Елордада бірнеше көшеге жаңа атау беру ұсынылды.
Астанада Анадолы көшесі пайда болады
1,097
оқылды

«№28/1 жобалық көшеге Азияның батыс бөлігіндегі түбек, қазіргі Түркия аумағының ортаңғы бөлігі Анадолы атауын беру ұсынылады. Бұл ұсыныс – Мемлекет басшысының Түркияға ресми сапары аясында берілген тапсырма. Түрік елінде де Қазақстанның ақын-жазушыларына берілген көше аттары мен ескерткіштер аз емес. Былтыр желтоқсанда Анкара қаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші орнатылғанын жақсы білесіздер», – деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқар­масының басшысы Сәкен Есіркеп елорда мәсли­хатының отырысында.

Одан бөлек, спикердің мәліметінше, елордада Қорқыт ата көшесі пайда болмақ.

«Е33 жобалық көшеге түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау Қорқыт ата есімін беру ұсынылады. Бұрынғы Қорқыт көшесі Байқоңыр ауданында орналасқан болатын, алайда құры­лыстың қарқынды жүргізілуіне байланысты ол көшеде де үйлер салынған. Бұрынғы Қорқыт ата көшесі небәрі 50 метрге ғана жуықтайтын көшеге айналған. Сондықтан қазаққа ғана емес, тұтас түркі жұртына ортақ тұлғаның есімін Нұра ауда­нындағы жаңадан салынған көшелердің біріне ауыстырып отырмыз», – дейді ол.

Сонымен қатар басқарма басшысы елор­дадағы индустриялық паркте орналасқан бір­неше жобалық көшеге жер-су атауларын беруді ұсынды.

«Қазір осы өндірістік аймақтағы жобалық көшелердің аты болмаған соң адамдар картаға Уиллиам Шекспир, Леонардо да Винчи деген сияқты аттарды қолмен енгізіп, жазып қойған. Халық шынында да осы көшелер аталған шетелдік тұлғалардың есімімен аталған деп ойлап жүр. Сондықтан оларға еліміздегі тарихи жер-су ат­тарын беріп, картаға сол атауларды енгізу қажет деген шешімге келдік», – дейді Сәкен Есіркеп.