«Терроризм» бабымен 10 жыл­ға сотталған Жансая Ашық­баева бізге жан сырын ақтарды. Жансая кезінде Сирия даласына қашып бара жатқан жерінен қолға түскен.
«Терроризм» бабымен түрмеге түскен Жансая
2,450
оқылды

Тар қапаста 6 жыл уақытын өткізген келіншектің жазасын толық өтеп шығуына әлі 4 жыл бар. Жастық ғұмырын сала­физм ағымының құрбаны еткен келіншек ең үлкен өкініші, қорқы­нышы және арманы туралы айтып берді. Қазір Атырау қала­сындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан Жансая Ашықбаеваның жан сырын ақтар­ған сұхбаты көпке ой салады деген үміттеміз.

– Бізге ашық түрде сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Алдымен өзіңіз туралы айтып беріңізші...

– Жамбыл облысының тумасы­мын. Кейін Алматыға көшіп келдік. Қазір ата-анам Алматыда тұрып жатыр. Өзімнің жоғары білімім жоқ. Орта кәсіптік білім алдым. Қазір жасым 35-те. Бостандықта жүрген кезімде түрлі орындарда жұмыс істедім. Кейін ағамның дүкенінің тірлігіне араластым. Бір кездері жылқы да бақтым. Сөйтіп жүріп, тұрмыс құрдым. Бірақ бірін­ші некемнен бала болмады. Бүгінде екінші рет тұрмыс құрып отырған жайым бар. 

– Дінге қызығушылығыңыз қалай оянды? Дінге келуіңізге кімдер себепкер болды?

– Бала кезімде басқа балалар сияқты жазғы демалыста ата-әжем­нің қолына баратынмын. Атам қуғын-сүргін, соғыс сияқты қиын замандарды көрген шежіре ақсақал еді. Әжеміз сол қиындықтарға шыңдалған қатаңдау кісі болатын. Бірақ бізге мейірімін төгуден шар­шаған емес. Атам намаз оқитын. Бала болсам да, атамнан намаз туралы жиі сұрайтынмын. Сөйтіп, 14 жасымда намаз оқып бастадым. 

Ауылдан қалаға көшіп келген­нен кейін маған әртүрлі жамағаттың өкілдері жақындай бастады. Әркім өзінің идеологиясына тартатын. Түрлі ағымдардың ішінен менің таңдауым салафизм ағымына түсті. Ол кездерде интернет қазіргідей дамымаған еді. 

Біз бір-бірімізге кітап беріп араласатынбыз. Кітаптарда жазыл­ған­дарды түсінуге менің санам, қабылдау деңгейім дайын емес еді. Бірақ шамама қарамай, оқитын­мын. Сөйтіп, еліктеу басталды. Біз кітаптардан конспект жасап, кейін қонаққа барғанда талқылайтын бол­дық. «Шейхтарымыз» бізге харам түсінігіне байланысты көп әңгіме-насихат айтатын болды. Мен олар­дың айтқанына имандай сенген­діктен, өзімнің мінезімдегі, ішкі дүниемдегі өзгерістерді байқа­ма­­дым. Қазір ойланып отырсам, қалаға келіп, салафилер жамағаты­мен араласқаннан кейін мен ради­калдана бастаған екенмін.

– Осы жерде нақтылай кетейік­ші, сіздің мінезіңіздегі өзгерістерді жақындарыңыздан бірінші болып кім байқай бастады? 

– Менің бойымдағы, әсіресе мінезімдегі өзгерістерді бірінші ағам байқады. Сөйтіп, ол менің ортамдағы адамдармен араласуыма тыйым сала бастады. Үйдің еркесі болып өсіп қалған мен, әрине ағам­ды тыңдамадым. Туған бауырыма қарсы шығып, өзімнің эгомды таңдадым. Бір әңгіме айтыла қалса, өзімді кереметтей білімді діндар санап, қарсы шыға келетінмін. Уақыт өте келе мен әке-шешемнен безініп, оларды джахилге шығар­дым. Сол кездегі ойланбай істеген әрекетімнің зардабы ауыр екенін кеш түсініп отырғаным өкінішті...

– Сонда сіздердің ойларыңызша «джахил» деген кімдер?

