Кеше Мемлекет басшысы Қа­­зақстан халқына Жолдауын жа­риялады. Бұл халықты жа­сам­паз­дыққа жетелейтін тари­хи Жол­дау болды.
Жасампаздыққа жетелейтін тарихи жолдау болды – Ерлан Қошанов
655
оқылды

Бұл жолдау – елімізде кезең-ке­зеңімен жүргізіліп жатқан ау­­қым­ды әрі маңызды реформа­лар­дың жалғасы. Жалпы, соңғы бес жылдағы Президент жолдау­лары бір-бірімен біте қайнасып жа­тыр. Өткен жылы бастау алған саяси жаңғыру жұмыстары үлкен экономикалық өзгерістерге ұласты. 

Бұл Жолдаудың жөні бөлек. Себебі Президент осы Жолдауында ел­дегі экономикалық, әлеуметтік дамудың таяу жылдардағы эволю­циясын айқындап берді. Ол заңды да. Өйткені халықтың тұрмыс са­па­сы, берекелі өмір сүруі экономиканың дамуымен тікелей байла­нысты. Мемлекет басшысының Жолдауы осы саладағы күн тәр­ті­бінде тұрған, халық, қоғам күткен өткір мәселелердің шешімін тап басады.

Әлемдегі геосаяси ахуалға қарамастан Қазақстан экономикасы тұ­рақты дамып келеді. Негізгі бағыттар бойнша оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. Алайда жаһандық экономика өзгеріп жатыр. «Түбе­гей­лі өзгерістер дәуірі басталды», – деді Президент.

Осындай сын-қатерлерге қалай төтеп бере аламыз, технологиялық бә­секеге дайынбыз ба, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ор­нық­ты даму сияқты өзекті мәселе көп. Қасым-Жомарт Кемелұлы бү­гін осы және жұртшылықты алаңдатқан өзге де сұрақтардың бәрі­не нақты жауап берді.

Ең бастысы, осынау маңызды кезеңде үлкен экономикалық серпіліс жасауға мемлекетімізде толық мүмкіндік бар. Ресурс та жет­кілікті. Экономика дегеніміз – ең әуелі тұрақты жұмыс, лайықты табыс. Халыққа керегі де осы. Бұл орайда әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады. Мұны Мемлекет басшысы дөп басып айтты. 

Осы орайда мен бірнеше жайтқа тоқталғым келіп отыр. 

Біріншіден, Президент қазіргі күрделі жағдайда елдің эко­но­микалық моделін қайта қарауды ұсынды. Қазақстанның қай салада да әлеуеті зор. Мұнай-химия, шикізат өңдеу, машина жасау, ауыл шаруа­шылығы және т.б. Біздің экономикамыз тиімді болуы керек. Са­палы өнімдермен өзімізді-өзіміз толық қамтамасыз етуге тиіспіз. Ол үшін экономиканы әртараптандыру маңызды. Мемлекет бас­шысы осыған ерекше мән берді. 

Екіншіден, экономиканы қаржыландыру. Қазір экономикаға қар­жы керек. Инвестиция жетіспейді. Бұл жерде отандық банктердің әлеуе­ті мен ресурсын молынан пайдалану маңызды. Қазір нақты сек­торды қаржыландыру азайып кеткен. Керісінше, банктердің дені тұ­тыну несиесіне көп көңіл бөледі. Мемлекет басшысы Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, банктердің мол пайдаға кенелгенін айтты. Алмақ­тың да салмағы бар. Енді банктер экономиканың нақты секторын қаржыландыруға күш салатын болады. Экономика жұмыс істеуі керек. Қаражат айналуы қажет. Бұл – үлкен әрі маңызды мәселе. Банктер экономиканы дамытудың қайнар көзіне айналуға тиіс. Президент осы жөнінде тиісті тапсырма берді. 

Үшіншіден, көлік-логистиканы дамыту. Тоғыз жолдың торабын­да тұрған Қазақстанның бұл саладағы мүмкіндігі зор екені айтпаса да белгілі. Еуразияның қақ ортасында орналасқан мемлекетіміз ар­қылы ең маңызды жол тораптары кесіп өтеді. Біздің теңіз және құрғақ порттарымыз, автомагистралдарымыз арқылы Қытайдан Еуропаға, Ресейден Парсы шығанағына тауар тасымалдау әлдеқайда жылдам. Сондықтан көлік-логистика саласын экономиканың жаңа драйвері, күретамырына айналдыру – басты міндетіміз. Ол үшін Кө­лік министрлігі қайта құрылып, осы жұмыспен тікелей айналыса­тын болады. Жол инфрақұрылымын дамыту азаматтарымыздың тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға зор септігін тигізеді. 

Елімізде тағы бір министрлік – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Өйткені бұл мәселе еліміз үшін аса өзекті. Судың сапасы мен халыққа қолжетімділігіне қатысты өңірлерде проб­лема көп. Енді суға қатысты барлық мәселені шешу осы ве­домства­ның мойнына жүктелгелі отыр. 

Тағы бір маңызды мәселе – табысты өмір сүрудің кілті ақша табу­­да ғана емес. Сонымен қатар үнемдей білуде. Бұл баршаға аян. Қа­­зір бүкіл әлем үнемдеуге бет бұрып отыр. Ол су ресурстарынан бас­­тап қарапайым отбасы табысын үнемдеуге де қатысты. Біз де осы­­ны үйренуге тиіспіз.

Тұрғындардың кредитті шамадан тыс алуы да Президентті қатты алаңдатуда. Бүгінде миллионнан астам қазақстандық несиесін төлей алмай отыр. Мемлекет басшысы бұған да нақты жауап берді. Осы орай­да азаматтарды жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытудың ау­қымын кеңейтуді тапсырды. «AMANAT» партиясы бұл жұмысты бастап кетті. «Қарызсыз қоғам» жобасының алғашқы нәтижелері көңіл көншітерлік. Еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қар­жылық сауатын арттырды. Президент бұл жобаны Үкіметпен бірлесіп іске асыруды тапсырды. 

 Қасым-Жомарт Кемелұлы ел болашағына қатысты мәселелерге кел­генде әрдайым халықтың пікірін ескереді. Бұған біз тағы бір мәр­те көз жеткіздік. Мәселен, Атом стансасының құрылысы бойын­ша референдум өткізу жауапты әрі маңызды қадам болмақ. Халық өз болашағын өзі таңдауға құқылы.

Бүгінгі Жолдаудан түйген басты ой – тиімділік. Біз осы тапсыр­ма­лардың бәрін жүйелі әрі тиімді орындасақ қана нәтижеге қол жеткіземіз. Тиімді экономика қалыптастырып, игіліктеріміздің бәрін – жер, су, табиғи байлықтарды әділ де тиімді пайдалануымыз керек. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты артып, мемлекетіміз өркендейді. 

Ал біздің мақсатымыз – Жолдауда айтылған міндеттердің бар­лы­ғының заңнамалық деңгейде сапалы әрі жедел орындалуын қам­тамасыз ету.