КСРО ядролық сынақ полигондарының маңызды стратегиялық объектісі болып саналған Семей полигонының сұмдығы жайлы автор өзінің осы кітаптың бірінші бөлімі – «Қасірет пен тағдыр» атты романында да жан-жақты суреттейді.
Кеңес Үкіметінің қазақ даласына азаматтық соғыс, ашаршылық, сталиндік репрессиядан кейін әкелген ең ауыр зұлымдығы – осы полигон. Қуаты шағын, бар-жоғы 12-14 килотонна ғана болатын екі атом бомбасы Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларының 400 мыңға жуық адамын әп-сәтте жоқ еткенін білеміз, ал металл мұнара үстінде сыналған сутегі бомбасын Дегелең халқы ашық далада «тамашалаған». Бұл – нағыз трагедия! Енді жергілікті тұрғындардың осы сынақтардан шеккен, әлі де талай ғасыр шегетін зардабын ойға сала беріңіз.
Менің де балалық шағым Семей ядролық полигоны аумағында өтті. Алапат жарылыстар болған сәтте біз алаңсыз ойнап жүретінбіз... Полигон жабылғалы 30 жылдай уақыт жерасты жарылысынан адамдар түрлі ауруларға ұшырап, сол сырқаттың қасіретін әлі де арқалаумен келеді. Бұл сырқаттардың тұқым қуалайтындығы ғылыми негізде дәлелденген, оның қасіреті 300 жылға дейін созылуы мүмкін. Автор бұл кітапта атомның зардабын тартқан қаншама бейкүнә жандардың, қаншама жанұяның күл-талқан болған тағдырларын жанкештілікпен суреттейді. Шығарманың оңайшылықпен тумайтыны белгілі. Жазушы осы шығарманы жазу үстінде суреттелуге тиіс оқиғаларды жүрегінен өткізіп, жұлын-жүйесімен түйсініп, бойдағы бүкілдеген бүкіл тамырына аямай салмақ салып, романда суреттелген қилы тағдыр иелерінің басындағы қайғыны өз басынан өткендей сезіммен жазғаны анық. Олай болмаған күнде дәл осындай бүкіл бір ұлттың басына қара бұлттай төніп, талай шаңырақты күл-парша етіп қиратқан қасірет жайындағы шығарманы жылап отырып оқымас едік.
«Үзілмеген үміт» кітабының бірінші бөлімі «Қасірет пен тағдыр» қазақ тілінен тікелей жапон тіліне аударылған. Аудармашысы – Масуджимо Шигенобу. Осылайша, ақ басты қарт Алатаудың аялы алақа-нында бой жеткен әппақ қыз қарт Фудзияманың құшағында еркелеп, Токио қаласында кітаптың тұсаукесерін өткізіп келгенін жалпы оқырман білуге тиіс. Осы шараны ұйымдастыру-ға атсалысқан ЮНЕСКО қам-қорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Олжас Сүлейменов еді. Соңғы он жыл көлемінде қазақ жазушыларының шығармалары жапон тіліне аударыла қоймағанын ескерсек, Сәуле апайдың бұл қадамы үлкен ерлікке тең...
Жарылыс зардабы әсер етіп ұлдан кейін өмірге келген қыз баласын гидроцефалия дертімен туған, ол аздай жан-жары Әмірден ерте айырылған, Жетісу аймағына көшіп кеткен бас кейіпкер Аяулымның ұлы – Сұңқардың «Біз ол жақтан неге кеттік, апа?» деген зілдей сұрағы оқып отырған менің жан-дүниемде атом бомбасына бергісіз бір алапат жарылыс жасап жіберді. Қазақы таным-түсінікте «у ішсең руыңмен» қағидасы бар. Қазақ қазақ болғалы қанына сіңген әдет болса керек бұл. Небір алапатты бастан кешірсе де қайран қазақ қанға сіңген осы әдеттен әлі арыла қоймаған. Сұңқардың «атамдардан неге алыстап кеттік, апа» деп орманға қарап ұлыған бөрінің бөлтірігінше мазасыздана беруі осының айғағы сынды.
Жазушы біздің назарымызды аударғысы келетін негізгі мәселенің бірі – осы. Себебі қазір басқа халықтар секілді қазақ халқы да әлемдік жаһандану үрдісін бастан өткеріп жатыр. Жаһандану арқылы дүниежүзіндегі басқа елдермен экономикамыз, өмір салтымыз, мәдениетіміз т.б. ортақ бола бастады. Мәселен, еуропаша киінеміз, корейдің фунчозасын дастарқанымызға қоямыз, жапонның сушиін жейміз, батыстың әндерін тыңдаймыз. Осылардың әсерінен ХХ ғасыр басындағы қазақ пен ХI ғасыр басындағы қазақтардың мінез-құлқы мен құндылықтарды таңдауында айырмашылықтар бар. Жаһандану барысында ұлттық келбетімізді сақтау үшін ұлт менталитетіндегі қалыптасқан, тарихи сыннан өткен, топтастырғыш моральдық-этикалық, адамгершілік, туыстық, бауырмалдық қасиеттерімізді жоғалтып алмауымыз қажет. Сұңқардың бойындағы қанның сәт сайын бұлқынып, «Семейге кетем» деп тұруы жаһандану үрдісіндегі жоғалып кету алдында тұрған ұлттық қасиеттерімізді сақтап қалғысы келген бұлқыныс.
