Үкімет тиісті қаулы қабылдады.
Ата-анасынан айырылған студенттер биылғы оқу жылынан бастап жатақханада тегін тұрады
976
оқылды

Биылдан бастап ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру шығындары мемлекет тарапынан төленеді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Үкіметке «...студенттердің жекелеген әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін жатақханада тұру шығыстарын субсидиялау мүмкіндігін пысықтауды» тапсырған болатын.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Президент тапсырмаларын орындау аясында Үкімет тиісті қаулы қабылдады.

Осы ретте «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидаларына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес азаматтардың жекелеген санаттары үшін еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу кезінде жатақханада тұру шығыстары үшін өтемақы төлеу көзделген.

Жатақханаларда тұру шығыстары үшін өтемақы сомасы жылына 29 айлық есептік көрсеткішті құрайтын болады.

Биыл барлығы 7 145 адам өтемақы алатын болады.

Олардың ішінде 4 651 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студент.

2 494 мүгедектігі бар, бала кезінен мүгедек адамдар, мүгедектігі бар балалар бар.

Өтемақы биыл қыркүйектен бастап беріледі.

 

Фото: strategy2050.kz