1995 жылғы 30 тамыз әрбір қазақстандық үшін тарихи күн бол­ды, бұл датада Қазақстан Республикасының Консти­туция­сы қабылданды.
Адам құқығының кепілі
1,028
оқылды

Негізгі заңда мемлекеттің ең жо­ғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы екендігі бекітілді жә­не бұл акт мемлекет құрудың іргетасына айналды, оның ішінде қазақстандық қо­ғамның үдемелі дамуының тұжырымдамалық негізін айқындады. Бүгінде ел Конституциясы уақыт сынынан өтті және демократиялық институттарды нығайтуда, ішкі саяси тұрақтылықты, заңның үстемдігін, адам құқығы мен бостандығын мүл­тіксіз сақтауда өзінің жалпыұлттық маңызын дәлелдеді деп айтуға болады.

Ата Заңда «Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымас­тығының, адам және азаматтың құқығы мен бостандығының  нышаны және кепілі» делінген және прокуратура бұл функцияларды жүзеге асыратын негізгі құқықтық тетік. Конституцияның 83-бабына сәйкес, прокуратура мемлекет атынан заңда белгіленген шекте және нысанда ел аумағында заңның сақталуын қадағалайды, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Атап өту керек, 2022 жылы 18 қарашада «Про­куратура туралы» конституциялық заң қолданысқа енді және бұл құжат прокуратураның ел Президенті – кепілгердің адам құқығы мен бостандығын қорғау бойынша өкілеттігін іске асыру мәртебесін күшейтті. Атап айтқанда, прокурорларға жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру кезінде азаматтардың Конституциямен кепілдік берілген құқығын қорғау үшін елеулі өкілеттіктер берілді. Заңның, адам құқығының бұзылуы анықталған жағдайда прокурорлар жедел-іздестіру шараларын дереу тоқтатады, бұл қызметті жүзеге асыратын органдардың лауазымды тұлғаларының заңсыз шешімінің күшін жояды. Биылғы жылдың өткен кезеңінде прокурорлар арнайы іс-шаралардың заңдылығына 400-ден астам тексеру жүргізді, олардың нәтижесі бойынша 117 адамның консти­туциялық құқығы қорғалды.

Азаматтардың конституциялық құқығын сақтау кепілдігін қамтамасыз етудің тағы бір тетігі – Бас прокурордың жедел-іздестіру қызметі мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық акті­лерді келісу институты. Бұл адам құқығын негізсіз шек­тейтін нормаларға уақытылы түзетулер енгізу­ге мүмкіндік береді. Жалпы, республиканың прокуратура органдары жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру кезінде азаматтардың құқығын қорғау жөніндегі өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асыра береді. 

Еліміздің Конституциясы күні біз үшін айтулы дата және мәртебелі мереке қарсаңында барша қазақстандықтарға бейбітшілік, амандық тілейміз!

Қуанышбек ЖҰМАСАЙҰЛЫ,

ҚР Бас прокуратурасы Жедел-іздестіру,

қарсы барлау қызметі мен жасырын

тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау

департаменті бастығының міндетін атқарушы