Оралда өрттен 45 адамды құтқарды

Өрт шамамен 60 шаршы метр аумақты шарпыған.

Биыл 31 тамызда сағат 05.19-да Орал қаласы Есенжанов көшесі 1/1 мекенжайы бойынша өрт туралы хабарлама келіп түсті. Бұл туралы Aikyn.kz Батыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметіне  сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға орнына жеткен қызметкерлер тұрғын үйдің 8-қабатында қосалқы үй-жай өртенгенін анықтады. Өрт сөндірушілердің күшімен 18 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды, 27 адам, оның ішінде 7 бала эвакуацияланды. 

Пәтерден түтінге тұншыққан 1973 жылы туған ер адамның денесі табылды. 

Сондай-ақ 1979 жылы туған әйел жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.  1965 және 1937 жылы туған 2 адам орташа ауырлықтағы көміртегі тотығымен улану диагнозымен облыстық ауруханаға жатқызылды.

Оқиға орнында Батыс Қазақстан облысы ТЖ департаментінің 68 өрт сөндірушісі мен 20 бірлік техникасы жұмыс істеді.

Өрт сағат 06.09-да оқшауланып, сағат 06. 34-те толығымен сөндірілді.

Өрттің себебі анықталып жатыр.