік органдардың ақ­паратына сәйкес, 2022 жыл қорытын­ды­сында ұлттық жобалар жоспарлы қажет­ті­ліктен орта есеппен 106%-ға асыра қаржы­ландырылды: «Салауатты ұлт» – 120,6%, «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» – 117,4%. «Кәсіпкерлікті дамыту» – 111%, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық нарық» – 102,9%, «Білімді ұлт» – 101,8%. Бүгінде жойылып жатқан «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында бөлінген қаражаттың 98,1%-ы, «Күшті өңірлер – елдің даму драйвері» – 96,3%, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» – 99,7%, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының қаржысы­ның 80%-ы игеріліп қойған. 

Содан былтыр қазақ мәдениеті бүкіл әлемге танылды ма? Ел рухани жаңғырды ма? Қазақстанның имиджі асқақтады ма? Қазақстандықтардың тұрмысы жақсарып, шетінен байыды ма? Қазақстан жасыл елге айналды ма? Экология күрт тазарды ма? Сұрақ көп, жауап жоқ. 

Шығындалған сегіз триллион теңгенің сайда саны, құмда ізі қалмады. Ол үшін жобалық басқарушылардың ішінде бірде-бір адам жауап бермеді. 

Жоғары аудиторлық палата жүргізген талдау көрсеткендей, он ұлттық жобаның 7-уінің тиімділік деңгейі төмен деп таныл­ды және оларда бекітілген жалпыұлттық мақсаттарға сол бойы қол жеткізбеу қаупі бар. 

Неге өзгермеді, енді не өзгермек?

2023 жылғы жағдай бойынша мемле­кеттік басқару жүйесіне жобалық басқару­ды енгізудің қорытындысында, 3 жыл ішінде орталық мемлекеттік және жер­гілікті атқарушы органдарда 44 жобалық кеңсе (ЖК) құрылып, жұмыс істеп тұр. Ба­сым көпшілігі орталық аппарат құрамы­на кіреді. Ведомстволық бағынысты ұйымдардың базасында 12 ЖК ашылған. 

Бұл ретте ведомстволық бағынысты ұйымдардағы кеңселер қаржыландыруда қиындыққа ұшырапты. 

Ұлттық жобалық кеңсенің ақпараты бойынша, жобалық кеңселер толық көлемде кадрмен қамтылмаған: білікті мамандар түгілі қатардағы қызметкерлердің тапшылығы «өткір тұр». Жергілікті және орталықтағы ескіше ойлап, жұмысын бұрынғыша сайлап үйренген біраз бастық пен басқа шенді жобалық басқарудың мәнін түсінбейді, қажет санамайды. 

«Жобалық басқарудың үлгілік ұйымдық құрылымына сәйкес, әрбір мемлекеттік органның жобалық кеңсесінің құрамына: жобалау кеңсесінің басшысы, бас менед­жері, әкімшісі кіруге тиіс. Бұдан бөлек, әрбір базалық бағыт бойынша: базалық бағытты іске асыру тобының басшысы, топ менеджері, топ әкімшісі болуы шарт. Мұның сыртында, үлгілік базалық бағыт бо­йынша: үлгілік бағытты іске асыру тобы­ның басшысы, топ менеджері мен әкімшісі жұмыс істеуі керек. Осылайша, әрбір орталық меморганда жобалық кеңсенің құ­рамына кемінде 18 адам (3+5*3), әкім­дікте 21 адам (3+6*3) болуға міндетті», – деп түсіндірді Цифрлық даму министр­лігінің сарапшылары.

Іс жүзінде бірқатарында мұның жартысы да жоқ көрінеді. 

Министрлік алдағы бетбұрыс аясында ең алдымен осы кадрлық мәселе шешілсе, іс әлдеқайда оңалады деп отыр: «Осы кемшіліктер мен проблемалардың себеп-салдарлық байланыстарына талдау жүргі­зілді. Егер мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық басқарудың ұлттық жүйесі нақты, практикалық түрде енгізілсе, бұл осы се­беп­терді жоюға, сонымен қатар бүкіл мем­лекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен өнімділігін күрт арттыруға мүмкіндік береді».

Яғни, бюрократтар жобаларды ғана емес, сондай-ақ жобалық басқарудың өзін деградацияға ұшыратыпты. 

Шенеуніктер жобалық кеңсенің ұсы­нымдарына ары қарай да жүрдім-бардым қарамауы үшін Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодекске, Бюджет кодексіне, «Мем­лекеттік қызмет туралы» заңына және бас­қаларына түзетулер енгізу ұсы­нылып отыр. Оның аясында мемлекеттік қызмет­шілердің дербес жауапкершілігі айқындал­мақ. Билік органдары жұмысты жоспарлау және іске асыру кезінде жо­балық басқаруды пайдалануға мін­дет­теледі. 

Жобалау персоналын басқару жүйесі құрылады. Мемлекеттік органдарға өз қыз­меткерлерін «матрицалық құрылымдарға» – жобаларда жұмыс істеуге жолдауға, ал меморгандардың жобалау кеңселеріне өз мамандарын – Ұлттық жобалау кеңсесінде жұмыс істеуге жіберуге мүмкіндік береді. Жо­балық басқаруды қаржыландыру мәсе­лесі шешіледі. 

Жалпы, Мемлекеттік басқару ака­демиясы арнайы оқыту курстарын әзірледі. Сертификатталған жаттықтырушы-кеңес­шілер тобы дайындалды. Оқыту және сер­ти­фикаттау 4 деңгейді қамтиды: жоба жетек­шісі, бағдарлама жетекшісі, порт­фолио жетекшісі, жаттықтырушы-кеңес­ші. 2022 жылы орталық және жергілікті меморгандардың 632 мемлекеттік қыз­мет­шісі оқытылды. Оның 473-і «Жобаларды басқаруды» сертификаттау емтиханынан сәтті өтті.

Жобалық басқару туралы сауат ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен мемле­кеттік органдардың қызметкерлеріне ар­нап оқыту семинарлары өткізіледі. Мә­селен, 2022 жылы семинарға 800 мемле­кеттік қызметші қатысыпты.

Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жобалық басқаруға толық көшіру 2025 жылға жоспарлануда. Яғни, бұл істе де билік шабандық танытуда. Ары қарай не болатыны белгісіз. Бәлкім, сонда жаңа Үкімет жаңа бір ермекті табар? Егер билік бұл іске шын ниетімен кіріссе, онда рес­публикамыз дамыған елдерге біртабан жақындай түсуі мүмкін.

Елдос СЕНБАЙ