Кеше еліміздің барлық өңірінде «Әділетті Қазақстан: Адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» тақырыбымен білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті.
Биыл 154 мектеп салынады
770
оқылды

Аталмыш конференцияның биылғы ерекшелігі, әр өңірде әртүрлі тақырып­тық бағыттарға сәйкес секциялық отырыстар ұйымдастырылды. «Жайлы инфрақұрылымды қалыптастыру» бағыты бойынша өткен Астана­дағы пленарлық отырысқа оффлайн және он­лайн режимде 11 мыңға жуық мемлекеттік және жекеменшік ұйым басшылары, еңбек ардагерлері, педагогтер, мәслихат хатшылары қатысты.

Сессия жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева, Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Олар онлайн трансляция арқылы жаңа оқу жылымен құттықтады. 

Пленарлық отырыстың модераторы ретінде жиынды Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жүргізді. Бағдарлама аясында қатысушылар білім беру саласындағы басты үрдістерді, сапалы білім берудің қолжетімділігін және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысын талқылады. Тамыз кеңесінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бүгінде Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестациялау процесі автоматтандырылып жатқанын, педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталғанын жеткізді.

– Ұлттық платформа негізінде аттестаттау процесі автоматтандырылды. Енді мұғалімнің кызметі туралы барлық ақпарат оның жеке кабинетінде жинақталған. Сонымен бірге, педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алып тасталды. Мұғалім тек өзі сабақ беретін пән бойынша ғана тестілеуден өтеді. Онда да модератор немесе сарапшыға өткенде ғана. Алдағы уакытта педагог-зерттеуші мен шебердің біліктілік санатын беру тәртібі толықтай өзгереді. Кәсіби қызметке алғаш рет кірісетін немесе жұмыс өтілінен үзіліс алған педагогика мамандығының түлектері  үшін санаттылық олардың пайдасына қайта қаралады, – деді министр Ғани Бейсембаев.

Жиын барысында сөз алған Премьер-министрдің орынбасары-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқу жылын ұзартуға дайындық жасауды тапсырды. 

– Осы оқу жылынан бастап оқу ұзақтығын 36 апталық оқу жылына 2025 жылдан кейін ауысуға дайындық жүргізуді бастауды тапсырамын. Соның ішінде оқу бағдарламаларын соған сәйкес дайындау қажет, – деді. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүгінде елімізде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы әзірленуде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту үшін осы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға артады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында инфра­құрылымды дамыту жұмыстары да қоса жүргізілуде. Биылдың өзінде 12 апатты және 29 үш ауысымды мектепті қысқарту мақсатында 132 мың оқушыға арналған 154 мектеп салынады. Келесі жылы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 461 мың оқушыға арналған тағы 217 мектеп пайдалануға берілмек. 

Жанель ҚҰТТЫБАЙ