Ақтоғай ауылының ардагері Қажымұрат Батанов ауыл ішіне жаяу жүргінші жолын және Наурыз көшесіне асфальт жол салуды сұрады.
Депутаттар қоғамдық  қабылдау өткізіп, тұрғындардың көкейтесті сұрақтарына жауап берді
707
оқылды

«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идрисов  және Атырау облысы мәслихатының депутаты Еркебұлан Кенжеғалиев облыстағы Жайық бойын жағалай орналасқан Махамбет ауданының Ақтоғай және Сарытоғай ауылдарында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың көкейтесті сұрақтарына жауап берді. 

Ақтоғай ауылының ардагері Қажымұрат Батанов ауыл ішіне жаяу жүргінші жолын және Наурыз көшесіне асфальт жол салуды сұрады.

– Бұл мәселені шешу үшін бірінші аудандық әкімшілікпен жаяу жүргінші және автокөлік жолын салу үшін жобалық-сметалық құжат дайындап, қаржысын нақтылап, мүмкіндіктерді зерделеу қажет. Содан кейін қаражат мәселесін шешуге жұмыстанамыз. Ұсынысыңыз қабылданды, – деді Абдолла Хамиұлы.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен дәрі-дәрмекті ауылда қолжетімді бағада сатуды ұйымдастыруды ұсынды. Ал аудандық аурухананың дәрігерлеріне шағым білдірген тұрғын Құрманғали Мырзағалиевтің  мәселесі облыстық денсаулық сақтау басқарма басшылығына жолданатын  болды.

Сарытоғайлық Қоламан Искедиров ауылдағы Қ.Қалыбеков атындағы орта мектептің теңгеріміндегі «Арай» жазғы балалар сауықтыру лагерін дербес мекеме ретінде қайта құрып беруді сұраса, Бақыт Қалиахметов бірнеше жылдан бері мәселесі шешілмей тұрған Сарытоғай ауылдық мәдениет үйі құрылысының  аяқталуына ықпал етуді өтінді. Екі мәселе де заң аясында шешілетіндіктен, жұмыс барысы тұрғындарға егжей-тегжейлі түсіндірілді. 

Жұмыссыздық мәселесін жою мақсатында Сарытоғай ауылынан үлкен көлемде жылыжай салу қажеттігін ұсынған Бекболат Ахметовке  алдағы уақытта демеуші тарту мәселесі қарастырылатындығын жеткізді. Ал істен шыққан көше жарық шамдарын Махамбет ауылдық округімен керекті қаражат қаралып, қалпына келтіретін болады.

Іргелес қоныстанған қос ауылдың бүгінін ғана емес, болашағын бағдарлаған бұқарамен кездескен халық қалаулылары көтерілген мәселелерді жауапты орындарға жолдады. Сондай-ақ, шешімін тапқанша тікелей партияның  бақылауында болады.