Өскеменді қасқырлар емін-еркін аралап жүр
Өскеменді қасқырлар емін-еркін аралап жүр
© сурет интернеттен алынды
308
оқылды
Кешеден бері әлеуметтік желілерде Өскемен қаласының жаңадан салынған 19-тұрғын ауданын қасқырлардың емін-еркін аралап жүргені қызу талқыға түсуде. Түс әлетінде облыстық Қан орталығы мен «Ана мен бала» орталығының жаңадан іске қосылған ғимараты (бейнежазбадағы көк ғимарат) аумағында екі қасқырдың жүргенін сол маңдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Тағы бір тұрғындар сол қарқырлардың тас жолдан өтіп бара жатқанын дәл жанынан да түсірген. Түс тағылары көліктер ағылып жатса да, еш сасар емес. Өскемендіктердің кейбірі бұл екеуін сол маңдағы 20-тұрғын ауданға қарасты жер үйлерде тұратындардың иті десе, енді біреулері бұл кәдімгі қасқыр деген уәж айтуда. Ал бейнежазбаға түскен «жыртқыштардың» жүріс-тұрысы үйдің итінен гөрі түз тағысына көбірек ұқсайды. Мұның анық-қанығын енді тиісті мамандар ажырата жатар. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Алайда, тұрғындар дәл осы 19-тұрғын ауданда екі орта мектеп орналасқандықтан әрі оқушылардың дені жаяу қатынап оқитындықтан, сонымен бірге қазір қасқырлардың ылығу уақыты басталғандықтан, ит болса да, қасқыр болса да балалары үшін қатты алаңдаушылық білдіруде. Жалпы Шығыста жабайы жануарлар мен аңдардың қала ішіне кіріп кету оқиғалары жиі орын алады. Соңғы бір жылдың көлемінде ғана Өскемен көшелеріне еліктер, Риддердегі кәсіпорын ауласына қонжықтарын ерткен аю, Семейдегі орта мектепке білім алғысы келген бұлан және осы қаладағы жер үйге сілеусін, Шемонайханада ауыз үйге қасқыр кіріп кеткенін жазған болатынбыз. Дәурен Аллабергенұлы