«AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының 2021-2022 жылдарда атқарған жұмыс қорытындысы XXXVI есеп беру-сайлау конференциясында талқыланды.
«Кедергісіз келешек»: 1 000-ға жуық адам жұмысқа орналасты
978
оқылды

Конференция жұмысына партия хатшысы Руслан Әлішев, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, депутаттық фракциялардың мүшелері және партия жанындағы қоғамдық кеңестердің басшылары қатысты.

«AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов екі жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, бүгінде 8 партиялық жоба жүйелі жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның бірі – «Кедергісіз келешек» жобасы. Жоба аясында аманаттықтар мүгедектігі бар 986 адамды жұмысқа орналастыруға көмектесті.

«Өткен 2 жылда 369 нысан жүріп-тұруы қиын адамдардың ыңғайына қарай бейімделді. Өкінішке қарай, былтыр нысандарды бейімдеу жоспары тек 43%-ға орындалды. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 5 мыңнан астам ардагерге, тыл еңбеккерлеріне, зейнеткерлерге атаулы көмек көрсетілді. 1,5 мыңнан астам қарттың үйіне көшпелі медициналық тексеру ұйымдастырылды», – деді Жеңіс Асанов.

Партиялықтар «Бақытты отбасы» жобасы аясында жыл сайын «Баланы мектепке дайындайық!» акциясын ұйымдастырып келеді. 2021-2022 жылдары 5 827 балаға 92,5 млн теңге сомасына қайырымдылық көмек көрсетілді. Өңірде партияның «Жер аманаты» жобасына да айрықша назар аударылады. Былтыр осы өңірде заңсыз бөлінген және пайдаланылмай жатқан 304 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл кемінде 330 мың гектар жерді қайтару жоспарлануда.

Конференция барысында делегаттар өңірлік және 14 аумақтық филиалдардағы Саяси кеңестердің жаңа құрамын бекітті. Олардың құрамына бас-аяғы 240 адам кірді. Биыл Саяси кеңестердің құрамы 50%-ға жаңарды. Оның 20%-ы – жастар, 43,5%-ы – әйелдер.

«AMANAT» партиясының хатшысы Руслан Әлішев Саяси кеңестердің жаңадан сайланған мүшелері өңірлік мәселелерді шешуге және инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударуы тиіс екенін атап өтті.

«Өңірлік Жол картасы аясында алдағы бес жылда 120 іс-шара жүзеге асырылады. Олардың қатарында жол, әлеуметтік нысандар салу және жөндеу, тұрғын үй тұрғызу, халықты сумен қамту бастамалары бар. Биыл 112 іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Саяси кеңестер сайлауалды бағдарламалардың орындалуын бақылау жұмысына белсенді араласуы қажет. Сондай-ақ Саяси кеңестің әр мүшесі партиялық бақылау бекеттеріне тіркеліп, олардың жұмысына жетекшілік етуі тиіс. Сонымен қатар  «AMANAT» депутаттары бюджетті қарау кезінде партияның сайлауалды міндеттемелерін қаржыландыруға ерекше назар аударуы керек», – деді партия хатшысы.

Руслан Әлішев облыстық мәслихат депутаттарымен, «AMANAT»-тың өңірлік және аумақтық филиалдары басшыларымен жүздесіп, партия қызметін жандандыру міндеттерін талқылады. Осы күні партиялықтар Николаевка ауылындағы орта мектепке барып, білім ошағының іргесіндегі интернатының күрделі жөндеу жұмысымен танысты.