Абай облысының шаруалары дизель отынының қымбатшылығына шағымдануда.
Үкімет «AMANAT»-тың бастамасымен шаруаларға арналған дизель отынын арзандатты
695
оқылды

Көбіне-көп, өңір кәсіпкерлері үшін өз мәселесін орталық мемлекеттік органдарға жеткізу қиынға соғады. Бұл ретте, «AMANAT» алаңында партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің төрағалығымен «AMANAT» филиалдары жанындағы Экономиканы, кәсіпкерлікті және аграрлық секторды дамыту жөніндегі өңірлік кеңестердің кеңейтілген отырыстары өткізілуде. Осылайша, биыл 11 тамызда Абай, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері өз мәселесін құзырлы органдарға жеткізді.

Мәселен, Абай облысының шаруалары дизель отынының қымбатшылығына шағымдануда. Бұл туралы кәсіпкер, «Жан-Ер» ЖШС директоры Съезбек Ахметов айтты.

«Жеңілдетілген бағадағы 1 литр жанармайдың құны 270 теңгеге жетті. Жанармай құны ауыл шаруашылығы өнімдерінің және өзге де тауарлардың, қызметтердің бағасына айтарлықтай әсер етеді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының бағасын арзандату қажет», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін партиялықтар батыс және солтүстік өңірлердің кәсіпкерлерімен кеңес өткізген кезде де шаруалар осы өзекті мәселені көтерген еді. Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов ведомство жеңілдетілген бағадағы дизель отынын өңірлерге жеткізуді ескере отырып, оның 1 литрін 238 теңгеге дейін арзандату туралы шешім қабылдағанын айтты.

«Мәселе мұнай өңдеу зауыттарынан жанар-жағармай алып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге дизель отынын жеткізу, сақтау қызметін көрсететін өңірлердегі делдалдардың әлеуметтік жауапкершілігі туралы болып отыр. Энергетика министрлігі ұсынған өңірлік жанар-жағармай операторларының 1 литріне 12 теңге деңгейіндегі маржасын ескере отырып, жеңілдетілген бағадағы дизельдің 1 литрі 250 теңдеген аспауы тиіс», – деді ол.

Партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев өңірлердегі кәсіпкерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын министрліктер өкілдеріне тікелей жолдап, жауап алуға жақсы мүмкіндік берілгенін атап өтті.

«Мұндай кездесулер мемлекеттік органдарға бизнес-қоғамдастықтың нақты қажеттілігі туралы толық ақпарат алуға және нақты жағдайды ескере отырып, өз саясатын бейімдеуге мүмкіндік береді. Билік пен бизнестің диалогы түйінді мәселелерді анықтауға, бюрократиялық кедергілерді жоюға көмектеседі. Сондай-ақ, түрлі мәселенің шешімін табудың ашықтығы мен тиімділігіне ықпал етеді. «AMANAT» партиясының алаңы – тұрақты экономикалық дамуға атсалысудың және кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасаудың тиімді құралы. Мәжілістегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия депутаттары көтерілген мәселелерді назарға алып, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізеді», – деді партия Хатшысы.

Талдықорғаннан келген «Вместе мы сила» кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Еділ Қазақпаев тағы бір өзекті мәселені қозғады. Ол шағын орта бизнес үшін қосылған құн салығы шегін жылына 100 АЕК-ке дейін арттыру туралы өтініш жасады.

«2022 жылдан бері қосылған құн салығының шегі жылына 20 мың АЕК-ке дейін төмендетілді. Шекті деңгейден асып кету – бұл микро және шағын бизнес үшін өзекті  мәселеге айналды. Осы күннің өзінде миллиондаған айыппұл туралы хабарламалар келіп жатыр. Біздегі инфляцияда шек болмаса да, 20 мың АЕК жеткіліксіз болса да, 100 мыңға дейін ұлғайту керек. Олай етпеген жағдайда шағын бизнес банкротқа ұшырайды немесе «көлеңкеге» кетеді», – деді ол.

Экономика министрлігі онлайн бақылау-касса машинасы, POS-терминал және тауарларды есепке алу жүйесін қолдана отырып, шекті мөлшерді 124 мың АЕК-ке дейін арттыруға болатынын жеткізді. Сонымен қатар, Қауымдастықтың ұсынысын жаңа Салық кодексін әзірлеу кезінде ескеруге уәде берілді.

Шығыс Қазақстан кәсіпкерлерінің атынан облыстық мәслихат депутаты Сергей Бежецкий сөз сөйледі. Ол жол құрылысына қажет битум импортына тыйым салуды ішінара алып тастауды ұсынды. Жол құрылысшылары бұл туралы «AMANAT» ұйымдастырған кездесулерде де бірнеше рет айтқан еді.

«Битум импортына квота енгізу қажет. Бұл жұмысты әсіресе, құрылыс жұмысы қарқынды жүретін жаз мезгілінде қолға алған жөн. Бұл шара жол құрылысына қажет битумды неғұрлым арзан бағамен алуға мүмкіндік береді. Әзірге кәсіпорындар битумды қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр», – деді халық қалаулысы.

Бұл түйінді мәселе де «AMANAT» партиясы мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде шешілді. Индустрия министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері Ресейден 300 мың тоннаға дейін битум әкелуге рұқсат етілгенін, оның алғашқы 100 мың тоннасы Қазақстанға жеткізілгенін айтты.

Партияның Өскемен қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арайлым Есімбекова Мемлекеттік кірістер департаменті жанындағы келісім комиссиясының кәсіпкерлерді сотқа беру бойынша жүргізіп жатқан жұмысына назар аударды. Кәсіпкерлердің пікірінше, іс сарапшылар комиссиясы мен салалық одақтар өкілдерінің жетіспеуіне байланысты сотқа дейін жетіп отыр. Бұл ұсынысты Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде толыққанды қарап шығуға уәде берілді.

Ал «KazGrain» ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы Зейнолла Әбдіманаповтың айтуынша, салық органдар мәселенің анық-қанығына бармай жатып, кәсіпкерлерді жазалайды.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін негізгі сатып алушылар – экспорттаушылар. Өңірлерде шаруалар көбінесе заңды өздері бұзады. Олар келісімдер санын негізсіз арттырып жібереді. Мәселен, шаруада 1 мың тонна ғана өнім бар болғанымен, ол 2 мың тонна сатады. Шаруалар мемлекеттік кірістер басқармасына есеп бермейді. Бір-екі жылдан кейін салық салушылар тексеру жүргізбестен бірден келісімшарттарды жарамсыз деп танып, сотқа жүгінеді. Біз сотта барлық құжат қолымызда екенін дәлелдейміз, алайда сот көбінесе мемлекеттік органның мүддесін қорғайды. Нәтижесінде кәсіпкерлерге айыппұл салынады», – деді ол.

Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы Александр Светаш мемлекеттік органдардың назарын тауардың отандық өнім екенін дәлелдейтін «СТ-KZ» сертификаты мен индустриялық сертификаты бірін-бірі қайталайтынына аударды. Алайда мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін екі құжатты да ұсыну қажет. Ол сондай-ақ мүгедектер қоғамын 1 млн теңгеге мөлшеріндегі сертификаттық алымдардан босатуды ұсынды.

Бұған жауап ретінде Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев 2025 жылға дейін Қазақстанда өндірілген тауарлардың бірыңғай тізілімі құрылатынын, технологиялық операциялар түріндегі түсінікті және нақты критерийлер болатын айтты.

Сондай-ақ, кеңес барысында бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Атап айтқанда, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған мектеп формасын тігу; балабақшаларда, мектептерде және ауруханаларда мемлекеттік сатып алуда бірінші кезекте отандық сүт өнімдерін сатып алу,  жобалық-сметалық құжаттамадағы инфляция коэффициенті, құрылыс материалдарының қымбаттауы, ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін жетілдіру және тағы басқа мәселе қамтылды.

Еске сала кетейік, «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында партия бизнес үшін ұзақ мерзімді және қолжетімді несиелік ресурстар мәселелерін шешуге атсалысады. Өндіруші бизнеске өндірістік, көлік және коммуналдық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы қолдау көрсетіледі. Ал аграрлық кешен мен жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін жеңілдетілген салық ставкасы енгізілетін болады. 2027 жылға дейін «AMANAT» шағын және орта бизнес үшін кем дегенде 15 мың артық реттеуші кедергілерді жояды.