Әдетте «этикет» сөзі біздің ойымызда қымбат мейрамханалармен, галереялармен, классикалық киіммен, сән-салтанатты кештермен байланысатыны рас.
Нағыз этикет – өзгелердің ағаттығын елемеу
1,066
оқылды

Фильмдерде де қарапайым отбасынан шыққан кейіпкер ақсүйектер ортасына барғанда шанышқылардың санынан жаңылып, өзін ыңғайсыз сезініп жататын эпизодтар көп. Қоғамдағы теңсіздіктен арылу идеясы қызу насихатталып жатқан бүгінгі дәуірде бұл түсінік кейде тіпті кері ықпал ететіндей де көрінуі мүмкін. Сөйтсек, негізі этикеттің түпкі мәні – өзгелердің ағаттығын елемеуде жатыр екен. Жуырда этикет бойынша сарапшы Құралай Сейілханмен жолығып, бұл ұғымның біз білмейтін қыр-сыры жайлы сұрап-білдік.

Барлық ережелер логикаға негізделген

Сонымен этикет адамдардың немесе қоғамның қандай проблемасын шешеді? Құралай Сейілханның айтуынша, оны көлік жүргізу ережесімен салыстыруға болады.

«Артта қалған елдердің көбінде жолда жүру мәдениеті төмен: ол жақта көлік айдау да, жолды кесіп өту де қорқынышты. Бәрі де бір-біріне қауіп төндіреді. Ал жол ережелері реттелген елдерде адамдар өзін сенімді әрі қауіпсіз сезінеді. Этикетте де солай: ол адамдарға мейлінше жұмсақ қарым-қатынас құруға көмектеседі», – дейді сарапшы.

Этикет ережелерін жаттап жүру кейде бізге іш пыстырарлық, тіпті, мүмкін емес­тей дүние болып көрініп жатады. Алай­да оларды жаттаудың қажеті жоқ, бар болғаны – логиканы қосу жеткілікті екен.

«Этикет сарапшысы ретінде айтарым – этикет ережелерін толықтай жаттап алу мүмкін емес, оның керегі де жоқ. Бізге қажеті – логика ғана. Ол ережелерді дәл солай болуы керектігі үшін әлдекімдер жазып қоймайды ғой. Кез келген этикет ережесіндегі басты принцип – ың­ғайлылық. Мысалы, үстел этикеті бойынша бізге шайды шыныаяқ пен астындағы табақша арқылы береді. Үстел басында отырғанда табақшаны қал­дырып, шыныаяқты көтеріп ішеміз. Ал үстелден 30 см-ден аса алыстап, орын­дық­қа шалқайып отырып шай ішкің кел­се, табақшамен бірге алуың тиіс. Неге? Өйткені киіміңе шай тамып кетуі мүмкін. Тағы бір мысал, іскерлік ортада кейбір іс-шараларға әйелдерге 4 см-ден биік өкшемен келуге  тыйым бар. Егер 7 см болатын біз өкшемен барсаңыз, сізді кіргізбейді. Неге? Елестетіңізші: тура сіз сияқты 150 әйел шараға 7 см-лі өкшемен келсе, туфлидің тоқылынан спикерлерді есту мүмкін болмай қалатын еді. Бәрі логиканың айналасында құрылған», – дейді Құралай. 

Этикет үшін этикетті бұзуға болады

Бүгінде елімізде арнайы оқу орын­дарын бітірген 4 этикет сарапшысы бар екен. Құралай Сейілхан – солардың бірі. Құра­лайдың осы саладағы алғашқы ұстазы – 20 жылдан астам уақыт бойы ArtdeVivre («француз аристократы секілді өмір сүру өнері») ілімі бойынша оқытушылықпен айналысатын, Lancome, Chanel тәрізді танымал брендтер қызметіне жүгінетін FRENCH TOUCH этикет ательесінің негізін қалаған Графиня Мари де Тилли болыпты. Графиняның ата-бабалары 1865 жылдан бері сарай этикеті бойынша сабақ беріп келе жатыр екен. 

