Әлемде Голливуд фильмдері ең үздік саналады. Бұл алпауыт кино компаниясында өнер көрсету әрбір актердің арманы десек те болады. Елімізде құрылған Nomad Stunts каскадерлер командасы осы биіктікті бағындырған жалғыз топ.
Әмбебап каскадерлер әлемде саусақпен санарлық – Жандарбек Күнғожинов
3,303
оқылды

Жандарбек Күнғожинов жетекшілік ететін каскадерлер тобы шетелдік киностудиялардың үлкен қызығушылығын тудырып, сұранысқа ие болып отыр. Nomad Stunts каскадерлері Голливуд, Болливуд және Түркияның алдыңғы қатарлы студияларымен бірлесіп жұмыс істейді. Олардың фильмографиясында «47 Ронин», «Үздіктер» (The Expendables 2), «Үйге апарар жол» (Way to Way), «Мулан» және Netflix, HBO стриминг жүйелерінің сериалдары бар. Nomad Stunts кәсіби каскадерлер халықаралық тобының көшбасшысы Жандарбек Күнғожинов өз жұмысының қиындықтары мен жаңалықтары туралы айтып берді.

– Жайдарбек мырза, алғаш каскадерлік топты ашу идеясы қалай келген еді?

– Мен қалалық пішіндегі ауылда өстім. Сонда әкем жылқы ұстаушы еді. Бие сауатынбыз. Кішкентай кезімнен құлындарды енесіне қосып, көмектесіп, жыл­қыға жақын болып өстім. Одан бөлек, 1993 жылдан бастап Қа­зақстан циркінде өнер көрсеттім. Сонда қырғыз каскадерлермен бірге жұмыс істедім. Сол қырғыз каскадерлер тобында екі қазақ жігіті болды. Сол кезде «неге қа­зақ каскадерлер тобын ашпасқа?!» деп ойлаушы едім. Көптеген фильм­дер түсіріліп жатты. Сосын өзім бірге жұмыс істеп жүрген қазақ жігіттеріне «қазақ каскадер­лер тобын ашайық» деп ұсыныс тас­­тадым. 2000 жылдан бастап тоғыз адамнан құралған каска­дерлер тобын ашып, дайындықты бастап кеттік. Бастапқыда жарна­маларға түсіп, бірте-бірте кіші­гірім кино­ларға түсе бастадық. 2003 жылы «Көшпенділер» деген тарихи ки­нода толық жұмыс істеп бастадық. Онда Голливуд актер­ларының әдістерін жасадық. Бұл біздің алғашқы ең үлкен жобамыз болды. 

– Ал Голливудтың көзіне қалай түстіңіздер?

– Мен «Көшпенділер» филь­мінен соң «Моңғол» фильміне шақырту алдым. Сол фильм шыққасын Питер Уир деген оскар сыйлығын жиі алатын режиссер «Үйге апарар жол» (Way to Way) фильмін түсіру үшін мені іздепті.   «Маған «Моңғол» фильміндегі каскадер қазақ жігіттері керек» деп іздеу салып, Ресей арқылы ақыры мені тапты. Сол фильмде  Колин Фаррелл, Эд Харрис сын­ды Голливуд актерлары қатысқан фильмде ұлым екеуіміз түстік.

– Қазіргі командаларыңыздың аяқ алысы қалай? Топтарыңызда неше адам бар?

– Қазір командамызда 86 адам бар. Шет елдерден де каскадерлер көптеп жиналып жатыр. Бүгінде Әзербайжан, Қырғызстан, Түр­кия, Канада, Аустралия, Украина, Болгария сынды мемлекеттерден жиналған тәжірибелі актерлар жұмыс істейтін халықаралық алып командаға айналдық. Бұрын каскадер боламын деп келген адамдарды алып дайындай беруші едік. Бүгінде арнайы  таңдап ала­тын болдық. Біріншіден, актерлар жас болуы керек. 18-20 жас ара­лығындағы адамдарды алуға ты­рысамыз. Себебі жасы келген адам­дар жарақат барысында қайта фильмге түсіп, трюктерді қайталау қиынға соғады.  Каска­дер болам деген жігіттерге бірін­шіден, акробатика, екіншіден, жауынгерлік өнер, үшіншіден, тәртіп, төртіншіден, шыдамдылық керек. Себебі дайындық процесі ұзаққа созылмауға тиіс. Мұндай командамен 3-4 жыл ғана уақыт кетеді. 

– Ал жылқыларды қалай таң­дайсыздар?

