Биыл құрғақшылық қатты сезі­луде. Ауыл шаруашылығы сала­сы­на оңайға соғып тұрған жоқ.
Құрғақшылық соңы қымбатшылық
1,204
оқылды

Шаруа­лар «жем тапшы, қыста баға алмай­мыз» деп ірі қара малын жаппай сойып жатыр. Ертең сойыс малы азайғанда ет тапшы боп, қымбаттап шыға келуі мүмкін. Ендеше өңірлер жем-шөп жинап үлгерді ме? Үкімет қандай шара қабылдап жатыр?

Қазірдің өзінде шөп қымбат

Биылғы құрғақшылықтың ауқымы әлдеқайда кең. Еліміздің оңтүстігінде де, солтүстігінде де, батысы мен шығысында да жағдай оңып тұрған жоқ. Басында көктемгі суық ұрып, одан кейін құрғақшылық пен жазғы аптап ыстық жағдайды ушықтырып жіберген. Соның салдары жем-шөп дайындауға келгенде қатты көрініп отыр. Бірінші кезекте тапшылық бар, екінші кезекте – қымбатшылық.

«Биыл шөп жоқ. Барының өзі қымбаттап кетті. Қазір бір тонна шөптің бағасы 50 мың теңгеге жетіп отыр. Оның қасында бір тонна бидайдың құны – шамамен 80 мың теңге. Мұның барлығы көктемнің құрғақ болуына байланысты. Сондықтан биыл қатты жемнің орнына малға сабан беріп, амалдаймыз деп отырмыз», – дейді Қостанай облысындағы «Тұрар» ЖШС директоры Қайрат Оспанов.

Құрғақшылыққа қоса қабат егістіктер мен жайылымдардың өртенуі тағы бар. Алқабын киік таптап кеткен шаруалар қаншама? Оған шегірткенің әлегін қосыңыз. Осылардың бәрі түптеп келгенде жем-шөп бағасына әсер етіп отыр. Ендеше ертең ет пен сүт те қымбаттауы мүмкін екенін айтады олар.

«Шөп жетпей жатқандықтан, оны өзге өңірлерден әкеліп сатуда. Ол делдалдар бағаны қосып сатады, жем-шөп қымбат. Малды кәсіп етіп отырғандықтан, амал жоқ, сатып аламыз. Шөптің бір бумасы 16 мың теңге тұрады. Ал бір қысқа бізге кем дегенде 50 бума керек. Одан бөлек, жемі тағы бар. Ол да қымбаттап барады. Бұл қарқынмен алдағы қыста ет пен сүттің бағасы да шарықтап кетуі ықтимал», – дейді Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының тұрғыны Қозыбек Хамзин. 

Атырауда да жағдай мәз емес. Кейбір деректер бойынша бұл өңірде 600 мың тонна шөп тапшы болуы мүмкін екен. Мәселен, Қызылқоға ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша 2023-2024 жылдардың қысқы кезеңіне керекті мал азығының көлемі 

137 591 тонна болса, оның 32 265 тоннасы былтырдан қалған. Соны есепке алғанның өзінде, биылғы науқанда 105 мың тоннадан астам шөп дайындалуы керек екен. Ал Құрманғазы ауданында 164 мың тонна пішен қажет. Былтырғыдан қалған 15 мың тоннаны есепке алғанның өзінде ауданда биыл барлығы 149 мың тонна мал азығы әзірленуі тиіс. Индер ауданында қысқа қажетті мал азығының көлемі – 67 мың тонна, құрама жем – 9,2 мың тонна. Былтырдан қалған 8,6 мың тоннаны ескерсек, биыл әзірленуге тиісті пішеннің нақты көлемі – 58,4 мың тонна. Алайда өткен қыста қар мен көктемде жауын-шашынның болмауы себепті шабындық алқаптарда табиғи шөп жоқтың қасы. Соның салдарынан шалғы түскен жерлердегі шөптің түсімі былтыр 2,1 центнер болса, биыл әр гектарына 1,2 центнерге дейін төмендеген. Соны ескеріп, индерлік шаруалар мұнда соңғы жылдары суармалы немесе екпелі шөп егуді қолға алған екен. Сол сияқты Исатай ауданында қажетті жем-шөп көлемі былтырғы 4 350 тонна қалдықты есепке алғанның өзінде 76 мың тоннадан асады.

Шаруалардың айтуынша, бұл тұста басты салмақ жеке қосалқы шаруашылығы бар ауыл тұрғындарына түсіп тұр. Өйткені олар өз бетінше жем-шөп жинай алмайды. Сатып алуға мәжбүр. Ал ол қымбаттап кеткен соң амал жоқ, малын жаппай сойып алып жатқаны көп. «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр ауыл адамдары бұрын малды балаларын мектепке дайындау үшін күзге таяу соятын болса, қазір баға алмаған­дықтан, жаздың қақ ортасында-ақ сойып алып жатқанын айтады. Ал мал басын сақтап қалу маңызды.

«Жеке қожалықтары бар ауылдықтар ешкімнен қолдау болмайтынын түсініп отыр. Шындығында, оларға көмектесу керек. Қазір бидай арзан. Соны пайда­ланып, мемлекет жем дайындайтын бағ­дарлама жасап шығаруға болады ғой.  Оған қоса, ірі агроқұрылымдармен келісе отырып, ауыл тұрғындарын сабан шөппен қамтуға болар еді. Бірақ, өкінішке қарай жергілікті билік те, АШМ да бұл жағдайға тиісінше көңіл бөлмей отыр. Керісінше, шенеуніктердің мүддесіне қарай «жауырды жаба тоқуға» тырысып келеді. Статис­тикалары да әсіре көрсетілген. Оның аяғы жақсы болмайды. Ауыл тұрғындары мал сатып алу үшін несие алған. Енді оны со­йып алуға мәжбүр. Онысы несиесін жабуға жетпейді. Осылайша, мал да жоқ, қарызға белшесінен батып отыр», – дейді ол.

Бұған дейін еліміздің 4 өңірінде құрғақшылық салдарынан 170 мың гектар егіс алқабы жойылып кеткені хабарланған болатын. Олар –  Ақмола, Батыс Қазақ­стан, Қостанай және Павлодар облыстары. Бұл ауыл шаруашылығы саласы қаншама жем мен шөптен қағылып отыр деген сөз.

Министрлік алаңдамайды екен

Жағдай қанша жерден күрделі десек те, Ауыл шаруашылығы министрлігі жем мен шөптен трагедия көріп отырған жоқ екен. Құрғақшылыққа қарсы түрлі шара қолға алынуда. Сондықтан да тапшылық болады деп байбалам салудың қажеті жоқ дейді олар.

«Бүгінде қазақстандық фермерлер 12,7 млн тонна шөп дайындады, бұл биылғы жылға жоспарланған көлемнің 50,7%-ын құрайды. Биыл өңірлердің жем-шөп шығындарының құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінді. Қажет болған жағдайда облыс әкімдіктерінің қосымша қаражат жіберуге мүмкіндігі бар. Биылдан бастап алғаш рет жем-шөп дайындау жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдікті дизель отынын ала алады. Өтінімдерге сәйкес жанармайдың қажеттілігі 57,9 мың тонна көлемінде қалыптасты. Қазір жеткізу басталды.

Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытын­дысы бойынша Азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна көлемінде жем-шөп қорын қалыптастырды, оның қорлары қа­жет болған жағдайда мал және құс ша­руа­шылығы кәсіпорындарын арзан­датылған бағамен қолдау үшін бағыт­талатын болады.

Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бо­йынша фермерлердің несиелік борыш­тарын ұзарту және қайта құрылымдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ Үкімет резервінен мал шаруашылығын субсидиялауға қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталуда», – делінген АШМ таратқан хабарламада.

Сондай-ақ ведомство Жамбыл, Қос­танай, Түркістан және Ақмола облыс­тарында шөп дайындаудың қарқыны жақ­сы екенін айтады. Ал Павлодар, Аты­рау, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының қарқыны төмен. Ал Қос­танай облысындағы құрғақшылық туралы айтатын болсақ, облыс әкімдігінің ақ­параты бойынша жазғы кезеңде жауған жауын-шашын табиғи және егілген шөптердің өсуіне қолайлы жағдай туғызған. Облыс бойынша шөптердің орташа өнімділігі 5,2 ц/га құрайды.

«Мал қыстайтын кезеңге 1,1 млн тонна шөп жинау жоспарланған болса, оның 843,3 мың тоннасы немесе 76,8% дайындалған.  Биыл азық дайындау үшін өңірге 6,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Азыққа деген қажеттілікті толыққанды қамтамасыз ету мақсатында шөп шабу үшін бу алқаптары мен су айдындарының бойындағы жазғы дақылдарды қоса алғанда, алқаптардың барлық түрі пайдаланылатын болады. Шөптің орташа сату бағасы 1 тонна үшін былтырдан бері өзгерген жоқ, 24-30 мың теңгені құрайды.  Алайда облыс орта­лығына жақын кейбір аудандарда коммер­циялық баға 40-45 мың теңгеге дейін жетеді», – дейді АШМ өкілі Дамир Аспан.

Статистикаға сүйенсек, Қостанай облысында жаппай мал сою деректері байқалмайды. Жыл басынан бері 95 мың бас ірі қара сойылған болса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8% аз. Ақмола облысында да болжамды есептеулер бойынша алдағы қыстауға мал басы 640 мыңға дейін жетеді. Бү­гінде фермерлер 901,2 мың тонна шөп не­месе жоспардың 68,9%-ын, 132,8 мың тонна пішен немесе жоспардың 51,1%-ын дайын­даған. Жем дайындау үшін арзан­датылған ЖЖМ алуға 4,4 мың тонна ди­зель отынына 200-ден астам шаруа­шылық өтінім берген. Биыл өңірдегі жем-шөп дақылдарының көлемі 27,6 мың гектарға ұлғайып, 223,4 мың гектарды құрады. Өңірде жем-шөп дақылдары өндірісінің көлемін арттыру үшін суармалы жерлерді кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Шығыс Қазақстан облысында бүгінде 296,2 мың тонна шөп немесе жоспарланған көлемнің 35%-ы дайындалды.  Биылғы пішендеме қоры 34,1 мың тоннаны немесе жоспардың 43,6%-ын құрайды. Ауыл шаруашылығы жануарларының саны орта есеппен өткен жылдың деңгейінде қалып отыр. Облыста алдағы қыстауға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, әр ауданда әкімдері басқаратын жедел штабтар құрылды. Сондай-ақ шырынды мал азығының негізгі бөлігі қыркүйек айында басталатын жүгері сүрлеміне тиесілі екенін ескеру қажет. Құрғақшылыққа байланысты елімізде жем тапшылығы болжанып отырған жоқ», – дейді АШМ өкілдері.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері көңілге қонады, десек те ол ел арасында жағдайды толық қамтиды деп айту қиын. Өйткені бұл жерде басты мәселе  бағада болып тұр. Сондықтан да тапшылықты болдырмағанмен, бағаны ауыздықтау қиын боп қалып тұр. Ол үшін бұл жұмыстарды Экономика министрлігіне арта салып қарап отырмай, АШМ-ның да реттеу тетіктеріне ие болғаны керек-ақ. Әйтпесе, құрғақшылық соңы қымбат­шылық болып қала бермек.

Нұрлан ҚОСАЙ

© коллаж: Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТