2023 жылғы оқу жылының тамыз айының жауынгерлік даярлықтағы қорытындысы шарасында көк Туды көтеру мәртебесі Жанарбек Заңғарға бұйырды.
Мергендіктің хас шебері
380
оқылды

Ол – «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері 06708 әскери бөлімінің 1-ші реактивтік артиллериялық дивизионы 1-ші реактивтік артиллериялық батареясының қатардағы жауынгері. Жанарбек – жауынгерлік даярлықтың үздігі. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына осы биылғы жылдың көктемінде әскерге шақырылып, жақында ғана салтанатты түрде Отанға адал қызмет етуге Әскери ант қабылдаған болатын.

Қатардағы жауынгер Заңғар Жанарбек әскер қатарына Астана қаласынан шақырылды. Сарбаз атыс қаруынан оқ ату жаттығуы дайындығын білім ошағында оқып жүрген кезінде алғашқы әскери және технологиялық дайындығы пәнінен оқып танысқаны болмаса, әскер қатарына шақырылғанға дейін атыс қаруын иығына тіреп, атуды іс жүзінде жүзеге асырып көрмеген еді. Көпшілікпен бірге сап түзеген сарбаз Заңғар жас сарбаздар жиынында шыңдалды. Берілген тапсырмаға мұқият болып, командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын орындауға тырысып бақты.

Салауатты өмір салты мен спортпен шұғылдануды берік ұстанған жас сарбаз спорт және дене шынықтыру дайындығында жеке құрам арасында алда болды. Әскери ант қабылдау алдында ұйымдастырылып өткізілген жас сарбаздардың практикалық оқ-ату дайындық сабағында атыс қаруынан бастапқы жаттығуды орындау кезінде де алдыңғы үздіктер қатарынан көрінді.

Жақында 06708 әскери бөлімінің 2023 жылғы тамыз айының қорытындысы бойынша жауынгерлік даярлықтың атыс қаруынан оқ-ату жаттығуында 1-ші реактивтік артиллериялық дивизионының қатардағы жауынгері Заңғар Жанаберген 97 ұпай жинап, жеке құрам арасында алға шықты.

Аз уақыттың ішінде мол тәжірибе жинақтаған мерзімдік қызмет әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Заңғар Жанарбек сөзге тарқанымызда, өз ойын: «Мергендік атыс шеберлігін ұнатамын. Жас сарбаздар жиыны барысында алғаш рет атыс қаруынан нысаналарға оқ атып, өзімді нағыз жауынгер ретінде сезіндім. Әскерге келген күннен бастап офицерлер мен сержанттар бізді көп әскери дағдыларға бейімдеді. Өз басым, әсіресе атыс даярлық сабақтарында қаруды қолданудың әдіс-тәсілдері мен қыр-сырын жетік меңгердім. Әрине, жасырмаймын әлі де үйренерім көп....» - деп, жеткізе білді.

Осы орайда, жеке құрамды басқару мен мерзімдік қызмет әскери қызметшілерді жауынгерлік даярлықта алда болуға дайындаудағы 06708 әскери бөлімінің 1-ші реактивті артиллериялық дивизионының басшылық құрамының атқарып келе жатқан қызметі орасан зор. Бөлім командирі подполковник Жасұлан Абеков бастаған офицерлер мен сержанттық құрам жеке құрамның жауынгерлік даярлықтағы білімі мен біліктілігіне баса назар аударып келеді.

Жауынгерлік даярлықтың үздігі қатардағы жауынгер Заңғар Жанарбек сынды сарбаздары бар 1-ші реактивті артиллериялық дивизионының жеке құрамы әлі талай биіктерді бағындыра береді деген сенімдеміз!

Думан Жұмашұлы,
лейтенант,
Приозерск гарнизонының
баспасөз хатшысы