Жобаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан мен Әзербайжан халықаралық трафик тасымалданатын цифрлық хабқа айналады деп күтілуде.
Қазақстан мен Әзербайжан телекоммуникациялық ынтымақтастықты нақты жобалар арқылы дамытуда
659
оқылды

2023 жылғы 21 тамызда Қазақстан мен Әзербайжанның жетекші телекоммуникациялық компаниялары Қазақтелеком мен AzerTelecom Қазақстан-Әзербайжан бағыты бойынша Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) салуға және пайдалануға жауапты бірлескен кәсіпорынды тіркеу туралы құжатқа қол қойды. Каспий теңізінің түбімен құрылыс жұмыстары жақын арада басталады.

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел жобаны іске асыруды жеделдету жөніндегі тапсырманы Қазақстан мен Әзербайжанның Мемлекет басшылары осы жылдың сәуір айында бергенін,  маусым айында ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың Әзербайжанға сапары барысында ТОБЖ салу жөніндегі бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылғанын хабарлады.

Кабельдік желінің ұзындығы шамамен 380 км құрайды, өткізу қабілеті секундына 400 терабитке дейін жетпек. Транскаспий кабель желісі Азия мен Еуропа арасында деректердің көп терабайттық көлемін өткізуді қамтамасыз ете отырып, маршруттарды әртараптандырмақ, елдеріміздің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтпақ, интернеттің жылдамдығын арттырмақ және өңірдің экономикалық дамуына серпін бермек. ТОБЖ құрылысы Еуропа мен Азия арасында жаңа цифрлық телекоммуникациялық дәліз құру бойынша ауқымды Цифрлық Жібек жолы (Digital Silk Way) жобасының бөлігі болып саналады.

Жобаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан мен Әзербайжан халықаралық трафик тасымалданатын цифрлық хабқа айналады деп күтілуде.