Синоптиктер күзге арналған ауа райы болжамын жариялады.
Күз айларында ауа райы қандай болады?
11,055
оқылды

Қыркүйекте орташа температура республиканың басым бөлігінде нормаға жақын, нормадан 1 градусқа жоғары болады. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбенің солтүстік-батыс жартысында, Қостанайдың солтүстігінде, Солтүстік Қазақстан облыстарының шеткі солтүстік-батысында температура жоғарылайды.

Күздің бірінші айында жауын-шашын мөлшері де республиканың басым бөлігінде сақталады. Маңғыстау облысы мен Ұлытау облысында, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының және Жетісу облысының басым бөлігінде, Атыраудың шеткі оңтүстік-шығысында, Ақтөбе мен Абай облысының оңтүстік-батысында жауын мөлшері бірқалыпты болады.

Қазанда ауаның орташа айлық температурасы республика аумағының басым бөлігінде нормадан 1 градусқа жоғары, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының таулы аймақтарында нормаға жақын болуы ықтимал. Қазанда республика бойынша жауын-шашын нормаға жақын болады деп болжанған.

Қарашада ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2 градусқа жоғары, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Жетісу облыстарында нормаға жақын болады деп күтіледі. 

Қарашада жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан аз болады. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарының басым бөлігінде, оңтүстікте Алматы облысының жартысында, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының және Жетісу облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жауын нормаға жақын болады.

Фото: novyefoto.ru