Бұл жерде студент жатақханаға орналасқанша 1-2 күн түнеп шыға алады.
Алматы қаласында студенттерге арналған дағдарыс орталығы ашылды
1,270
оқылды

Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында студенттерге арналған дағдарыс орталығы іске қосылды. Мұндай орындар еліміз бойынша Астана, Алматы және мен Шымкент қалаларынан ашылды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл үш мегополисте алғаш рет дағдарыс орталығы жұмысын бастады. Астана мен Алматыда 30-дан, ал Шымкентте 20 орынға лайықталған. Бұл жерде студент жатақханаға орналасқанша 1-2 күн түнеп шыға алады. Ешкім далада қалмайды.

«Оған қоса әрбір жоғары оқу орнының жанынан ахуал орталығы да құрылды. Мұның барлығы үлкен қалаларға білім іздеп келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр», – деп жазды Ғылым және жоғары білім министрлігінің Телеграм каналы.

Студенттер жатақханаға өтінішті онлайн түрде жібереді. Жауабы 1 күн ішінде беріледі. Ал жатақхана жетпеген жағдайда хостелге орналастырады. Алматы қаласы бойынша қыркүйекке дейін жаңасы бар, қайта жасалғаны бар 5 жатақхана қолданысқа беріледі. Бұл дегеніңіз 1 600-ге жуық орын. Оған қосымша жыл соңына дейін дәл осындай 14 нысанның құрылысы аяқталып, 4 мыңға тарта студент жатақханаға орналасады.