– Ол кезде салафизм ағымының ел арасына енді-енді тарап жатқан уақыты еді. Бастапқыда біздің ара­мызда «кәпір» деген түсінік болған жоқ. Біз адамдарды мұсылман және джахил деп екіге бөліп қарастыра бастадық. Біз үшін ниқаб кимейтін, намаз оқымайтын адамның бәрі надан, джахил еді. 

Ол кезде мен небары 17-18 жастағы қыз болатынмын. Өздерін «брат, сестра» ретінде көрсеткен жама­ғат маған «мұсылман адам Құран және сүннетпен жүруі керек» деп үйретті. Одан кейін мәзһаб ұстанудың дұрыс еместігін айтты. Осындай насихаттардан кейін бойымда қоғамға деген агрессивті қарым-қатынас қалыптаса бастаға­нын өзім де байқамаппын. 

– Сіз не үшін істі болдыңыз? Түрмеге түсуіңізге қандай әрекетіңіз себеп болып отыр?

– 2014 жылы ДАИШ өзін «ислам мемлекеті» деп жариялады. Бұған салафилер қатты қуанды. Жамағатымыздың арасында «ша­ри­ғат заңдарымен жүретін мемле­кетте тұрамыз. Сол үшін күресу керек» деген насихат қатты жүрді. ДАИШ-ке дейін де «дін үшін со­ғыс» деген тақырыптағы ақпарат­тарға әбден тойынып алған мен де бұл жаңалықты «керемет өзгеріс» деп қабылдадым. Маған Сирия жеріне баруға болатыны туралы ақпаратты жамағат өкілдері 2015 жылы жеткізді. 

Сөйтіп, хабар жеткеннен кейін ДАИШ туралы видеоларды қарай бастадым. Олар адам өлтіреді, бірақ оны өлтіру себебінің дәлелін хадистермен түсіндіреді. Кейінірек, ұйымның мемлекет ретіндегі туы, шекарасы, валютасы пайда болды. Оның үстіне, видео арқылы үнемі мұсылмандарды бірігуге шақырған үндеулер таратылып жатты. Онсыз да радикалданып, әбден бұрмалан­ған ақпаратқа тойып алған маған Сирия нағыз жұмақ болып көрінді. Сол кезде менің алдымда халифатқа бару немесе Қазақстанда қалу деген екі таңдау тұрды. Мен, әрине халифатты таңдадым.

 Сөйтіп, Сирияға өтіп кеткен таныстарымды ортақ телеграм каналдарымыз арқылы іздей бас­тадым. Көп ұзамай таныстарымды таптым да. Олар маған қыркүйекте Қордай шекарасы арқылы өтуге кеңес берді. Мен Сирияға атта­натын уақытымды 15 қыркүйек деп белгіледік. Жақындарыммен ат-құйрығын кесіскендіктен, ешкімге ештеңе деп жатпадым. Индрайвер арқылы таксиге тапсырыс беріп, Қордайға келе жатқан жерімнен Қарағанды қаласының жолында ұсталдым. Бұл осыдан алты жыл бұрын болған оқиға еді. 

Түзету мекемесіне түскен ке­зімде де мен өзімнің қателескенімді түсіне қоймадым. Алдыма келген мекеме қызметкерлеріне де «джа­хил» деп, өте дөрекі сөйледім. Менің ол әрекеттерім үшін үстім­нен қосымша іс қозғауға да болатын еді. Мамандар менімен көп жұмыс жүргізді. Атырау облысы Дін істері басқармасына, «Шапағат» қоғам­дық қоры жанынан үнемі келіп, дәріс беретін теологтарға алғысым шексіз. Жекелеген оңалту жұмыс­тары бір менімен ғана емес, осын­дай радикалды көзқараста жүрген басқа да жазасын өтеуші­лермен жүргізілуде.

Дәл қазіргі уақытта мен жазам­ды өтеп отырған Атыраудағы әйел­дер колониясында «Терроризм» бабымен сотталған 6 адам бар. Олар­дың бесеуі – Жусан операция­сымен елге әкелінгендер.

– Осыдан он жыл бұрынғы Жан­сая мен қазіргі Жансаяның арасында айырмашылық бар ма?

