Басынан бұлт кетпеген «АрселорМиттал Теміртау» компа­ния­­сына қарсы тағы да бір кәсіпорын дау тудырды.
Келісімшартты керек қылмаған
711
оқылды

Өйткені олар қарағандылық «Майқұдық ҚҚ «СҮ»-ге  2 млрд 610 млн тең­­ге қарыз. Нәтижесінде, фабриканың қызметі тоқтап, 200-ге жуық адам жұмыссыз қалды.

Айта кету керек, «Майқұдық ҚҚ «СҮ» – 2022 жылы өңір бойынша «Се­німді салық төлеуші» және «Сенімді өн­діруші» номинациялары бойынша үздік деп танылған компания. Ком­па­ния құрылымында жер қойнауын пай­­­­даланушы өзге де кәсіпкерлік су­бъек­тілері бар.

2022 жылғы 17 тамызда «Майқұдық ҚҚ «СҮ» ЖШС мен «АрселорМиттал Те­міртау» АҚ арасында №4600025567 ке­лісімшарт жасалған. 2022-23 жыл­дары «KAZ Феррит» ЖШС өндірілген кө­мір концентратын «Арселорға» осы келісімшарт шеңберінде жөнелтіп отырды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тарапынан концентраттың сапасы, жеткізу мерзімі немесе шарттың басқа талаптары бойынша бірде-бір ескерту болмаған. Келісімшарт 2023 жылдың аяғына дейін жасалғанына қарамастан, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кон­цент­рант алуды маусым айынан бас­тап ешқандай түсіндірусіз тоқтатып тас­таған. Бұл жағдай «KAZ Феррит» фаб­рикасының қызметін тоқтатуға, салық аударымдарын кешіктіруге, жұ­мыссыздыққа алып келді. 

Бір қызығы, «АрселорМиттал Те­мір­тау» АҚ қазір шетелден көмір кон­центратын сатып алып отыр. Ал жо­ға­ры сапалы және қажетті көлемде өнім шығаратын отандық зауыт жа­был­­ғалы тұр. 

Сондай-ақ «Арселор­Миттал­Темір­тау» компаниясы «Майқұдық ҚҚ «СҮ»-ге  33 тонна концентратты сатып ал­ғаны үшін 2 млрд 610 млн теңге қа­рыз. 

– Биылғы шілде айынан бастап кә­сіпорын өз қызметін тоқтатуға мәж­бүр болды. Барлық ұжым ақысыз ең­бек демалысына жіберілді. Зауыттың жа­былуы 200-ден астам жұмыскер мен олардың отбасыларының материалдық әл-ауқатына кері әсерін тигізеді, көп жұ­мысшының несиесі бар, – дейді «Kaz Феррит» ЖШС директоры Бекжан Көп­баев.

Негізінде, келісімшартта тауар жет­кізілу уақыты тайға таңба басқан­дай жазулы тұр. Дегенмен бұл келісімді Митталдың компаниясы орындамай отыр.

– «АрселорМитталТеміртау» АҚ тауар жеткізілген күннен бастап 25 күн­тізбелік күн ішінде төлем жүргізуге мін­детті. Мерзімі өткен берешек тура­лы жүйелі түрде хаттар жіберілді. Бере­шек­ті ерікті түрде өтеуден бас тартқан жағ­дайда сотқа талап-арызбен жүгіне­тіні­міз туралы хат жолдадық, – дейді «Май­құдық ҚҚ» СҮ» ЖШС директоры Дулат Нұрғалиев.

«Өнеркәсіптік саясат туралы» заң­­ға сәйкес, мемлекеттің ынталан­ды­ру шараларының бірі – ішкі на­рық­ты қол­дау, отандық өндірісті да­мыту. Кә­сіп­орын ұжымы мемлекет бұл жағдай­ға шұғыл араласуы тиіс деп есептейді. 

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ қа­зақ­стандық қамту туралы нормаларды орын­дап, отандық өндірушілерді қол­дауы тиіс. Келісімшартты керек қыл­ма­ған, отандық өндірушілерді қолдау орнына уақытында ақшасын төлемей зар илеткен компанияны екі кәсіп­орын – «Майқұдық ҚҚ «СҮ» мен «KAZ Феррит» ЖШС сотқа бермек.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Фото: azattyq-ruhy.kz