Алматыда Дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес күніне арналған «Еркін тыныс ал» атты баспасөз-конференциясы өтті.
Денсаулықты сақтау – өз қолымызда
722
оқылды

Конференцияда өкпе обырының (ӨО) ауыртпалығы туралы хабардарлықты арттыру, адамның толыққанды өмір сүруі үшін өкпе функцияларын сақтаудың маңыздылығы және өкпе қатерлі ісігі диагнозы қойылған науқастардың проблемалары кеңінен қозғалды.

Іс-шараның спикерлері ретінде жетекші онколог-мамандар – кеуде қуысы онкологы, химиотерапевт, «ҚазОРҒЗИ» АҚ Рабиға Қадырбаева мен медицина ғылымының кандидаты, «ҚазОРҒЗИ» АҚ химиотерапия күндізгі стационары бөлімшесінің меңгерушісі Қалдыгүл Смағұлова сөз сөйледі. Баяндамаларда дәрігерлер ӨО пациенттері ұшырасатын қиындықтарға назар аударды, жүйелік проблемаларды атап өтті, сондай-ақ өмірге қауіп төндіретін осы кеселмен күресу мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Өкінішке қарай, Қазақстан Республикасында өкпенің қатерлі ісігі сияқты қауіпті аурудың дамуына әсер ететін көптеген факторлар бар. Экологиялық жағдай, темекі шегу, сондай-ақ генетикалық факторлар аурудың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Өкпенің қатерлі ісігі біздің елімізде онкологияның барлық түрлерінің арасында таралуы бойынша екінші және өлім-жітім бойынша бірінші орында. Көбінесе өлім-жітім жағдайы кеселдің кеш анықталуының салдары болып табылады. Өкпенің қатерлі ісігі туралы хабардарлықты арттыру, онкологиялық сақтыққа тәрбиелеу және пациенттермен жұмыс жасау, оларды аурумен күресуге бейімдеу өте маңызды. Қазіргі заманғы ғылыми жетістіктер, атап айтқанда қазақстандық дәрігерлердің қолында бар инновациялық препараттар аурудың кеш сатысында да пациенттердің жағдайына қатысты болжамды жақсартуға мүмкіндік береді», – деді онколог-маман Рабиға Қадырбаева.

Өз кезегінде ғалым-дәрігер Қалдыгүл Смағұлова өкпе қатерлі ісігінің алдын алу мен қалайша күресу керектігін тілге тиек етті. «Өкпе қатерлі ісігінің алдын алудың маңызды аспектілері қатарында темекі шегумен күресу, салауатты өмір салты бар. Ең тиімді скринингтік бағдарламаларды енгізу түріндегі ерте диагностика нәтижелерді жақсартуға айтарлықтай оң үлес қоса алады. Еліміздің тұрғындары арасында онкологиялық сақтықты дамыту ерекше қолдауды қажет етеді. Әрбір қазақстандық өзінде және жақындарында тұрақты жөтел, кеуде мүшелерінің жиіленген инфекциясы, тыныс алудың қиындауы, ентігу, ысқырықты сырылдар, қан түкіру, кеудедегі ауырсыну, айқын әлсіздік сияқты белгілердің пайда болуына назар аударуы тиіс. Уақтылы анықталған кесел – табысты күрестің кепілі. «Еркін тыныс ал» іс-шарасы – өкпенің қатерлі ісігі туралы білімді насихаттауға арналған тамаша бастама. Мұндай жобалардың республикада көбірек болуы маңызды», – деді ол.

Бұл айда бүкіл әлемде Өкпе обырына қарсы күрес күні атап өтіледі. Өкпе обыры –қатерлі ісіктің басқа түрлеріне қарағанда көптеген адамның өмірін жалмайтын ең көп таралған онкологиялық кеселдердің бірі. Қазақстанда өкпе қатерлі ісігі онкологиялық сырқаттанушылық құрылымында сүт безі обырынан (13,2%) кейінгі екінші орында (10%), ал өлім құрылымында бірінші орында тұр. Жыл сайын елімізде 3500-ге жуық адам ӨО-мен ауырады. Күн сайын өкпенің қатерлі ісігі 6-7 қазақстандықтың өмірін қияды. Аурудың негізгі себебі – темекі шегу, оның ішінде пассивті шылым тарту да бар (барлық жағдайлардың шамамен 90%). Сондай-ақ, өкпе қатерлі ісігінің дамуы генетикалық сипатқа қатысты болуы мүмкін.

Ерте кезеңдерде ӨО еш симптомсыз болуы мүмкін, науқастардың тек 6%-ына аурудың бірінші кезеңінде диагноз қойылады, бұл уақытта хирургиялық емдеу көрсетіледі. ӨО жағдайларының көпшілігі кеш кезеңдерде анықталады – осы уақытта пациентке инновациялық терапия қажет болуы мүмкін.

Нұрлан ҚҰМАР