Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Қарасу ауылындағы бұл мектептің құрылысы 2020 жылы басталған еді.
Қарасулық балаларды қуантты
549
оқылды

108 орындық оқу ордасының құрылысын жүргізген мердігер жұмысты орта жолдан тастап, нысан біраз сынға ұшыраған болатын. Облысқа басшы болып келген Нариман Төреғалиев аудандарды алғаш аралаған сапарында алыс аудандардағы бітпей тұрған мектеп құрылыстарын жеке өзінің бақылауына алатынын айтқан еді. Енді араға уақыт салып, сол мектеп жаңа оқу жылында есігін айқара ашқалы отыр. 

Жұлдыз ауылындағы бұл мектеп Кеңес одағы­ның батыры Ахмедияр Құсайынов атында. Ауылдың бұрынғы мектебі апатты деп танылып, орнына осы жаңа мектеп бой көтерді. Бір мерді­герден екінші мердігерге өтіп, ырғалып-жырғалып құрылысы біткен мектеп ауыл тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлады. Енді онда 130-дан астам бала білім алатын болады. 

Жаңа мектепті аралап шыққан аймақ басшысы мектеп ұжымына жаңа оқу жылында табыс тіледі. 

Оқу жылы демекші, облыста биылғы оқу жылында да біраз мектептің құрылысы аяқсыз қалып отыр. Атап айтсақ, қазіргі уақытта облыс көлемінде 23 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 15 мектеп аудандарда орналасқан. Жоғарыда аталған 23 мектептің 18-і биылғы оқу жылына үлгермейді, олардың құрылысы тек осы жылдың соңында аяқталады. 

Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста тағы 18 мектеп салу жоспарланған. БҚО Білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, олардың ішінде 9 мектеп 2024 жылы, ал қалғаны 2025 жылы салынады. 

Апатты және ескі мектептерді күрделі жөндеу­ден өткізу де күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде облыста 6 мектептің жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Үш мектептің жөндеу жұмыстары тек жылдың аяғында бітеді. Жөндеу жұмыстары біт­пеген мектептердің оқушылары уақытша әкімдік­тер мен ауыл клубтарында оқи тұруға мәжбүр.

Құрылысы бітпей тұрған мектептердің бірінде аймақ басшысы өзі де болды. Казталов ауданына жұмыс сапарында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Алма Оразбаева атындағы мектептің құрылысымен танысты. Мектеп – 600 орындық. Бұл мектептің де құрылысы бірнеше жылдан бері созылып келеді. Ал ауыл балалары болса сөмкелерін құшақтап көшіп-қонып білім алуға мәжбүр. 

– Мектеп құрылысы жаңа оқу жылына үлгер­мейтіні анық. Мен сіздерге жұмысты 1 қарашаға дейін аяқтауды тапсырамын. Балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалатын болсын. Мен бұл мектептің де құрылысын өз бақылауыма ала­мын, – деді Нариман Төреғалиев. 

Ж.ҚАЙЫРҒОЖИНА