Қазақ хореграфия­сы­ның тарихы тереңде жатыр. Осы би өнерін терминологиялық, ұлттық құндылық жағынан зерделеп жүргендер көп емес. Сол санаулылардың қа­тарында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, өнер­тану ғылымдарының кан­дидаты, профессор Тойған Ізім бар.
Жастардың биге деген талғамы жоғары – Тойған Ізім
1,349
оқылды

Тойған апайдың би саласы жайлы айтары көп. Біздің кейіпкерімізге қойған алғашқы сауалымыз балет өнеріне қатысты болды. 

– Көпжылдық тәжірибеңіз ретінде ерте жастан баланы ба­летке баулуда ата-ана да, биші де нені ескеруі керек деп ойлайсыз?

– Біріншіден, баланы кәсіби оқытушыға көрсетуі керек. Себебі көрінген балаға табиғи физиологиялық жағынан биге қабілет берілмеген болса, қиын болады. Сондықтан көп жағдайда ата-аналар қызығып, баланы бере береді. Ал балет дегеніміз – көп еңбекті талап ететін өнер. Оны кез келген бала көтере алмауы мүмкін. Келесі баланы жастайынан беруге тырысады. Сол себептен физилогиялық жаттығуларды көтере алмайтын балалар да болады. Ең негізгі ата-аналарға ескеретін дүние, баланы биге апармас бұрын оның бо­йында табиғаттан балетке деген қабілеті бар ма? Осыны анықтап алған дұрыс. Яғни, дененің иіл­гіштігі, пропорциясы, қанша­лық­ты секіре алатыны да ес­керіледі. Балет әртісінің басы үлкен болмауы, бетінің жалпақ болмауы секілді талаптарға сай болуы керек.

– Көптеген балет қойылы­мынан ұлттық болмыстың наси­хатталуын сирек көреміз. Қазақ балетінде тағы да қандай мәсе­лелер бар?

– Абай атындағы Қазақ ұлт­тық академиялық опера және балет театрында 1970 жылдары әжептәуір жақсы көтеріліп, біраз ұлттық «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», Олжас Сүлейменовтің «Қыш кітабы» бойынша, «Ақсақ құлан», «Әлия», «Мәңгілік алау» секілді ұлттық нақыштағы балет­тер дүниеге келген болатын. Өзіміздің композиторлардың дайындауында. Дегенмен сол біраз уақыт насихатталмай қой­ғаны рас. Ал Астана балет театры осы бағыт бойынша тыңғылықты іс атқарып жүр. Бишілеріміздің мүмкіндігі бар, орындау техни­ка­лары мықты. Бұл театрда «Сұлтан Бейбарыс», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Жусан», «Әлем» деген әртүрлі бағытта балет көрсетіліп отырды. Яғни, ұлттық балет өне­рін қолдана отырып, таза клас­сикалық, қазіргі заманауи ба­летпен үйлестіріп жүр. Осы орайда біздің композиторлар балет жазуға аса құлықты емес. Ал бізге ең алдымен балет қоймас бұрын композитордың музыкасы керек. 

– Сіздің жетекшілігіңізбен ашылған ғылыми зертхананың биді зерттеудегі ерекшелігі неде? Қандай зерттеу жасап, қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?

– Зертхананың ең бірінші алдына қойған міндеті – қазақ биінің қимыл терминологиясын қалпына келтіру. Үш жыл бойы мамандармен бірге отырып талқылап, ешқандай жаңадан дүние қоспай жасалған дүние. Бұрынғы биші апа-ағалары­мыз­дың оқу-әдістемелерін негізге ала отырып зерттедік. Ол жұмыс­ты бітіргеннен кейін рес­публика бойынша семинар жасалып, барлық аймақтағы биші оқыту­шылармен әр бидің қимылын талқыладық. Би қи­мылдарымен қоса, оның атауларын да ой­ластық. Осының бәрі де соңында кітап болып басылып шықты. Бүгінгі қазақ биін зерттеп жүрген ғалымдардың ой-пікірлерін де басып шығардық. Көптеген оқы­тушының өз еңбегін жариялауға мүмкіндігі болмай жатады. Сол тұрғыда олардың да еңбектерімен 2022 жылдың аяғында моногро­фия басылып шықты. Оның дайындалып, жарыққа шығуына мұрындық болған біздің зертхана жұмыстары. Қазір бишілерді дайындайтын оқу орындары бар. Осы орайда «Қазақ биін ұстану­дағы сабақ қалай дайындалады?» деген тақырыпта республикалық семинар өтті. Бұл бағыт бойынша бізде зертханада жұмыстар жал­ғаса береді. Бізде би саласындағы зерттеушілердің еңбектері жи­нақ­таулы. Зертханамызда жастар тарихқа үңілсін деген мақсатпен биші апа-ағаларымыздың өмі­рінен көрмелер ұйымдасты­рып отырамыз. 

– Сіз осыдан 1 жыл бұрынғы бір сұхбатыңызда би сабақтарына сағат жетіспейді дедіңіз. Бұл мәселе қазір шешілді ме?

– Иә, бұл өтірік емес. Орта білімді биден дайындайтын оқу орындарында осындай мәселе бар. Көптеген оқытушыда сағат жетіспейді. Бұл мәселені айтып келе жатқанымызға біраз болды, қашан шешілетінін бір Құдай білсін. Ташкенттегі хореграфия училищесінде 6 күн бойы өзбек биі оқытылады екен. Бізде қазақ биі 2 күн ғана жүреді. Сосын қазақ би мұрасын зерттеу деген пәннің ауқымы үлкен ғой. Оған да бір ғана семестр уақыт берген. Бұл мәселені шешуде біз табанды еңбек етіп келеміз. Ары қарай басшыларға тікелей байланысты. Жылда оқу бағдарламасы дайын­далады, сол кезде кім факультетті басқарып отыр? Көп жағдайда солардың біліміне қатысты болады.

– Қазір бидің сарынына қан­шалықты көңіліңіз толады? Жеке би­шілердің өзін ашуына не жетіс­пейді?

– Жеке бишілердің өзін ашуы­на көңіл жетіспейді. Жылы алақан жетіспейді. Яғни, қолдау керек. Әйтпесе, мықты жеке би­шілерді шығаруға болады. Олардың дайындығы бізден өте көп жоғары деңгейде. Қазіргі би­дің сарынына көңілім толады. Себебі уақыт бір орында тұрған жоқ қой. Заман талабы да өз­гереді. Соған байланысты жас­тар­дың би қойылымдарына кө­ңілім толады. Бір ғана қорқыныш, бір-бірін қайталап кетпесе екен деген ой бар. Ал былай бүгінгі бидің дамуына, қарқынына көңілім толады.

– Бүгінде жастар көше биі, кореялық к-поп бағытындағы секілді шетелден келген билерге әуес. Мұндай жастардың сұраны­сында қандай қауіп бар деп ой­лайсыз?

– Қазіргі жастардың биге деген талғамында қауіп бар деп есептемеймін. Жастардың жан-жақты болып өсуінде, дамуында қандай да бір өнер түрі болсын болашақта зиян болмайды. Себебі жастардың білімінің, өзінің жан-жақты дамуының бір себепкері деп есептеймін. Кейін өсе келе біздің заманда осындай би болды деп айта алатын жастар қатары болады.

– Әлеуметтік желіде «Қара жорға» қазақтың биі емес деген пікірталас болды. Бұған қатысты ойыңыз қандай?

– «Қара жорға» қазақтың биі емес деген әңгіме айтылған жоқ. Көбі «Қара жорға» қазақтың буын биі деп атады. Көпшілік арасында солтүстік жақта көп билей бермейді, ал оңтүстік жақ­та сақталып қалған буын биі болатын. 1987 жылы Өзбекәлі Жәнібек ағамыз Нарынқолдан екі жігіт алып, буын биін түсіріп, архивке салып қойған болатын. Жұртшылық билеп жүрген буын биі. Бізде қандастарымыз «Қара жорға» деп атауды ұсынды. «Қара жорға» дегенге келіспедік. Себебі бізде қара жорға дегеннің өзі жылқыға байланысты естіледі. Қазақ биінде түрлі шабыс биі бар. Мысалы, ытқыма шабу, дүр­сілдете шабу, сүйретпелі шабыс секілді түрлері бар. Қандастары­мыз әкелген «қара жорға» биінде өздеріңіз көріп жүргендей, адам­ның буындары, денесі билейді. Сондықтан бүгінде бәріміз келісімге келіп, буын биі деп атап жүрміз.

– Халықтың тойдағы биіне қалай қарайсыз?

– Тойдағы би де өнер. Адам өзінің ішкі эмоциясын шы­ға­руға дайын тұрады. Сон­дықтан қан­дай халықтың биі болмасын, билесе дене қозға­лысының өзі би. Біз ол жерде тойда кәсіби биді талап етуге құқығымыз жоқ. Сон­дықтан қандай адам бол­ма­сын өзінің биде эмоция­сын, сол жер­дегі жағ­дайын қалай бимен көрсе­темін десе де өз еркі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Жанель ҚҰТТЫБАЙ