Биыл Ата Заңымызға 28 жыл толды. Осы аралықта еліміздің бас құжатына бірнеше рет өзгерістер мен түзетулер енгізілді.
Қолайлы заң халыққа да тиімді
971
оқылды

Жалпы, соңғы жылдары Конститу­ция­да қандай өзгерістер болды? Жаңа заң жобала­ры­ның тиімділігі қандай?    

Жеті рет өзгеріс енгізілген

Конституция – еліміздің ең маңызды құқықтық құжаты. Онда республикамыздың түбе­гейлі принциптері, мемлекеттік құрылым механизмі бекітілген, билік пен басқару органдары­ның құрылымы анықталған, адам мен азаматтың негізгі құ­қықтары мен бостандықтары көрсетілген. Осыдан 28 жыл бұ­рын, 1995 жылдың 30 тамы­зын­да республикалық референ­думда еліміздің бағдарына айналған негізгі заңы қабыл­данды. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрды. Жалпы, 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айыр­машылығы – жаңа Ата Заңға алғаш рет азаматтың құқығына ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқық­тарына да қатысты нормалар ен­гізілген. Еліміздің негізгі заңын қабылдаудан бұрын ел халқымен кеңінен талқылау болды. Жалпы алғанда, жоба 33 мыңға жуық ұжымдық талқы­лаудан өтіп, оған 3 миллионнан астам азамат қатысқан. Тал­қылау барысында 30 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту, 55 бапқа 1 100-ден астам түзету мен толықтыру енгізілген. Осы­лайша, мемлекеттік құрылым сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды. Конституцияға сәй­кес, тәуелсіз Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құ­қық­тық және әлеуметтік мем­лекет ретінде орнықтырады. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілеттігін ұлғайту жөнінде өзгерістер енгізілген болатын. 

Ал Ата Заңымызға соңғы түзету былтыр 5 маусымда бү­кіл­халықтық референдум ар­қы­лы енгізілді. Бұл тәуелсіз Қа­зақ­стан тарихындағы референдум арқылы қабылдан­ған екінші өзгеріс. Оған дейін бес рет Пар­ламент арқылы түзету енгізілген еді. Жалпы, Ата Заңымызға өз­герістер мен түзетулердің ен­гізілуі заман талабы. Өйткені уақыт өткен сайын қоғамның кейбір құнды­лықтары мен құ­рылымдары да өзгеруде. 

– Бүгінде заң шығару про­цесіне көптеген азамат пен үкі­меттік емес ұйымдар атса­лы­суда. Заңгерлер мен құқықтану­шылардың ғана емес, қоғам пікіріне де көп көңіл бөлінуде. Конституцияға соңғы түзетулер рес­публикалық референдум қо­ры­тындысы бойынша қа­был­дан­ды. Ол референдум қазақ­стандық қоғамның жаңартыл­ған Конституция арқылы бас­тал­ған жаңа реформаларды қол­дай­тынын көрсетті. Ата Заңға өз­герістер енгізілуіне қатысты сындар да айтылды. Ғалымдар, қоғам қайраткерлері Ата Заң жағдайға қарай немесе ықпалды саяси күштердің қа­лауы бо­йынша өзгермеуі керек деген де пікірлер айтты, – дейді Пар­ламент Мәжілісінің заң­нама және сот-құқықтық ре­фор­ма ко­митетінің төрағасы Снежан­на Имашева. 

Депутаттың айтуынша, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара құрмет пен сенімге негіз­делген жаңа саяси мәдениет қалыптасуда. Маңызды шешім­дер енді азаматтардың қаты­суымен ашық түрде қабылданып жатыр. Елімізде жүргізілген конституциялық реформа­лар­дың қоғамды демократия­лан­дыруды, халық билігінің негіз­дерін одан әрі нығайту, Парла­менттің рөлін күшейту, Үкімет­тің дербестігін арттыру жөнін­дегі негізгі қоғам сұра­ныстарын ескерді. Қазір еліміз жаңартыл­ған Конституция ая­сында, халықтың ерік-қалауы бас­ты орынға қойылған Әділет­ті Қазақстанда өмір сүріп жатыр. 

Жаңа заң жақсылыққа жетелейді

Былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Конституциясының 91-бабы 1-тармағына және «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң­ның 18-бабына сәйкес, Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін республикалық референдум өткізу туралы Жарлығы шықты. Соған орай, ел өміріндегі аса маңызды референдум осы Жарлық шыққан күннен тура бір айдан кейін, нақтырақ айтқанда, 5 маусым күні өткі­зілді. Нәтижесінде, референ­думға 7 миллион 986 мың адам қатысты. Алға қойылған мәсе­ленің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын құрады. Осы­лайша, 30-дан астам ұлттық заңнамаға, оның ішінде 10-ға жуық конституциялық, салалық заңдарға өзгерістер енді. Атап айтсақ, Қазақстан суперпрези­денттік басқару формасынан күшті парламенті бар прези­денттік формаға көшті. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дү­ниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп белгіленді. Президенттің жақын туыстары­ның саяси мемлекеттік қыз­метші, квазимемлекеттік сектор су­бъек­тісі басшылары лауазым­дарын атқаруға құқығы жоқ деп танылды. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық Сотқа жүгіне алатын болды. Өлім жа­засына тыйым салынды. Мәжі­лістің депутаттық корпусы ара­лас сайлау жүйесі бойынша құ­рылады деп белгіленді. Се­нат­тағы президенттік квота қыс­қарды және мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды. Экс-президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ере­желер алып тасталынды. 

Жалпы, құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі – Конституциялық Соттың құрылуы болды. Конститу­ция­лық сотқа бүгінге дейін азамат­тардан 3 жарым мыңға жуық өтініш түсіп, 10-нан астам нор­мативтік қаулы қабылданған. 

– Көптің назарында тұрған жұмыс – бұл Конституциялық Соттың мәселесі. Конституция­лық Сот халықтың мүддесін, мақсат-мұқтажын ақтайды деген сеніммен құрылған. Әрбір Қазақстанның азаматы Конс­титуциялық Сотқа «Менің мына жерде мүддем бұзылды. Менің бостандығыма, кепіл­дігіме нұқсан болды» деп жү­гінуге құзыры бар. Әділетті қо­ғамды құрамыз дейтін бол­сақ, бізді қорғайтын да, қол­дай­тын да, бізді алға қарай алып жүретін де заң болу керек, – дейді Заңнама және құқықтық ақпарат институтының дирек­торы Рамазан Сәрпеков. 

Жаңа нормалардың барлы­ғы, қаңтар айынан бастап, өз ретімен іске асырылып жатыр. Алайда 6 ай қомақты жұмысқа баға беруге жеткіліксіз. Уақыт талабына сай енгізілген өз­ге­рістер мен толықтырулар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына даңғыл жол салады деген сенімдеміз.

Көктем ҚАРҚЫН