– Жылқыларды таңдауда бұ­рын олар­дың үрікпейтін, құлауға қорықпайтын­дарын таңдайтын­быз. Бүгінде өзіміздің жылқы­ларды құлын кезінен  дайындап жатырмыз. Бес-алты жыл бұрын шет елден испандық жылқыларды әкелген болатынбыз. Сол жыл­қылардың құлындарын қазір да­йындап жатырмыз. Себебі жыл­қылар түсірілімге құлын кезінен тез үйренеді. Бұрын ересек жыл­қы­ларды алғанда бұрынғы жара­қаттары байқалып қалып жатады. Мысалы, көкпарға салған аттарда кейбірінің өкпесі күйген болып шығады.  

Жылқы да адам секілді. Кейде көңіл күйлері болмай қалады. Ондай кезде қамшы салуға да болмайды. Себебі қорқытып-үр­кітіп аттарды үйрете алмайсың. Жылқыда да адамдар секілді киноға деген жүрегі болуы керек. Өз еркімен құлап үйренуі керек, оттардан, камерадан, ұшатын дрондардан, қабырғаны бұзып өтуден қорықпауы керек. Қажыр­лы дайындықтың арқасында  4 жылдың көлемінде жылқылар толық үйреніп шығады. 

– Голливудтың фильмдерінен кейін қазақ фильмдеріне деген көзқарасыңыз өзгерді ме? Салыс­тырмалы түрде біздің фильмдері­міз­дің аяқ алысы қалай?

– Қазақ кино индустриясына келер болсақ, жайлап-жайлап өсіп келеді деп айтуға болады.  Себебі кезінде «Ұлттық киноны қолдау мемелекеттік орталығы»  мен «Қазақфильм» екіге бөлініп кеткеннен кейін кішкене бұл сала тұралап қалды десек болады. Енді екеуі бірігіп жұмыс істесе, көпте­ген жетістіктерге жетуге болар еді деп ойлаймын. Еліміздің киноин­дустриясын дамытудың бір жолы – кино туралы заң қабылдау. Сонда көптеген түйіткілдер ше­шілер еді. Бұл бағыттағы жұмыс­тар басталғанымен, аяғына жет­пей тоқтап қалды. Кино саласын­дағы көптеген мәселелер шешілсе, шетелден әртүрлі мамандарды шақырып, сапалы кино түсірер едік. Мысалы, әйгілі киностудия­лар жақсы кино түсіру үшін әлемнің мықты мамандарын бір түсірілім алаңына жинайды. Үздік компаниялар мықты каска­дер­лерді әлемнің әр түкпірінен ал­дыртады. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Жақсы режиссерлер шығып жатыр, көп­теген шетелдік кино фестиваль­дерден жүлделер де алып жатыр. Дегенмен, шетелдік кино маман­дарымен бірлесіп жұмыс істеу керек. Сонда қазақтың фильм­дерін шет елде танытуға мүмкін­діктер ашылады. Әрине, шетелдік деңгейге жету үшін көптеген жұ­мыстар атқарылу керек. Бірақ сол шет елдің өзінде барлық кино ке­ре­­мет болып шықпайды. Олар­да да әлсіз кинолар бар. Бізде де сондай. 

Отандық каскадерлер арасын­да да бәсекелестік қалыптасып келе жатыр. Шетелге шығып жүр­ген шағын топтар бар, бірақ байқауымша, оларда жос­парлы жұмыс бол­ғаны­мен, тәртіп аз сияқты. Ше­­тел­дік ком­па-ния­­­­­­лар­мен жұ­­мыс іс­теу үшін дұ­рыс сөй­лей білу, ке­ліс­сөз­дер жүр­гізу маңыз­ды. 

– Заң ту­ра­лы ай­­тып қалды­ңыз. Сіз­дердің жұ­мыс­­та­рыңыз қауіп­ті әрі жара­қат алу қаупі  мол бол­ған­дықтан меди­циналық сақ­тандыру бола ма? 

– Менің енді сын­­баған жерім жоқ десем айт­сам артық айт­пағандық болар. Аяқ-қо­лым, қабырғала­рым да сынды. Шетелдік кино­ларда бірден қолыңа медсақтан­дыруды ұстатады. Ал бізде про­дюсерлер «ондай  жоқ» деп ай­тады. Сондық­тан да біз өз ақша­мызға емделуге тура келеді. Өзіміз ортадан ақша шы­ғарып қыз-жігіттерімізді ем­деп жатамыз. Бұл ретте де мә­селе кино туралы заң болмауынан туындайды. 

– Алдағы уақытта қандай жоспар­ларыңыз бар?

– Алдымызда жоспарлар көп. Елімізде көптеген фильмдер тү­сіріліп жатыр. Түркияда тарихи фильмдерге біздің жігіттеріміз кетті. Онда менің көмекшім Ал­тынбек деген жігіт осы экшн жа­нрына жетекшілік ететін болады. Өзбекстанда да заманауи фильм түсіріп бастадық. Ол жақта Қанат Құдияров деген көмекшім жүр. Қазіргі таңда тағы екі фильмге дайындалып жатырмыз. Ол екеуі де шет елдік фильмдер, біреуі – Голливуд, екіншісі – Болливуд. 

– Өзіңізден бөлек, каскадерлік жұмысты жарыңыз бен ұлыңыз да атқарады екен. Осы туралы кеңірек айтып өтсеңіз...

– Иә, командамдағы қыздар арасында әйелім де болды. Екеуі­міз еңбек жолымызды цирктен бірге бастадық. Алғаш каскадерлік салаға келгенімде маған дубляж, трюк жасауға қыз бала керек бол­ды. Әйелімнің жанымда бірге каскадер болуына қарсылық та­нытпадым. Қылыштасуды, төбе­лесуді, құлауды жақсы үйренді. «Кенже» фильмінің түсірілімінде жардан құлап, тізесін жарақаттап алды. Сол жарақатын емдеп, опе­рация жасаған кезде де өзім жа­нында жүргендіктен аса қатты уайым­дамадым. Жарақат алған­нан кейін тоқтатты. Өзінің жасы да келіп қалды.

Ал ұлым Темірхан 5 жасында «Көшпенділерде» ойнады. Одан кейін де 4-5 фильмнің түсіріліміне қатысты, «Моңғол» фильмінде дублер болды. Үндістанда, Жаңа Зеландиядағы түсірілімдерге қа­тысты, өзі Африкада және Ру­мынияда  Сэмюэл Л.Джексонмен бірге каскадер-актер болып жұ­мыс істеп келді. Қазір ұлым екеуі­міз шетелдік фильмге түсу үшін қыркүйек айында кетеміз деп жоспарлап отырмыз.

– Каскадерлік топта әлемде қандай бәсекелестеріңіз бар?

– Ағылшындық, испандық, америкалық каскадерлік топтар бар. Бірақ біз секілді үлкен топтар жоқ­тың қасы. Біздің бір ерек­шелігіміз тек жылқымен ғана емес, көлікпен де, төбелестерді де қатар алып жүретіндігімізде. Яғни, біз әлемдік кино нарығын­дағы әмбебап каскадер болған­дықтан сұранысқа ие болып отыр­мыз. Мұндай каскадерлер сау­сақпен санарлық. Соның ішін­де ең жақсысы деп Испания мен Англиядағы топтарды ғана айта аламын. Біз олармен де бірге  жұ­мыс істедік. Мысалы жақында Ридли Скоттың «Наполеон» фильмі жарыққа шыққалы жатыр. Сол фильмде  сол топтармен бірге біздің команда да жұмыс істеді.   

– Каскадер, дублер ретінде емес, актер ретінде қандай фильм­дерге түстіңіз?

– Актер ретінде көптеген фильм­­дерге түстім. «Неудер­жимое», «Мулан»,  «Марко Поло»  фильмдерінде актер ретінде түс­тім.  Сонымен қатар қырғыз ре­жиссері Марат Сарұлы  түсірген «Жанұя» фильмінде түстім. Онда орыс пен қазақтың отбасындағы мәселелері көрініс табады. Бұл менің актер ретінде  ең үлкен жобаларымның бірі.  

– Топтарыңыз  Taurus World Stunt Awards әлемдік каскадерлер академиясының жүлдесіне ие болды. Каскадер, кино əдістерін қоюшы, экшн мамандары арасында «Оскар» аталып кеткен жүлдеден бөлек тағы қандай марапаттарға ие болдыңыздар?

– Бұл «Таурус» сыйлығы Қа­зақстанда бірінші рет алынып отыр, ал Орталық Азияда, жалпы ТМД-да екінші «Таурус». Мұны «Томирис» фильміндегі трюктер үшін алдық. «Шетелдік фильмдегі үздік қойылым» деп бағаланды. Голливудта «Оскар» актерлерге, «Таурус» каскадерлерге беріледі, бұдан жоғары жоқ. «Таурус» – ең үлкен сыйлық. «Томирис» филь­мін­де өзім экшн-оператор болып, төбелесті де операторлық жұмыс­ты да қатар алып жүрдік. Оған көп қажыр-қайратымызды жұмсадық. Нәтижесінде, сондай үлкен ма­рапатқа да ие болдық. Одан бөлек, «Мулан» фильмінде де Голливуд актерлар қауымдастығы бізге «ең үздік трюктер сомдаушы» деген марапат ұсынды. 

– Алдағы ойға алған жұмыс­тарыңызға сәттілік тілей отыра, сұхбат бергеніңізге алғыс біл­діреміз!

Сұхбаттасқан 

Наурызбек САРША