30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні.
Timeline: 1995-2023 жылдар аралығында еліміздің Конституциясы қалай өзгерді?
902
оқылды

1995 жылы 30 тамызда республикалық референдум арқылы 98 баптан тұратын Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы қабылданды. 1995 жылдан бері Конституцияға 6 рет өзгеріс енгізілген. Aikyn.kz мереке қарсаңында Ата заңға енгізілген ең негізгі өзгерістерге шолу жасады.

 

1998 жыл. Алғашқы түзетулер

1998 жылы 7 қазанда Ата заңға алғаш рет өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде президент бес жыл емес, жеті жыл мерзімге сайланатын болды. Сонымен қатар президенттікке үміткерлер 40 жасқа толуы керек деп белгіленіп, 65 жастан аспауы керек деген талап алынып тасталды.

Президент өз қызметiнен мерзiмiнен бұрын кетсе немесе қайтыс болса қалған мерзімдегі өкілеттігі ауысатын лауазымды тұлғалар қатарына Парламент Сенатының төрағасы мен Премьер-министрден бөлек Парламент Мәжiлiсiнiң төрағасы да қосылды. 

«Парламенттiң өкiлеттiк мерзiмi – төрт жыл» деген талап алынып тасталды. Нәтижесінде, парламенттің өкілеттігі оның 1-сессиясы ашылғаннан басталып, жаңа сайланған парламенттің 1-сессиясы жұмысқа кіріскен кезге дейін жалғасатын болып белгіленді. Сондай-ақ, мәжіліс депутаттарының саны 67 емес 77 болып өзгерді.

Жалпы айтқанда, 1998 жылы Ата заңның 19 бабына түзетулер мен өзгерістер енгізілді.

 

2007 жыл. Тұңғыш Президентке қатысты артықшылықтар

2007 жылы да Ата заңға бірқатар түзетулер енгізіліп, мынадай негізгі өзгерістер қабылданды:

  • өзге адамдардың өліміне әкеліп соққан террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс кезінде ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде өлім жазасы бекітілді;
  • президент 7 жыл емес, 5 жыл мерзімге сайланатын болды; 
  • мемлекет басшысы Қазақстанда кемiнде 15 жыл емес, соңғы 15 жыл бойы тұруға міндеттелді.

Сол жылғы өзгерістердің негізгі бөлігі Тұңғыш президентке қатысты артықшылықтар жөнінде болды. Мысалы, бiр адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайлана алмайды, алайда бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайды деген түзету енді. Мемлекет басшысы өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады деген тармақ та алынып тасталды. 

Осылайша, бұл жылы Конституциядағы 25 бап қайта редакцияланды.

 

2011 жыл. Кезектен тыс сайлау

2011 жылы Конституциядағы 41-бап «Президенттің кезектен тыс сайлауы президент шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі» деген тармақпен толықтырылды.

 

2017 жыл. Үкімет қызметі

2017 жылғы Конституциядағы басты өзгерістердің бірі – Үкімет өз қызметі жайлы президент ғана емес, парламент алдында да есеп беруге міндеттелді.

Сонымен қатар, Қазақстанның азаматтығынан айыруға террористік қылмыстар жасағаны және Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен ғана жол берілетін болды. 

Аталғандардан бөлек президент мемлекеттік бағдарламаларды, премьер-министрдің ұсынуымен бюджет есебiнен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлерiне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекiтетіні жайлы тармақшалар мен «Президент Республикалық ұланды жасақтайды» деген ереже алынып тасталды. 

Осылайша 2017 жылы Ата заңдағы 15 бапқа өзгеріс енгізілді.

 

2019 жыл. Астана – Нұр-Сұлтан

2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президенттік қызметінен мерзімінен бұрын кететінін мәлімдеді. 20 наурызда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, уақытша президент атанып, сол күні елордаға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Нәтижесінде Парламент Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдады.

Жаңа редакция бойынша Конституцияның 2-бабы 3-тармағы «Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның астанасының мәртебесі заңмен белгіленіп, Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы» деп жазылды.

 

2022 жыл. Референдум

2022 жылы 5 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық референдум өткізу туралы Жарлығына сәйкес бірқатар заңға түзетулер мен өзгерістер енгізілді.

Негізгі өзгерістерге тоқталсақ:

  • Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті;
  • Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі;
  • Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;
  • Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
  • Өлім жазасына тыйым салынды;
  • Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;
  • Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды;
  • Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;
  • Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды.

2022 жылы өткен жалпыхалықтық референдум аясында Конституцияның 33 бабы бойынша 56 өзгеріс енгізілді.