"Үміт" дағдарыс орталығы 2013 жылдан бері жұмыс істейді және 50 адамға арналған.
Астанадағы әлеуметтік қорғау орталығында 2 мыңнан астам адам тегін көмек алды
654
оқылды

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде брифинг өтті. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Еркебұлан Мәлік азаматтарға уақытша болу жағдайында көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы айтып берді.

 

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы он ведомстволық бағынысты мекеменің қызметін үйлестіреді, оның ішінде екі мекеме уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.

 

Атап айтқанда, «Үміт» дағдарыс орталығы 2013 жылдан бері жұмыс істейді және 50 адамға арналған.

«Дағдарыс орталығына 18 бен 58 жас аралығындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, оның ішінде қатыгездікке ұшыраған кәмелетке толмаған балалар қабылданады. Олар өз бастамасымен немесе білім, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының жолдамасы бойынша жүгінеді», – дейді Еркебұлан Мәлік.

Орталық жұмыс істеген күннен бастап 2 250-ден аса қызмет алушы қабылданған, оның ішінде 735 әйел, 1 500-ден астамы бала. Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жанындағы комиссияның шешімі бойынша мұнда алты айға дейін тұруға болады.

Дағдарыс орталығында тұрушыларға сегіз бағыт бойынша арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Олар қажетті заттармен қамтамасыз етіледі, отбасылық құндылықтарды дамыту бойынша сабақтарға қатысады, тегін заңгерлік, медициналық көмек алады, жеңілдіктер, жәрдемақылар, өтемақылар және басқа да төлемдерді рәсімдеуге көмек көрсетіледі.

Психологтер әйелдер және балалармен жұмыс істейді. Сонымен қатар  мамандар азаматтардың еңбек дағдыларын анықтайды, мәдени-демалыс шаралары өткізіледі.

«Демеу» қайта әлеуметтендіру орталығы 2001 жылы құрылған. Ол 180 орынға, ал түнгі бөлімше 50 орынға арналған.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өкілінің айтуынша, мекемеде белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға әлеуметтік, медициналық, құқықтық және өзге де көмек көрсетіледі. Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар мұнда тәулік бойы жүгіне алады. Қазіргі уақытта «Демеуде» 72 адам тұрады.

Анықтама:

«Үміт» дағдарыс орталығы Қарасай батыр көшесі, 11 мекенжайында орналасқан. Өтініш беру үшін тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны: 8-707-336-20-36, 49-78-89.

«Демеу» қайта әлеуметтендіру орталығы Чехоев көшесі, 14 А мекенжайында орналасқан.