Президент БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталықтың басшысы Каха Имнадзені қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілін қабылдады
860
оқылды

Мемлекет басшысы Каха Имнадзені жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтап, оның Орталық Азия мемлекеттері мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Президент Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталықтың маңыздылығы мен қажеттігін атап өтіп, оның аймақтағы орнықты өсімді қамтамасыз ету, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісіне одан әрі қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. 

Каха Имнадзе орталық қызметіне қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанның өңірдегі бейбітшілікті нығайту және диалогті ілгерілету ісіне қосқан елеулі үлесін атап өтті. Каха Имнадзе өңір елдерінің өзара жемісті ынтымақтастығына жан-жақты ықпал етуге тырысатынын мәлімдеді. 

Сонымен қатар кездесу барысында Ауғанстандағы қазіргі жағдай талқыланды.