– Негізі этикеттің әуел бастан келе жат­қан алтын ережесі біреу: ол – бас­қалар­дың ағаттығын елемеу. Жоғары эти­кет үшін этикетті бұзуға болады. Мұн­дай жағдайлар тарихта аз емес. Мысалы, ұстазым  Графиня Мари де Тилли бізге мынадай хикаяны айтып берген. Оның әжесі маркиза де Тиллидің поместьесіне дін қызметкері қонаққа келеді. Қонақтар тамақтанып болған соң, сарай қызмет­шілері оған ішінде лимон қосылған суы бар күміс тостаған мен күміс қасық әке­леді. Дін қызметкері көп ойланбастан, қасықпен әлгі тостағанның ішіндегі суды алып, іше бастайды. Мұндайды күтпеген айналасындағылар қонақтың тосын қы­лығына ду күледі. Кенет маркиза да дәл солай қасықпен суды іше жөнеледі. Бас­қалар күлген соң аңырып қалған діндар қасықты қояды да, енді тостағанды көте­ріп, ішіндегі суды сіміріп салады. Мар­киза да бұл әрекетті қайталайды. Кешкі ас аяқталып, қонақтар дастархан басынан тұрғанда маркиза діндардың жанына барып: «Дін қызметкерлерінің өте жұпы­ны өмір сүретінін, күміс ыдыс­тағы сумен қолын жумайтынын ескермей қалғаным үшін кешірім сұраймын», – деген екен.

Осыған ұқсас жағдай 1961 жылы Кеңес одағынан шыққан ғарышкер Юрий Гагариннің Англияда ІІ Елизабета патшайымның қабылдауына барғанында болған. Лимон қосылған шай ішіп болған соң, Гагарин шыныаяқ түбіндегі лимонды алып, сора бастайды. Этикет бойынша шай түбінде қалған ештеңені жеуге болмайды. Бірақ патшайым да жалма-жан солай істеп, ғарышкерді ыңғайсыз жағдайдан құтқарған екен. Яғни ол жоғары этикет үшін қарапайым этикетті бұзды, – дейді этикет сарапшысы.

Президенттер протоколшы жалдайды

Қоғамдық немесе үстел этикеті жағ­дайға, уақытқа қарай өзгеріп отырса, халық­аралық ресми этикет бекітілген, өзгермейтін, қатаң ережелерден тұрады. Негіз ретінде британиялық этикет алын­ған.

«Халықаралық этикет мәселелерін әдетте әр тараптың протоколшысы реттейді. Этикет дегеніміз – бір адамның екінші бір адаммен қарым-қатынасына қатысты болса, халықаралық протоколда бір мемлекеттің екінші мемлекетпен қарым-қатынасы ережелері жазылады. Мәселен, халықаралық ресми жиындарда президенттердің немесе басқа да лауа­зым­ды тұлғалардың костюмінің түсі, галс­туктың ұзындығы, тулардың қаз-қа­тар тұру реті, тіпті тағып келуге болатын қолсағаттың брендіне дейінгі барлық мәселе – протоколшылардың жұмысы. Кез келген президенттің штабында өз протоколшысы болады. Я болмаса ірі ұйымдар арнайы протоколшы жалдайды», – дейді Құралай Сейілхан.

Протоколшыларды дайындайтын жоғары оқу орындары Швейцария мен Ұлыбританияда бар екен. Жай диплом алып қана қоймай, бұл істе маманның тәжірибесі, түрлі мәдениеттер жайлы білімі терең болуы керек. 

«Мысалы, Қытайға баратын болса ол жақта қандай дәстүрлер барын алдын ала зерттейді, құжаттағы маңызды пункті 13-ке орналастырмайды, сол сияқты өте көп ұсақ дүниеге дейін дайындалады. Халықаралық іскерлік этикет – өте қатаң: ел президенттері бір-біріне 45 см-ден ары жақындауға болмайды, арада 70 см қалғанда ғана қол созу керек», – дейді этикет сарапшысы.

Стив Джобстың костюм кимегені рас па?

Құралайдың пікірінше, іскерлік эти­кетті жетік білу – қызметтегі табыстың кепілі. 

«Қазір байқасаңыз, мекемелердің адам ресурсы жөніндегі мамандары, яғни HR-лар маңызды кадрды жұмысқа аларда кездесуді кеңсеге емес, кафе-мейрамха­наларға белгілейді. Өйткені бүгіндері жоғары бағаланатын икемді дағдылар, яғни soft skills осындай жерлерде аны­ғырақ байқалады. Мен HR-лармен көп жұмыс істеймін. Сондағы бір байқа­ға­ным – олар мені көбіне тек бөлім бас­шылары, банк филиалдарының ди­рек­торлары сияқты лауазымды маман­дар­мен қарым-қатынас этикетін үйрету үшін шақырады. Негізі, дұры­сында, қарапайым қатардағы қызмет­кер­лермен қарым-қа­тынас эти­кетін жақсарту әл­де­қайда пайда­лырақ. Өйт­кені халық­пен жұ­мыс іс­тей­тін – қатар­дағы жұмыс­шы­лар ғой. Өкі­нішке қарай, оларға кел­генде HR-лар этикетке көп ойланып жатпайды. Жасы­ра­тыны жоқ, көп мекеме­де HR қыз­метін­дегі ма­манның өзі «мына құжат­қа қол қой» деген­нен бас­қаны білмейді», – дейді эти­кет сарап­шысы. 

Құралайға үнемі қара водолазка мен көк джинсы киіп жүрген Стив Джобсты мысал ететіндер көп екен. Сонда «ал­маның атасы» іскер­лік этикетті маңызды деп таппағаны ма?

«Негізі Стив Джобс біз таныған кезден кейін ғана джинсы мен водолазкаға көшкен. Жас кезіндегі, бизнесті енді бастаған шақтағы суреттерін қарасаңыз, бәрінде де Джобс костюммен жүрген. Өйткені батыста іскерлік этикет ереже­лері қатаң сақталады. Кейін ғана барып, Стив Джобс өз атын қалыптастырып алғаннан кейін өзге әріптестерінің, «Уолл-Стрит қасқырларының» арасында ерекшелену үшін өзіне тән имиджді ойлап тапты», – дейді Құралай Сейілхан. 

Табу тақырыптардан сақ болыңыз

Әңгіме соңында Құралайдан өзіміз өмірде жиі кездесетін жайттар туралы сұрадық. 

«Кинотеатр, пойыз, ұшақ сияқты қоғамдық орындарда сізге әлдене кедергі келтіріп жатса, бұл туралы кедергі кел­тіріп жатқан адаммен емес, үшінші тарап­пен сөйлесу керек. Біріншіден, пай­дасыз, екіншіден қауіпті болуы мүм­кін. Конф­ликтке бармаңыз. Мысалы, кинотеатрда әлдекім сіздің орындығы­ңыз­дың арқа­сынан теуіп, маза бермеді делік. Әлгі адаммен тікелей байланысқа шығудың, ескерту айтудың, тәжікелесіп, жүйкеңізді құртудың қажеті жоқ. Үшінші тарап – кинотеатр әкімшісіне шағымда­ныңыз. Сол секілді, пойызда да, ұшақта да басқа жолаушылар тарапынан сізге ыңғайсыз­дық туып жатса, бұл туралы жолсерікпен немесе бортсерікпен сөй­лес­кен орынды», – дейді этикет сарап­шысы. 

Сондай-ақ көпшілік адам жиналған ортада, үстел басында әңгіме қозғауға болмайтын табу тақырыптарды да ұмыт­паған абзал. 

«Дін, саясат, денсаулық, қылмыс – осы төрт тақырып турасында әңгіме айт­пағаныңыз дұрыс. Өзім көп байқаймын, мысалы, алкогольді ішімдіктер тұрған жерде кейбір кісілер бокал соғыстырмай­ды. Бұл, әрине, көпшіліктің назарын ау­дартады. «Мен діни сеніміме байланыс­ты ішімдік ішпейтін едім» немесе «Қазір емделіп жүр едім» деген себептерін ай­тып, ақталып әлек болады сосын. Бірін­шісінде – дінді, екіншісінде денсаулықты айтып, адамдардың назарын өзіңізге аударып жатырсыз. Ең дұрысы, әрі этикет бойынша орынды әрекет – өзгелердің еш сұрағын тудырмас үшін бокалыңызды соғыстырыңыз да, ішпей-ақ қойыңыз», – дейді маман.

Ал қонаққа кешігіп баруды әдетке айналдырғандардың бұл қылығы этикет­ке қаншалықты сай келеді дейтін болсақ, мейрамханада болатын тойларға уақы­тылы, кешікпей барған дұрыс. Бұл уақыт­та сіз той иесін жеке құттықтауға мүмкін­дігіңіз болады. Ал үйге қонаққа барарда шақырған уақыттан сәл кешігіп бару этикетке сай. Өйткені ертерек барып, әлі дайындалып үлгермеген үй иесін ыңғай­сыз жағдайға қалдыруыңыз мүмкін. 

Құралай этикетті тек қоғамдық жерде ғана сақтауға тырыспай, оған үйде жүр­генде-ақ дағдыланған дұрыс екенін айтады. 

– «Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз» деп қазақ бекер айтпаса керек. Үйде қалай болса солай әдепсіз жүріс-тұрысқа үйреніп қалған адам сыртқа шыққанда өзін бәрібір басқара алмай қалады немесе басқару қиынға түседі. Сондықтан ерінбей балаларыма да, жол­дасыма да дастарқан басындағы этикетті сақтауды үйретіп отырамын, – деп жымиды кейіпкеріміз.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