Шығармадағы маңызды қосалқы кейіпкердің бірі – Аяулымның күйеуі Мэлс.
Қазақ әуелден жетімін жылатпаған халық еді. Алайда бүгінгі көп деректер мұны жоққа шығарып тұр. Елімізде соңғы уақыттарда жетім балалар саны мен баласын тастап қашатын безбүйрек аналардың саны артып отыр. Ал Аяулымның бірінші некесінен туған, артынан еріп келген баласы Сұңқар жайлы Мэлстің аузымен айтылатын «бала менікі, оның тәрбиесі ме-нің мойнымда» деген сөздер – нағыз қазақ еркегіне тән азаматтық үлкен қасиет.
Біз жазушыларды – ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздағы ерекше тұлғалар дейміз. Сәуле Досжан – осыны толық түсінген, әбден кемеліне келген жазушы. Аяулым мен күйеуі арасындағы, Аяулым мен балалары арасындағы қарым-қатынас арқылы отбасы мүшелерінің әрқайсының орны қай жерде болуы керек екенін оқырманға жақсы түсіндіреді. Мэлстің бойындағы отағасы ретіндегі арқалаған азаматтық парызы, қорғасындай ауыр мінезі, басында әйеліне, еріп келген балаға сәл қатал сияқты көрінгенімен артынша жылдам байқалатын оларға деген аса үлкен қамқорлығы мен дархандығы талғампаз оқырманның назарынан тыс қалмайтыны анық. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып отырып, қанша жерден «қатал», «қатыгез» сияқты суреттелсе де Құнанбай образын жек көре алмайтынымыз сияқты, Сәуле Досжанның Мэлсін де тым жақсы көріп қалдық. Мұны әр дәуірдегі тұлғалар шығармашылығындағы үндестік десек заңды. Шығарма арқылы оқырманды, қала берді халықты тәрбиелеу деген осы болса керек. Жазушының осы шығарманың өн бойында кездесетін тәрбие құралы секілді детальдары жазушы тұлғасындағы айтылар ойға сыймас, қыр-cыры мол дүние. Осындай ұлтқа тәрбие беретін шығармаларды мектепте оқытуды міндеттеу қажет, ол – еліміздің ертеңіне, әр үйдің тентегіне бағдаршам болары ақиқат.
Сұңқардың түс көруі, оны анасы Аяулымның үлкен кісілерге жорытуы, оған параллель ретінде Мөңке бидің түс көріп, оны Сырым батырға жорытуын келтіргені де шығарманың салмағы мен мәнінің тереңдігін көрсетіп тұр деуге толық негіз бар. Баланың Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін таңдап түсіп, студент болып жүріп Семей полигоны қасіретін зерттеуге, сол жайлы дерек жинауға дендей кірісуі автордың өз бойындағы полигон қасіретін зерттеуге деген құлшынысы. Атом зардабын айқындап көрсету ісінің осы айтылған екі кітаппен ғана шектелмейтіндігін, бұл тақырып көптен бері автордың көкірегін тілгілеп, тыныштық бермеген тақырып екендігінің көрінісі. Автор – Медеу Сәрсекеден кейінгі полигон тақырыбына аса ден қойған жазушы.
«Адамның ең жаманы – талапсыз!» деп Абай айтқандай, соңғы кездері не ғылымға, не еңбекке, не өнерге талаптана алмайтын өмірге икемсіз жандар қоғамда көптеп кездесіп жатады. Сондықтан осы роман арқылы жазушының тәрбиешіге айналып, әр оқырманын өмірге қанаттандыра, болашаққа талаптандыра тәрбиелеуі, міне нағыз жазушы шеберлігі деп айтар едім.
Автор айтар ойын бедерлі бейнемен, соны образбен келтіре отырып жаңаша жол тапқан. Тілі образды, ойды қысқа да нұсқа, қарапайым жолмен дәл беріп отырады.
Жазушының шеберлік жолындағы ізденістерін сөз қылғанда, нені айтты дегеннен гөрі, қалай жеткізді деген мәселе көбірек назар аударамыз. Сәуле Досжанның көбіне деректі шығарма ретінде жазылатын полигон қасіретін көркем шығарма қылып жазу үшін шетсіз-шексіз әлемге тартқан миқанатты сапарын жасампаздық деп бағалау керек шығар.
Әсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ,
ақын, аудармашы