Жүргізушілер әйелді жол шетіне сүйреп апарғанымен, ол көше ортасына қайта барып жатқан.
Оралда жолдың қақ ортасына жатып алған әйелдің видеосы тарады
4,735
оқылды

Әлеуметтік желіде Оралдың көлік көп жүретін көшелерінің бірінде түсірілген видео жарияланды. Видеодан мас әйелдің жол үстіне жатып алып, көлік қозғалысына кедергі келтіргенін көруге болады.

 

«Мой город» порталының жазуынша, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер келіншекті бірнеше рет жол шетіне сүйреп апарғанымен, ол көше ортасына қайта барып жатып алған. Куәгерлер полиция шақыруға мәжбүр болған.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 20 тамызда Құрманғазы мен Молдағұлова көшелерінің қиылысында болған.

«Қоғамдық тәртіпті бұзған 43 жастағы әйел алкогольдік масаң күйде болған. Тәртіп сақшылары оны алкогольдік ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарға мас күйінде шыққаны үшін ұстап, әкімшілік хаттама толтырды», – делінген хабарламада.

Әйел Орал қаласындағы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды.