Тұрғын үй нарығында күнде өз­геріс. Ірі қалаларда іргетасы құйы­лып, жан-жағы қоршалып, қар­қынды салынып жатқан құ­рылыс ғимарат­тары көп бол­ғанымен, ха­лықтың бас­панаға қол жеткізуі қиын­дап кетті.
Баспанаға әркімнің бар таласы
1,552
оқылды

Бұ­­ған мемлекет та­рапынан тиім­­­ді ипотекалық бағдар­ла­малар­дың қарастырыл­ма­ғаны да, екінші деңгейлі банктер ұсын­ған ипотека пайызының қымбат болуы да әсер етіп отыр.   

Биылдан бастап «7-20-25» бағ­дарлама­сын қаржыландыруға лимит енгізілді. Осылайша, бағдарламаға жылына 100 млрд теңге бөлінеді. Тиісінше, әділдік қа­ғидатын сақтау үшін «7-20-25» ипоте­касын тек бір рет алуға болады. Яғни, бұған дейін «7-20-25»-пен баспана алған адам енді бұл бағ­дарламаға қатыса ал­майды. Дегенмен бағдарлама ая­сында бір жылға берілетін 100 млрд теңге нарыққа анау айтқандай әсер ете алмайды. Сәй­кесінше, «7-20-25»-пен жалпыға үй алу қиындап кетті. Ал құрылыс компаниялары дайын баспана­ларын сату үшін екінші деңгейлі банктер­мен бірігіп, халыққа түрлі ипотека ұсынуда. Бірақ олардың пайыздық мөлшер­лемесі қымбат. Осы­лайша, сұраныс азайғаннан кейін еліміз бойынша тұрғын үй бағасы да ай санап арзан­дауда. Айталық, қазір екінші дең­гейлі нарықтағы баспана бағасы арзан­дап жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бағаның төмендеуі, әсіресе соңғы 4 айда бай­қалады. Екінші деңгейлі нарықтағы тұрғын үй 3,7% пайызға ар­зандап, әр шаршы метрі қазір 494 мың теңге тұрады. Баға Астана, Алматы, Көк­шетау, Өскемен және Қостанай қа­лала­рында төмендеген. Ал басқа өңірлерлерде әзірге өзгеріс жоқ. Енді салынып жатқан тұрғын үйлер де арзандапты. Алайда 0,1 пайызға ғана. Қазір оның орташа шаршы метрі – 486 мың теңге. Дегенмен бас­пана бағасы төмендегенімен, халық­тың бас­пана алуына кедергі көп. 

Аз қамтылғандарға бастапқы жарна табу қиын

Айталық, жыл сайын мемлекет­тік бағ­дарлама бойынша баспана ала алатын осал топтардың тек 1,6 па­йызы ғана үйлі бо­лады. Жақында депутаттар «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағдарламаларындағы бастапқы жарнаны жеңілдету бо­йынша бастама көтерді. 

– Елде әлеуметтік мұқтаж от­басыларды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалардың бар екені белгілі. Алайда оларды іске асы­ру көптеген себеп бойынша қиын өтеді. Яғни, кезекте ұзақ тұру, оның жылдар бойы жылжымауы, қар­жыландырудың шектелуіне, салы­нып жатқан тұрғын үйдің жетіс­пеуіне қатысты мәселелер бар, – дейді Мәжіліс депутаты Г.Танашева.

Оның айтуынша, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2019 жылдан 2022 жыл аралығында 14 938 несие, «Шаңырақ» бағдарла­масы аясында 2020 жылдан 2022 жыл аралығында 19 394 несие беріл­ген. Елімізде халық санының қар­қын­ды өсуі жағ­дайында несие бөлу­дің бұл көрсет­кіштері өте төмен.

 – 2023 жылға «Бақытты отбасы» бағ­дарламасына 3 176 өтінішке, «Шаңырақ» бағдарламасына 3 610 өтінішке 71,9 млрд теңге бөлінді. Бұл баспана кезегінде тұрған 415 700 адамның биыл тек 6 786 өтініші ма­құлданады деген сөз. Бұл тек 1,6 пайы­зын  құрап отыр. Халықтың әлеуметтік осал санаттарын тиісті баспанамен қам­та­масыз ету үшін қолданыстағы ипотека­лық бағдар­ламаларды қайта қарау қажет, – деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, «Ба­қытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны міндетті шарттардан алып тастау керек немесе үш санатқа (көпбалалы, толық емес отбасы­ларға, мүмкіндігі шектеулі балалар­ды тәр­биелеп отырған отбасыларға) тұрғын үй сертификатын беруді қам­­тамасыз ету қажет. Бастапқы жарнаны төлемей, бас­пана алудың бала­малы тетіктерін енгізуді қарас­тыру маңызды. Сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасына толық емес отба­сыларды қосу керек. Ипотека­лық несие беру шарттарын қайта қарап, аталған санаттағы отбасылар үшін тиісті жағдай жасау маңызды. 

Жарнасыз ипотека жақсылыққа апармайды

Алайда тұрғын үй сарапшылары депу­тат­тардың бұл пікірімен келіс­педі. Себебі «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағ­дар­ламалары нақты бір әлеуметтік топқа арналған. Сондықтан мемлекет ипотека бер­генде бастапқы жарна арқылы осал топ­тардың ипотека төлеу қабілет­терін тексереді. 

– Менің ойымша, мемлекеттің тұр­ғын үй саясаты тек  әлеуметтік аз қамтылған, көмекке мұқтаж жан­дарға бағытталуы керек. Халықтың бәріне бірдей емес. Өйт­кені мем­лекет баспана бойынша азамат­тардың барлығына бірдей көмектесе бас­таса, нарық өзгеріске ұшырап кетеді. Мұны бұрын да байқағанбыз. Ол кезде үй ба­ғалары ипотекалық бағдарламалардың артықшылық­тарын жуып-шайып тастай­тындай өсіп кетті. 0 пайызбен ипотека берсе де, үй бағалары тым жоғары болады. Сондықтан мемлекеттің бөлген жеңіл­дік­тің барлығы құрылыс ком­па­­ниясының қалтасына кетіп жа­тыр. Сол себепті мем­лекет аз қам­тыл­­ған топтарға ғана көмек­тесуі керек, – дейді тұрғын үй сарапшысы Айбар Олжаев. 

Оның айтуынша, қазіргі нарық­тық жағдайда «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағдарлама­ларының шарттары жеңіл. 

– Бұдан артық бағдарламаны қалай жеңілдетуге болатынын білмеймін. Себебі ипотеканың өзі «қайтаруы керек» деген мағынада белгіленген. Аз қамтылған отбасы 10 пайыз болса да бастапқы жар­насын өз қалтасынан шығаруы керек. Сонда ай сайын төлейтін жүктемесі аз болады және бұл – мемлекетке сол отба­сының ипотеканы қайтаруға мүмкіндігі бар ма екенін тексеретін жүйе. Сондықтан экономист ретінде атаулы бағдарламадан бастапқы жарнаны алып тастауды қолда­май­мын. Бұл бізде дефолтты жағдай­лар­ды көп туғызады. Алғашқы жарнаны жинай алмайтын отбасылардың бар­лы­ғына ипотека берсе, олар кейін төлей алмайды. Сондықтан алғашқы жарнаны қалдыру керек, – дейді Айбар Олжаев. 

Отбасы банктің ойлағаны не?

Халыққа үй алудың ең тиімді жолын Отбасы банкі ұсынатын еді. Бірақ мамыр айынан бастап Отбасы банкінен ипотеканы кем дегенде үш ай депозитте ақша жина­ғандар ғана ала алады. Яғни, бұрынғыдай 50/ 50 немесе 30/70 бағдарламалары ая­сын­да бірден жарна құйып, баспана алу мүмкін емес. Әрі осы жаңа өз­герістер аясында несие мөлшерле­ме­сінің пайызы да төмен­детілмек. Бұрын несие мөлшер­лемелері жы­лына 7 пайыздан 11,5 пайыз ара­лы­ғында болған. Енді бұл шек 6 па­йыз­­дан 10 пайызға дейін төмен­дейді. Мөлшер­леме депозитте жинақтау мерзіміне және оны толтыруға бай­ланысты болады. Айта кету керек, бұрын депозитте жинақ ақ­шасы жоқ клиенттер Отбасы банкіндегі жинақ шотына тұрғын үй құнының 50 па­йызын салса, бағалау көрсеткішінің мәніне қара­мастан бірден 11,5 пайыз мөлшерлемемен аралық несие алатын. Бұдан былай ипотека рәсімдеу үшін ең төменгі бағалау көрсеткіші (ОП) 2,5 болуы керек. Яғни, банк де­регінше, енді азамат­тар арнайы есепшот ашып, ондағы бағалау көрсеткішін тиісті межеге жеткізуге тиіс. Содан кейін ғана несие рәсімдей алады.

– Бағалау көрсеткіші 2,5 болу үшін тұрғын үй құнының 50 пайыз мөлшерінде депозит толықтырылған кезден бастап 3 ай өтуі керек. Содан кейін банк макси­малды мөлшерлеме бойынша 10 пайызбен несие береді. Ал 30/70 бағдарламасы ая­сында ба­ғалау көрсеткіші 3,3-ке жетуге тиіс, – деп айтылған банк ақпаратында.

Бұл өзгерістер тек ипотека  емес, банктің нарықтық бағдарламалары – бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алу, жер учаскесін сатып алу, тұрғын үйді жөндеу және жаң­ғырту мен құрылысына да қатысты екені айтылады. 

Жалпы,  2022 жылдың қорытын­дысы бойынша Отбасы банк бар­лығы 79 872 несие берген, оның 68 пайызы – осы 50 пайыз жарна ар­қы­лы берілген аралық қарыздар. Отба­сы банк тамыз айынан бастап тағы жаңа өзгерістер енгізді. Банк депозитті сату қызметін тоқтатты. Яғни, бұдан былай кез келген адам қолма-қол ақшасына дайын депозит сатып алып, арзан пайызбен үй ала ал­майды. Демек, жеңілдетілген па­йыз­бен баспаналы болу мүмкін­ді­гі­нен айырылады. Экономист, қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, бұл – тұрғын үй нарығын реттеудің тиімді жолы. 

– Қазір халыққа мемлекет тара­пынан тиімді ипотекалық бағдар­лама жоқ. Бұл дұрыс, себебі нарық енді өзін-өзі реттейді. Ал бүгінде тиімді ипотекалық бағдарлама От­басы банктікі. Бірақ енді банкке ақша салып, бірден үй ала алмайсыз. Жаңа ере­желерге сәйкес кем дегенде 3 ай шотыңызда ақша жиналып тұ­руы керек. Сонда ғана банк сізге ипо­текалық несие береді. Әрине, ха­лыққа алғашқы жарнасыз, пайыз­сыз ипотека керек. Бірақ шын мәнін­де, халық­қа ипотека нарықтық болуы керек. Нарық­тық ипотека бол­са, базалық мөлшерлеме тө­мен­де­­генде нарықтық пайыздар да тө­мен­дейді. Міне, сол кезде бұл ең жақсы ипотека болады, ешқандай бағдарлама қажет емес. Мемлекеттік ипотекалық бағ­дар­лама тек қоғам­ның әлсіз топтарына ар­­налуы керек. Содан кейін ғана біз нарық­­ты сал­қын­датып, пәтерлер бағасын нарық­тық қатынастарға икемдейміз. Ал қазір біз әртүрлі бағдарламаның нәтижесін көріп жатырмыз, – дейді Андрей Чеботарев.

Ал тұрғын үй сарапшысы Айбар Олжаев­тың пікірінше, бұл – на­рықтың бір жүйеге келгені. Себебі Отбасы банк ішкі  тұрғын үй жинақ­таушы жүйені іске асы­рады. Бұл – жабық жүйе. Сырттан еш­қандай фактор әсер етпейтіндей жасалған. Бірақ оның өтімділік резервы болуы ке­рек. Белгілі бір ақшаны сала салып, үй ала салу тұрғын үй жинақ­тау жүйесіне кесірін тигізеді. 

– Сондықтан 50 пайыз ақшаны салып, ақша жүйеде жұмыс істегенін біраз күту ке­рек деген талап енгізілді. Артынша депозит­терді сату процесі күшейіп кетті. Бұл енгізілген жүйеге қайшы болды. Сон­дықтан тек туыс­тар арасында ғана депозит­ті бірік­тіруге болады. Мен банктің бұл қа­дамын дұрыс деп ойлаймын, – дейді Айбар Олжаев. 

Біз сарапшыдан халыққа дәл қазір қандай ипотекамен үй алған тиімді екенін сұрадық. 

– Егер әлеуметтік аз қамтылған топқа жатпасаңыз, онда 7-20-25 бағ­дарламасы тиімді. Құрылыс компа­ниялар ұсынған бөліп төлеу мерзімі әзірге тым аз болып тұр, банктік ипо­­тека пайызы қымбаттау. Сон­дық­­тан жаппай ипотека нарықтық қана болуы керек. Халыққа қар­жы­лық жағдайдың тұрақталып, базалық ставканың төмен түскенін күту ке­рек. Сол кезде банктер беретін ипо­теканың пайызы 10 пайыздың ай­на­ласында болады. Сонда экономи­ка­мыз дұрыс жұмыс істейді. Ал қазір экономикадағы базалық ставка бө­лек, ипотеканың өз ставкасы бөлек кезде біздің экономика ешқашан түзелмейді, – дейді Айбар Олжаев.

Ендеше бұл да нарықтық эко­но­ми­кадағы өтпелі шақ. Алда не бола­рын уақыт көрсетеді.

Көктем ҚАРҚЫН

© коллаж: Елдар ҚАБА