Жақында әлеуметтік желіні ақтарып отырып, қыз-келіншектерді харассменттен қорғайтын мобильді қосымша жайлы ақпаратты көзіміз шалып қалды. Түбіне дейін зерделеп қарасақ, аталмыш жобаның авторы мектеп оқушылары екен.
Жас өнертапқыштар жарап тұр
1,007
оқылды

Жас өрендердің идеясынан туған қосымша бүгінде көптің қолданысына еніп үлгеріпті. Өзіндік маңызы бар осындай жобаларды байқағаннан кейін алматылық оқушылар жүзеге асырған стартаптар жайлы іздене бастадық. Ерекше жобалары арқылы көзге түскен дарынды оқушыларды тауып, өздерімен тілдескен едік.

«Forbes 30 under 30» рейтингіне енген Динара

Алматылық оқушы Динара Қалихан «Forbes 30 under 30» тізімін небәрі 17 жасында бағын­дыр­ған. Болашағын STEM бағытымен байла­ныс­тырған жеткіншек музыка мен спорттан да кен­де емес. 

Динара – жоғарыда атап өткен қыз-келін­шек­терге жа­салатын харассмент­тен қорғауға ар­нал­ған жобаның авторы. Table 99 мобильді қо­­сым­­шасын досы Асыл Наршамен бірге жа­сап шы­ғарған. Осы қосымшаның автор­лары ретінде екеуі For­bes тізіміне енген. Жоба­ның басты мақ­саты – адам­дар­ды, әсіресе қыз-келіншектерді ха­рас­сменттен, қоғамдық орындарда жиі бола­тын қауіп-қатерден қорғау. IOS пен Android-тағы көрсеткіш­терді қосқанда, қазір қосымшаны мыңдаған адам пай­да­ланады.

– Table 99 жобасын іске асыру идеясы кенет­тен пайда болды. Бір күні теледидардан белгісіз адамның қыз артынан аңдып, соңы қыздың қайтыс болуымен аяқ­талған жаңалықты көрдік. Ке­лесі күні осы оқиғаны еске алып отырып, TikTok-тан америкалықтардың ви­деосын көзіміз шал­ды. Кафеде түсі өзгелердікіне ұқса­майтын ерек­ше коктейльге тапсырыс беру арқылы өзіне қауіп төнгенінен белгі береді. Мұны көрген дая­шылар қызға көмектеседі. Біз дер кезінде жыл­дам қол ұшын созатын жоба жасап шығарғымыз келді. Қосымшаның атауы ретінде «Үстел 99» де­ген сөзді алдық. Бұл атауды қойған себебіміз – кафелер мен ресторандарда 99-үс­телді таба алмайсыз. Цифр­лар­дың ішінде кездеспейтін санды айту арқылы өзіңізге қауіп төнгенін білдіре аласыз, – дейді Ди­нара Қалихан.

Мобильді қосымшада мейрамханалар, дү­кен­дер, бас­қа да мекемелер қамтылған. Көмекке мұқ­таж адам «Table 99» немесе «99-үстел» деп айту арқылы тегін әрі шұғыл көмек ала алады. 

Динара алғашқы жобасын 10-сыныпта жа­саған. Smart Baby Seat деп аталатын жобасы не­гізінде көлікке қоятын сенсоры бар балаларға ар­налған орындық ойлап тапқан. Сенсор ба­ла­ның температурасын өлшейді. Егер көрсеткіш 37 градустан жоғары болса, баланың ата-анасына дереу SMS хат жіберіледі. Қосымша бүлдір­шін­нің ата-ана қарауынсыз науқастанып қалуы, бала өлімі сынды келеңсіз жайттарды алдын алуға кө­мек­те­седі. Алайда жобаның ғұмыры ұзаққа со­­­зылмаған. Ди­нара мұның себебін қоғам сұра­нысымен байланыс­тыра­ды:

– Жобаны жасау барысында бұл тақырыптың ха­лық арасында әлі де өзекті емес екенін тү­сіндім. Бұл – АҚШ сынды елдерде маңызы бар тақы­рыптардың бірі. Аме­ри­калықтардың өмі­рінде ата-аналар көлікте балаларын қалдырып ке­тіп, соңында баланың өміріне қауіп төнетін жағ­дайлар жиі болады. Ал Қазақстанда мұндай фак­­ті­лер­ді естіп көрмедім, – дейді автор.

Динараның көптің таңданысын тудырған соң­ғы жаңалығы – әлемнің 26 жоғары оқу ор­ны­нан шақырту алуы еді. Кейіпкеріміздің сөзін­ше, құжат жіберген оқу орындары ішінде ең соң­ғы шақырту Стэнфорд универ­ситетінен кел­ген. Google, Instagram, Netflix компания­сы­ның негізін қалаушылар, АҚШ-тың 31-пре­зи­ден­ті, әлем­ге әйгілі миллиардерлер оқыған Стэн­фордта білім алу енді Динараға да бұйырғалы тұр.

– Стэнфордтың технопаркі стартаптарды жү­зеге асыру үшін көп мүмкіндік береді. Оқуға түс­кеннен кейін де стартап жобаларымды әрі қа­рай жалғастырғым келе­ді. Университет жа­нында Apple, Facebook сынды ірі ком­паниялары бар Кремний алқабы орналасқан. Сол се­бепті бұл оқу орны – мен үшін сәтті таңдау болды, – деп ағы­нан жарылды ол.

Өрт кезінде адам өмірін қорғауға бағытталған жоба

Соңғы жылдары елімізде өрт фактілері өршіп кетті. Нұрқасым Хафиздің ойлап тапқан жүйесі бұл мәселені шешуге тамшыдай бол­сын үлес қосады. Ол «Өрт сөндірудің ақылды жүйесі» өнертабысының авторы ретінде патент алған.

– Жүйе сенсордан немесе дабыл түймесінен сигнал алады. Осыған сәйкес адамдар үшін эвакуация жолдары ашылып, өрт сөндіру процесі басталады. Жүйе әлі толыққанды қолданысқа енген жоқ. Бірақ болашақта іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатырмын. Алда әлі көп ізденісті қажет етеді, – дейді жас өнертапқыш. 

Алма­ты қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрқасым бірнеше мәрте әлемдік додаларға қатысып, жүлдесіз оралмаған. Жуырда Малайзияда 6-9 тамыз аралығында өткен «AIMO-2023» халықаралық математика олимпиадасында алтын медаль иеленіп, абсолютті чемпион атаныпты. 45 елдің білім дарабоздары бас қосқан жарыста Нұрқасым көк туымызды желбіретіп, жеңіс тұғырынан көрінді. 

– Болашақта инженер болғым келеді. Бұл – математикамен қатар химия, физика пәндерін біріктіретін, үлкен фантазиялық ойларды талап ететін сала деп ойлаймын, – дейді ол. 

Басқару саласына серпіліс алып келген қосымша

Тамос Едьюкейшн мектебінің 11-сынып оқушысы Адриано Мұрат Симончини – басқару саласына өзгеріс алып келген жас өнертап­қыштардың бірі. Ол iFirm деп аталатын жобаның негізін қалаушы және бас директоры. IFirm – бизнес пен жеке тұлғалар үшін қар­жылық қызметті жүргізу тәсілін оңтайландыратын инновациялық онлайн-қосымша.

– Қосымша пайдаланушыларымызға күту қажеттілігін, қағаз­бастылықты болдырмауға көмектеседі. Онлайн режимде негізгі қаржылық операцияларды жүргізуге таптырмас мүмкіндік. iFirm қо­сым­шасы арқылы сіз клиенттермен оңай есеп айырыса аласыз. Қызмет­кер­лердің жалақысы мен салықтарды да автоматты түрде төлеп отырасыз, – дейді автор.

Мұрат бұл платформасының негізгі артықшылықтарын атап өтті:

– Біріншіден, қосымша күрделі бюрократиялық процедураларды күтпей-ақ операциялық қыз­меттерді жүзеге асырады. Бұл экономиканың дамуына және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Екіншіден, iFirm компаниялар мен кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені азайтады. Қателіктер ықтималдылығын төмендетеді. Барлық деректер нақты уақыт режимінде қолжетімді. Бұл өзгерістерге дер кезінде жауап беруге, шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – дейді. 

Мұрат өзін бір бағытпен шектеліп қалған оқушылар қатарынан көргісі келмейді. Сөздерінен мейі­лінше жан-жақтылыққа ұмтылғысы келетінін байқадық. Ол тәуелсіз есепшілердің ауқымды әлем­дік желісі саналатын Грант Торнтон компаниясында тәжірибеден өткен. Жеке қайырымдылық қорында волонтер ретінде қызмет етеді. Түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, өзін сан қырынан аша білетін қабілетке ие. Тіпті IT мен технология саласында білген-түйгенімен бөлісу мақсатында бағдарламалаумен айналысатын IT клуб құрған.

– Технологияға, бағдарламалау мен инновацияға құштарлығым ерекше. Осы салада білімім мен дағ­дыларымды тереңдетуге тырысамын. Бұл мамандық арқылы үнемі білім алып, дами отырып ақпа­раттық технологиялар саласына үлес қосуға мүмкіндік бар екенін түсінемін, – дейді Адриано Мұрат Симончини. 

Жер сілкінісін болжауға көмектесетін наноспутник

Он бес жастағы Шол­пан Аман­гел­дінің ойлап тапқан спутнигі озон қа­батының жай-күйінен ақпарат береді. Осының ар­қасында құрғақ климатты аймақ­тарға жасанды жаң­быр шақырып, жер сіл­кінісін алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Бұл геоақпарат аграрлық өнеркәсіп пен қала құрылысы мамандары үшін де мәселелерді оңтайлы шешуге септеседі. Құрылғы заманауи сен­сорлар мен аналитикалық құралдармен жабдық­тал­ған. №138 мектеп-гимназияның оқушысы Шолпан дәл осы құрылғысы үшін Индонезияның Бали қа­ласында өткен жас өнертапқыштар байқауында ал­тын медаль иеленген:

– Спутникте бес сенсор бар. Оның екеуі – баро­метр мен аксиометр. Ал қалған үшеуі химикалық газ­дарды зерттейді. Химиялық сенсорлар негізінде ме­танды және т.б. химикалық бөлшектерді анықтауға бо­лады. Бұл наноспутникті бір жыл көлемінде жаса­дым. 93 рет шашып, қайта құрдым, – дейді Шолпан. 

Озон қабаты – күннің қатал ультракүлгін сәу­лесін сіңіре отырып, жер бетін шамадан тыс радиа­ция­дан қорғайды. Ол атмосфераның жоғарғы қаба­тындағы температураға ықпал етеді. Мамандардың сөзіне құлақ ассақ, соңғы жылдары озон қабаты жұқа­рып, тіпті кейбір аудандарда мүлдем жойылып, нәтижесінде озон тесіктері пайда болған. Ғалымдар мұн­дай жаһандық өзгеріске антропогендік фак­торлардың әсері бар екенін айтып дабыл қағады. Ғарыш зымырандарының ұшырылуы, ауыл шаруашылығында азот тыңайтқыштарын қолдану және 12-15 км биіктікте ұшатын ұшақтар озон қаба­тының бұзылуына әкеліп соғады. 

Voicio мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетеді

IT әлемінде қоғамға үлкен үлес қосуға бо­ла­тынын ұғынып, мұндай мүмкі­ндік­ті өндірісте қол­да­нып жүрген жас­тар­дың бірі – Ал­дияр Оразалин. Хей­либери мек­те­бінің оқушысы, ха­лық­аралық олимпиа­да­лардың жүлдегері Алдияр Voicio платформасын ойлап тапқан. Бүгінде Алдияр – мектебіндегі робо­тотехника командасының капитаны. Оның Voicio қосымшасы – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін аса қажет құрал. Мобильді қосымша ым-ишараны дауыстық хабарламаға айналдырады. Қосымшаның не­гізгі мақсаты – есту, сөйлеу қабілетінде қиындығы бар адамдардың еркін қарым-қатынас жасауына, ойын еркін жеткізуіне көмектесу. 

– Технологияның қуаты мүмкіндігі шектеулі жан­дардың жолында кездесетін кедергілерді жойып, оларға өзін қоғамның толыққанды мүшесі сезінуге көмектеседі, – дейді жас өнертапқыш. 

Қазақта «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді. Ғылым жолына жаңа ғана қадам басқан өнертапқыштар жайлы әңгімелеудегі мақсатымыз да сол – жас та болса көп ізденіп, қоғам игілігіне қыз­мет етіп жүрген замандастарымызды көпке та­ныс­тыру еді. Бір Алматы емес, елімізідң әр түкпірінде жаңалық ашуға құмар зияткерлер қаншама. «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығай­тып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғалым ғана өз дәрежесінде заман тала­бының өресінде болады». Алаштың біртуар азаматы Қа­ныш Сәтбаевтың осы бір орамды ойлары мақ­сатымызды айқындай түскендей...

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы