Салафиттер Ақтөбеде мұнай ұрлаумен айналысқан
Салафиттер Ақтөбеде мұнай ұрлаумен айналысқан
Фото: Интернеттен алынды
456
оқылды
Маңғыстау облысында ақша талап ету үшін адам ұрлаумен айналысқан салафиттер тұтқындалды. ҰҚҚ қызметкерлері жедел іздестіру барысында Ақтау мен Жаңаөзен тұрғындарын қолға түсірген. Күдіктілердің үйін тінту нәтижесінде экстремистік сипаттағы діни материалдар, заңсыз қару-жарақ табылған. Жалпы, жат ағым өкілдері жасаған сұмдық қылмыстар әлсін-әлсін әшкереленіп жатады. Арамнан ақша табуды кәдімгідей кәсіп қылған салафиттердің лас тірлігі дінді ойыншық еткендердің шынайы бет-бейнесін көрсетіп тұрғандай. Мәселен, 2016 жылы Ақтөбеде мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Олардың арасында салафиттер бар екен. Аузынан иманы, қолынан Құраны түспейтін әсіредіншілдер атышулы қылмыс әлемінің серкелерімен сыбайласа жұмыс істеген. 2018 жылдың соңында Атырау-Астрахан, Атырау-Орал, Атырау-Бейнеу тас жолында екі жыл бойы тасымалдаушылардан ақша бопсалаған салафиттер ұсталды. Тоқсаныншы жылдардың рэкетін еске түсіретін қылмыскерлер ай сайын жүргізушілерден 5000-25000 теңге көлемінде ақша алып отырған. Атырау-Индер трассасында мал ұрлап бара жатқан ұрылар полицияға тұтылды. Бірі – 29, екіншісі 42 жастағы азаматтар деструктивті діни ағымды ұстанатын болып шықты. Былтыр Көкшетауда салафизм өкілі 30 жастағы келіншекті зорлады. Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, әйелге шабуыл жасаған ер адам бұған дейін намаз оқып, сақал өсіріп, өзін тәртіпті мұсылман ретінде жақсы жағынан танытып келген екен. Қош. Салафиттердің мұндай қылмыстарын санай берсек, тізімді ұзыннан-ұзақ созып, таңды таңға ұрар едік. Сондықтан осы деректермен шектеліп, мәселенің мәніне көшейік. Бір қарағанда, Алла жолынан айнымайтын, Пайғамбар сүннетін құрметтейтін, адал мен арамды парықтай алатын жандар неге тура жолдан таюға бейім тұрады? Қылмыс пен діннің басы қалайша бір қазанға сыяды?
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың пікірінше, Қазақстандағы радикалды ұйым мүшелері – негізінен бұрынғы қылмыскерлер. Діни экстремизм бабымен сотталғандардың 80 пайызы кезінде экономиканың көлегейлі секторында жұмыс істеген екен. Көбі базарларда сауда жасап, заңсыз тасымалмен, делдалдықпен күнелткен. Бірі – рэктир болса, бірі – ұрлық-қарлықпен, кісі тонаумен айналысқан. Теріс бағытқа, әсіресе, кедей отбасыдан шыққан, қылмыстық ортада өскен жастар тезірек бет бұратын көрінеді.
Салафизм-жиһадизм идеясының сыртқы тартымдылығы да сондай жастарды еліктіреді. Экстремистік роликтерде шаһидтер әрдайым «ислам жауларымен» соғысып жүрген батыр ретінде бейнеленеді. Бандитизм рухында тәрбиеленген, өзін криминалдық ортаның серкесі сезінетіндер бұл образға қатты қызығады. Радикалдардың көзқарасы бойынша намаз оқымайтын адам – кәпір. Ал кәпірден ақша, мүлік тартып алу халал саналады. Адасқандар үшін бұл – пайда табудың бір құралы. Радикалдар кісі тонап, ұрлық жасап жүріп, өздерінің бұл әрекетін ислам тұрғысынан ақтап алады. Салафизм жамағаты криминалдық элементтер секілді қоғамнан оқшауланып жүреді. Көбінесе қала сыртын, саяжайлар мен базарларды, жаңадан ашылған аудандарды паналайды. Осындай оқшаулану олардың өзара жақындасуына септігін тигізеді. Сондықтан радикалды ағымдармен күресте қылмысқа бейім аудандарда тұратын жастармен жұмыс жүргізу аса маңызды. Мемлекет әлі күнге дейін базарда қара жұмыс істеп жүрген жастарды оқу-ағарту механизмдерін қарастырмаған. Бұл ретте Франция, Бельгия, Дания, АҚШ сынды мемлекеттердің тәжірибесін ескерген жөн. Нұр-Астана мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов «сəлəфия» атын жамылған ағымдар өз арасында «мəдхали», «сурури», «тәкфири» деген үш топқа бөлінетінін айтады.
– Үш топтың ішіндегі ең радикалды, ең қауіпті топ – тәкфири ағымы. Олар еліміздегі заң жүйесін «тағут», яғни шайтанның заңы деп мойындамайды, намаз оқымайтын адамдарды кәпір деп айыптап, мал-дүниесіне қол сұғуды өзіне адал деп есептейді. Қылмыстық əрекетін асыл дініміз арқылы бүркемелеуге тырысады. Қатардағы қарапайым адамның біреуді себепсіз кәпір деуі – үлкен күнә. Ислам діні қоғамның тұтастығына, елдің бірлігіне сызат түсіретін, адами құндылыққа сай келмейтін құбылыстарға түбегейлі қарсы. Исламның атын желеу етіп, еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төндіру тұнығымызды лайлағысы келетін қара ниеттердің ғана қолынан келсе керек, – дейді имам.
Осы мақаланы әзірлеп отырып белгілі дінтанушы Асылбек Ізбайыровпен де сөйлескен едік. Ол Қазақстанның түрме жүйесінде баяғы «Қара зона» мен «Қызыл зонадан» басқа «Жасыл зона» деген жаңа түсінік қалыптасқанын айтып қалды. «Жасыл зонада» экстремизм бабымен жазасын өтеп жатқандардың сөзі жүреді-міс. Тереңірек зерттеуді қажет ететін ауқымды тақырып болғандықтан, бұл туралы әлі де тарқатып жазамыз. Еркебұлан НҰРЕКЕШ