Пәтердің немесе жеке үйдің есігіне орнатылатын видео бақылау жүйелері күннен-күнге жетілдірілуде. Енді үй иесі өзінің смартфонынан нақты уақыт режимінде есігінің алдында болып жатқан барлық қозғалысты көріп, пәтеріне келген бөтен адамдармен сөйлесе алады.
Ұрыларды қорқытатын есік видео камералары жасалды
2,182
оқылды

Жақында BBC News сайтында пәтерлер мен үйлердің есігіне орнатылған видео бақылау жүйелерінің сатылымы артқаны жазылды. Үйдің иесі өзінің смартфонынан нақты уақыт режимінде есігінің алдында болып жатқан барлық қозғалысты көреді, пәтеріне келген бөтен адамдармен сөйлесе алады. Aikyn.kz сол материалға сілтеме жасап, есікке орнатылған видеокамералардың басқа пайдалы жақтарын түсіндіреді.

Фото BBC News сайтынан алынды. Авторы: Jessica Randle 

Рэндл ханым Аризона штатының Феникс қаласындағы үйінде ұйықтап жатқанда, сыртқы есік жақтан белгісіз шу естиді. Кейін ол смартфонындағы автоматтандырылған бейнеқоңырау жазбасын көргенде, ұры оның алдыңғы есігін ашпақ болғанын көреді.

Ұры камераны көріп кетіп қалады. «Мен не болғанын түсініп үлгермедім, мүлде байқамадым», – дейді ол.

Бұл оқиға Рэндл ханым мен оның күйеуін АҚШ-тағы бейне қоңыраулар арқылы түсірілген қауіпсіздік туралы қызықты кадрларды жариялайтын Doorbell News YouTube каналын құруға шабыттандырған. 2017 жылы іске қосылған каналда жарияланған видеолар қазірдің өзінде 397 миллион рет қаралған. Төмендегі видеодан сол арнаның материалдарын көруге болады.

 

Рэндл ханым «смарт есік қоңыраулары» деп те аталатын есік видео қоңыраулары үйдің қауіпсіздігін айтарлықтай жақсартатынына сенімді. «Мен өз үйімде тыныш ұйықтай аламын, үйді еш қорқынышсыз тастап кете аламын», – дейді ол.

Қазіргі есік қоңыраулары сырттағы кез келген қозғалысты жазып алады және үйдің иесі оны өзінің смартфонынан нақты уақыт режимінде көре алады. Есік қоңыраулары пәтердің немесе үйдің Wi-Fi желісіне қосылады, содан кейін пәтер иесі өзінің телефонындағы қолданбасы арқылы барлық жазбаларды көреді. Осылайша үйден тыс жерде жүріп-ақ есігінің алдында бөтен адамдардың жүргені туралы жедел хабарлама алады, видеосын көреді. Тіпті, сол бөтен адаммен сөйлесуге де болады. Егер пайдаланушы жазылым үшін ақы төлесе видео бұлтты қоймада бір ай бойы сақталады.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: LeoPatrizi

Есік видео қоңырауларының үнемі өсіп келе жатқан танымалдылығына күмән жоқ. 2021 жылы дүниежүзінде шамамен 11,7 миллион дана видео қоңыраулар сатылған, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 63%-ға көп.

«Барлық видео-бақылау жүйелері сияқты, біз қылмыстарды ашуға көмектесу үшін дәлел ретінде есік қоңырауларының бейне жазбаларын қолданамыз», – дейді Лондон қалалық полициясының өкілі. Полиция өкілі бейне есік қоңыраулары үйдің қауіпсіздігін арттыратынына және қылмыскерлерді ұстауға көмектесетініне сенімді.

Фото cbsnews.com сайтынан алынды 

Әлемдегі ең көп сатылатын есік видео қоңырауы – Amazon's Ring. Дэйв Уорд, Ring бөлімшесінің басқарушы директоры: «Біз технологияны шынымен демократияландыру арқылы үй қауіпсіздігін келесі деңгейге көтердік», – дейді.

Google Nest – тағы бір танымал бейне есік қоңырауы. Nest компаниясының өнімді басқару жөніндегі вице-президенті Роуз Яо «қауіпсіздік – тұтынушылардың өнімді сатып алуының басты себебі» деген пікірмен келіседі. Бұған «кіребіріс қарақшылары» деп аталатындарды – тұрғындардың есігінде қалдырылған жеткізілімдерді ұрлайтын топтарды – іздеу кіреді.

2017 жылы Лос-Анджелес полиция департаменті есік видео қоңырауларымен жабдықталған үйлердегі қылмыс деңгейі камералары жоқ аудандармен салыстырғанда 50% төмендегенін айтқан. Болашақта әрбір пәтерге орнатылатын осындай жүйелер ұрлық санын азайтуы әбден мүмкін.