– Он жыл бұрынғы Жансая­ның жан дүниесі, көзқарасы ради­калдық идеяға әбден тойынған еді. Ол Жансая өзінің көзқарасын өзге­лерге дәлелдеу үшін бәріне дайын болатын. Қазіргі Жансая – бүкіл әрекетін, істерін ой сүзгісінен өткізе алатын саналы адам. Ең бастысы, Жансая тәубесіне келді. Және ол радикалдық салафизм ағымынан толықтай бас тартты. 

– Алда қандай мақсаттарыңыз бар?

– Бостандыққа шыққаннан кейін жұмыс істеп, қоғамның дамуына пайдалы адам болғым келеді. Жан дүниемді төңкеріп жатқан ойларымды ашық жазғым келеді. Менің жазбаларым адасып жүргендердің жол табуына ықпал етсе екен деймін. 

– Жан дүниемдегі ойлар деп қалдыңыз, егер атаңыздың көзі тірі болса, сіздің қазіргі жағдайыңызды көрген жағдайда, ол кісіге не айтар едіңіз? Осы жағын ойлап көрдіңіз бе?

– Жалпы, кез келген немере үшін, әсіресе қазақ әулеттерінде немереге ата-әженің тәрбиесін көру өте маңызды. Ата-ананың өмірлік тәжірибесі ата-әжеге қарағанда аздау болады. Оның үстіне, балалардың қамымен жүргенде ата-ананың балаға көңіл аударуға уақыты жеткіліксіз болуы да мүмкін. Ал ата-әже немере үшін әркез уақыт табады. 

Бала күнімдегі атам мен әжем­нің маған төккен мейірімі, тәрбиесі өмірге қайта келуіме әсер етті деп айта аламын. Себебі менімен жұмыс жүргізілген кезде теолог, психологтердің айтқан әңгіме­лері­нің астарына үңілген уақытта, ата-әжемнің өсиеттері есіме түсетін. 

Бала күнімде риясыз берілген ата-әжемнің махаббаты радикалдық көзқарасыма анализ жасауға ықпал етті деп жүз пайыз сеніммен айта аламын. Ал адасқан немересінің қазіргі жағдайын атам көретін болса, ол жағын елестете де алмаймын. Атамның жүзіне қарауға жүрегім шыдамас еді.

– Жат ағымнан зардап шеккен адам ретінде айтып беріңізші. Ради­кал­дардан қалай сақтануға болады?

– Қоғамға агрессиямен қарау – бұл бірінші белгі. Салафизмнен бөлек, қоғамда «ұйықтап» жатқан ағымдар да бар. Олардың көпшілігі мемлекеттікке, тұрақтылыққа қарсы. Сондықтан таныс емес адамдармен байланысқа түсуде сақ болу керек. Және дінге қатысты сұрақтарды білікті мамандардан сұраған дұрыс.

– Сұхбат соңында қоғамға не айтар едіңіз?

– Жаттың арғымағын ерттеп, радикалдық көзқарас жетегінде кетіп бара жатқанымда, ештеңенің қадірін білген жоқпын. Мен істі болып жатқан кезде, жанымда жүріп, мені отбасымнан бездірген «бауырлардың» ешқайсысы жағдайымды біліп келген жоқ. Мен радикалды ағымның жетегінде кеткен кезде де, істі болған кезде де шырылдаған ата-анам. Кейде мен ана болудан қорқамын. Егер балаларым мен сияқты жағдайға түсетін болса, мен ата-анам сияқты ол сынақты қайсарлықпен көтере алмай қаламын ба деп қорқамын.

Қазақта «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген керемет сөз бар. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Қазақтың жері – бізге аманат етіп берілген жер. Сондықтан әр адам өзінің жерін, өмірін, туғандарын және болашағын ойлау керек. Ол үшін тарихымызды білу маңызды.

Тарих дегеннен шығады, қазір менде кітап оқуға уақыт көп. Шо­қан Уәлихановтың, Қаныш Сәт­паев­тың еңбектерін оқып, ол кісілердің ғибратты ғұмырларына, еңбектеріне тәнті болып жүрмін. Ілияс Есенберлиннің «Көшпен­ділер» романын да бірнеше рет оқып шықтым. Айтқым келгені, қазақ болып тууымыз бекер емес. Әр ұлттың өзінің дәстүрі, тарихы бар. Біз – мынау дархан даламызды болашақ ұрпаққа аманат етіп табыстау үшін еңбектенуіміз керек. 

Сұхбаттасқан 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА