Студенттік шақ – жастық дәуреннің ең ыстық естеліктерімен таспаланатын кезең. Университет қабырғасындағы төрт жылын білім алуға ғана емес, са­бақтан тыс уақытын жұмысқа арнай­тындар көп.
Студентке қандай жұмыс «жарасады»?
2,698
оқылды

Қазіргі нарық заманында студент түгілі айлық жалақыға жұмыс істейтін мамандар қаражатын бір айға әрең жеткізеді. Ал студенттердің мәсе­лесі тіптен бөлек. Мемлекет тарапынан берілетін шәкіртақы жалақымен са­лыс­тыруға келмейді. Әсіресе, Алма­ты­дай алып шаһарда оқитын студент­тер үшін бір шәкіртақымен күн көру мүмкін емес. 

Жыл сайын жұмыс іздеуші студенттердің саны ұлғайып келеді. Мәселен, hh.kz сайтына келіп түскен 18 бен 22 жас аралығындағы үміткерлердің түйіндемелері еңбек нарығына студенттердің көбірек араласқанын көрсетеді. Сайттағы деректерге сүйенсек, барлық үміткер түйіндемесінің 34 пайызын студент­тер құрап отыр. Былтыр жұмыс іздеуші студенттердің саны 139 пайызға өскен. 

Білім іздеп шалғай ауылдан мегаполиске келген студенттер алғашқыда көп нәрседен жетік хабары болма бермейді. Өкініштісі, қалтамды қамдаймын деп жүріп сабаққа ынтасын қашырып алған студенттер де кездеседі. Әлеуметтанушы Меруерт Шынар­бекованың сөзінше, біздің студенттер кампуста емес, тікелей нарықта жұмыс істеуіне байланысты олардың апталық жұмыс уақытын белгілеу қиын. Студенттердің аптасына 15 сағаттан артық жұмыс істеуі – жүктеменің артуы мен уақыттың тапшылығы әсерінен оқу үлгерімінің төмендеуіне әкеледі.

– Студенттің сабақ үлгеріміне жұмыстың позитивті немесе негативті ықпалын бағалаудың негізгі факторы – GPA, яғни оқу үлгерімінің орташа  коэффициенті. Студент­тердің жұмысбастылығы туралы сөз қозғал­ғанда, кері әсері туралы пікірлер жиі айты­лады. Көптеген шетелдік зерттеуге назар ау­дарсақ, жұмыс уақыты аптасына 15 сағаттан көп болған кезде ғана жұмыстың оқуға кері әсері болады. АҚШ білім департаментінің мәліметінше, аптасына 1-15 сағат жұмыс істей­тін студенттердің оқу үлгерімі 16 сағат­тан көп немесе мүлде жұмыс істемейтін сту­дент­­терге қарағанда біршама жақсы, – дейді ол.

Осы тұста ескеретін маңызды жайт – жұмыс түрі. Меруерт Шынарбекованың ай­туынша, АҚШ университеттерінің кампу­сында студенттерге арнайы жұмыс орындары бар. Зерттеу нәтижелерінде кампустағы жұмыс оқу үлгеріміне кедергі келтірмейтіні белгілі болған. Мұнда студенттерге аптасына 15 сағаттан артық жұмыс істеу де қажет емес. Ал отандық ЖОО-ларда студенттерге кампус ішіндегі жұмыс түрі қарастырылмаған. Сон­дықтан сабаққа аса көп кедергісі тимес үшін маман студенттің қосымша жұмыстардан гөрі мамандығына қатысты кәсіппен айналысу әлдеқайда тиімдірек екенін алға тартты.

– Өз мамандығына жақын жұмыспен ай­налысудың пайдасы тек қаржылық жағы­нан емес, білім тұрғысынан да дұрыс болмақ. Ма­ман­дық бойынша жұмысқа басты назар аудар­ған жөн. Бұдан студенттің қосымша кәсіби дағдылары қалыптасып, біліктілігі артады. Ал қызмет көрсету саласында, әсіресе бей­уақытта апталық жұмыс істеу режимін сақтамау оқуға кері әсер етеді, – дейді әлеуметтанушы.

Қыркүйек айынан бастап бакалавриат сту­денттерінің шәкіртақысы 20 пайызға ар­тады. Яғни, студент енді ай сайын 41 898 теңге алады. Алайда елімізде шәкіртақы, жәрде­мақы, жалақы өскенімен, артынша тұтыну тауарларының бағасы да аспандайды. Сту­дент­тер оқу ақысынан бөлек жатақхана, пәтер бағасы үшін қосымша шығынға батады. Одан өзге сабақ уақытындағы күнделікті ішіп-жемі, жолақысы тағы бар. Қаржылық дағдарыс студентті қала кезіп, жұмыс іздеп кетуге мәжбүрлейді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің студенті Батыржан Жұмаділов трендке айналған салалардың бірі SMM бойынша кәсібін дөңгелетіп отыр. Өзінің айтуынша, бұл салаға аяқ баспай тұрып өзге студенттер секілді жұмыс іздеп, дүкендер мен кафе, сауда орталығын жағалап жүрген:

– Алғаш рет 1-курстан кейін жазда даяшы болып жұмыс істедім. Жалақысы өте төмен болатын. Есімде, алғашқы 1 айлық жалақыма тек концертке 2 адамға билет алдым. 2-курс басталғанда бұл жұмысты оқумен қатар алып жүру қиын болды, группаластарым сату менеджері болуға шақырды. Ол жерде де 2 ай жұмыс істеп, төмен жалақы үшін шығып кеттім. Сол кезде 25 мың теңгеге копирайтинг курсын сатып алдым. Шыны керек, жалғыз копирайтингті оқып жұмысқа тұра саламын деген қате ой болыпты. Нәтиже болмады. Оқумен қатар алып жүретін жұмыс табыл­мауы­ның себебінен жарты жыл не жұмыссыз, не шәкіртақысыз, ата-анамның ақшасына күн көріп жүрдім. 2-курстан кейін жазда супермаркет желісіне жұмысқа тұрдым. Бұл жұмыс мен үшін сәттілік алып келмеді. Біріншіден, жалақы төмен, айына 80 мың теңге ғана. Екіншіден, басшылардың қызмет­керлерге қарым-қатынасы мәз емес. Үшін­шіден, моральдық және физикалық тұрғыда шаршатады, – дейді ол.

Осы кезде Батыржанға SMM/Мобилогра­фия курсын оқуға ұсыныс түседі. Білім алуға қаражат құйып, тәжірибе арттырудың арқасында Батыржан бүгінде үйде отырып-ақ SMM саласындағы тұрақты жұмысымен айналысады. Тіпті, клиенттер көп жағдайда өздері іздеп табатынын айтады:

– Әрине, қиыншылықтар болды. Бүгінге дейін біраз жерде жұмыс орнын ауыстырдым. SMM-нен бөлек фриланста дизайн, моби­лография, дыбыстау салаларында тапсырыс қабылдаймын. Жұмысым көп жағдайда онлайн болғандықтан, сабақ үлгеріміме аса әсер етпейді. Қосымша табысым қажеттілік­терімді толық өтейді. Дегенмен бұл шегі емес, себебі табысың артқан сайын сұранысың да арта береді, – дейді Батыржан. 

Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінің студенті Жансая Жұмағазиева – студент болса да болашақ мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген жастардың бірі. Қазір мұғалім ретінде бала­ларға сабақ береді:

– Ең алғашқы жұмысты арнайы жарнама сайттарынан көріп, хабарласып бардым. Мұғалім ретінде жұмысқа орналастым. Мұға­лім болу – бала күнгі арманым. Бастапқы жыл­дары қиындықтар жиі болатын. Кейде үлгер­мей,  сабақ оқымай келетін кездер бол­ған. Ұстаздар­дан ескерту алдым. Ал қазір іс-тәжірибенің арқасында және өз жұмысым­ды жақсы көргендіктен, бұл қателіктерге жол бермеймін. Енді заман ағымына сай жұмыс істеп, қосымша табыс табу керек қой, – деді ол.

Еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждердің басым көпшілігі Алматыда орналасқанын ескерсек, жыл сайын студент­тер саны артып, кәсіп іздеушілер қатары кө­бейе түсетіні анық. Жұмыс істеп, нан таба­мын деген студент үшін қашанда екі қолға бір күрек табылады. Ең бастысы, студенттің оқу орнына келудегі негізгі миссиясы – білім алуды ұмыт қалдырмаса екен дейміз. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы