Білімнің бастауы – оқулық. Кітап арқылы бала әріп танып, ғылым атаулымен алғаш танысады. Қазір мектеп оқулықтары заман талабына сай мазмұнын да, форматын да өзгерткен.
Қазақ оқулықтары қашан пайда болды?
1,507
оқылды

Ал қазақтың алғашқы оқулықтары қашан басылды? Олардың қандай ерекшелігі болды?

«Қазақ хрестоматиясы» – халқымыздың алғашқы оқулығы

Қазір Абай, Ыбырай, Шоқандардың қандай әліппе құралдары арқылы сауат ашқаны туралы көкейге қонымды деректер жоқтың қасы. Дегенмен бізге қазақтың ең алғашқы толыққанды оқулығын тұңғыш педагог Ыбырай Алтынсарин жазғаны белгілі. ХІХ ғасырда кирилл қарпінде жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» – ұлт тарихындағы алғашқы оқу-әдістемелік еңбек ретінде бағаланады. Автор Л.Тол­стойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.Тихомировтың «Грамматиканың қара­пайым курсын», К.Ушинскийдің «Балалар дүниесін» қазақ баласына оқу құралы ретінде ұсынып, ұлтына риясыз қызмет еткен. 

– Қазақ оқулықтары Ы. Алтынсариннің 1879 жылы жарыққа шыққан «Қазақ хрестоматиясынан» бастау алады. Ұлт ұстазы мектепке арналған оқулыққа қойылатын бірнеше талапты да анықтап берген. Біріншіден, «Мектептерге арналып жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны мен материалдары жағынан ана тілінің және халық даналығының бай қазынасына негіз­делуге тиіс. Екіншіден, балаға түсінікті әрі қызықты болуы керек. Ы.Ал­тынсариннің «Кел, балалар, оқылық» деп басталатын «Қазақ хрестоматиясы» ағартушылық қызмет атқарды. Ол туралы өзінің 1862 жылы жазған хатында: «Қазақ халқы ұғымтал, ақылды, дарынды, бірақ оқымаған халық. Мәселе оны ағартуда болып отыр», – деп жазады. Өзімнің мұғалімдік тәжірибемде Ы.Ал­тынсарин шығармалары баланың тілін дамытудан бастап, танымын кеңейтетін, ойын жетілдіріп, білімін тереңдететін жетекші әдістемелік құралым болды. Білім алуды сабақта және сабақтан тыс уақытта ұштастыру, баланың білуге құштарлығын оятып, зердесінде сақталуын назарда ұстау тәсілін өзіме бағдаршамдай көрдім. 

Ғылыми еңбектеріме зерттеу жұмы­сым­ның мәнін ашып, маңызын айқын­дауға қайнаркөз болды. Ұлы ұстаздың оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудағы қарапайымнан күрделіге, жақыннан алысқа, төменнен биікке ұмтылу, білім мен тәжірибені ұштастыру сияқты маңызды ұстанымдарына сүйендім, – дейді педагогика ғылымдарының кандидаты Бижан Игенбаева. 

Оның айтуынша, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеуде білім мазмұнының тұғыры болатын Ыбырай Алтынсариннің озық идеялары мен адамзаттық құн-

ды­лдықтарды дәріптейтін шығармалары­ның орны ерекше болды. Ұлы ағарту­шы­ның қысқа және тартымды жазылған көр­кем шығармасының барлығы оқушы­ларды адамгершiлiкке, еңбексүйгiштiкке тәрбиелеуде маңызы зор. Оқушылардың мiнез-құлқын қалыптастыруға, дүние­танымын кеңейтуге көркем əәдебиет шы­ғар­маларындағы кейiпкерлердiң өмiрi мен iс-əәрекеттерi де үлкен әсер етедi. Қоғам­дық өмірдің әр алуан жақтарын суреттеуге арналған шығармаларын кез келген жастағы балалар қызыға отырып оқиды. Әңгімелерінің тілі жатық, оларда оқушы­ның ойын жетелейтін идеялар басым. 

–Бұл жөнінде белгілі ғалым Қажым Жұмалиев: «Ыбырай Алтынсарин – қазақ әдебиетінде көркем əәңгіменің негізін салу­шы. Көркем əәңгімелердің ком­по­зициялық құрылысын шебер етіп құруда да оның еңбегі зор», – дейді. «Сондықтан ұлт тағдыры үшін күрескен Алаш арыстары да – «Қазақ хрестоматиясымен» өскен аза­маттар деп айтуға негіз бар, – деді Бижан Игенбаева. 

Бір уақытта бірнеше Әліппе болған

Дегенмен Ыбыраймен бірге орыс ұлтының өкілдері қазаққа оқулық жазуға қызығушылық танытқан деген деректер бар. Бір қызығы, аталған кезеңде орыс белсенділері қазаққа оқулық қана емес, әліпби жасап беруге тырысқанын көп адам біле бермейді. Олардың көбі орыс жа­зуынан қазаққа шала бейімдеп әліппелер жасаған болатын. Ыбырай Алтынсариннің оқулығы 1889 жылдан 1906 жылға дейін бірнеше қайтара басылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Әсіресе, ескіше жазуды ысыра тұрып, орыс жазуымен тұңғыш кітабын қазақша жазған ғалымның аталмыш оқулығы кейін келе қайтадан ескіше жазумен басылғаны да тарихи оқиға деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Ы.Алтынсарин «Қазақ христоматиясы» атты дәуір бөлгіштік сипатқа ие кесек еңбегі сол кезде қазақ жазуы ретінде біртұтас мойындалмаған орыстың әрпімен де, сол тұстағы мұсылман түріктерге ортақ қадім (араб графикасы негізіндегі ескіше жазу) жазуымен де шыққан болатын.

–Ыбырай атамыз шығарған оқулықтан кейін 1911 жылы Ғалия медресесінің шәкірттері «төте оқулықтарды» шығарды. Соның ішінде қырғыздың белгілі қоғам қайраткері Ишанғали Арабаев шығарған «Төте оқудың жолы» деген кітап бар. Одан кейін С.Малдыбаев, А.Байтұрсынұлы да оқулық шығарған. Демек, қазақта бір уақытта бірнеше Әліппе болды. Олар Әліппенің тиімділігін анықтау үшін оны әртүрлі медреселерде оқытып көрді. «Қайсы Әліппені қолдану тиімді?» деп халықтан сауалнама жинады. «Қазақ» газеті арқылы халықтың ойын жүйелеп отырды. Сондықтан алғашқы қазақ оқулықтарын насихаттауда «Қазақ» газетінің қосқан үлесі басым болды,– дейді тарихшы Абай Мырзағали. 

Педагогика ғылымдарының канди­даты Бижан Игенбаеваның айтуынша, одан кейін қазақ графикасын реформа­лаған Ахмет Байтұрсынұлының қазақ бастауыш мектептеріне арналған алғашқы оқулығы – «Әліпби» дүниеге келді (1927 ж.). Оған дейін қазақ балаларын оқу мен жазуға үйретуді көздеген М.Нұрбаевтың «Әліппесі» (1910 ж.), З Ерғалиұлының «Қазақ әліппесі» (1912 ж.), К.Сырғалиннің «Қазақша әліппе» кітабы (1913 ж.) ал­ғашқы оқулықтар қатарына жатады. 

– Дегенмен олар қолданыста өте аз уақыт қана болды. Ал Ахмет Байтұрсын­ұлының «Жаңа Әліпбиі» ана тіліміздің бай сөздік қоры мен сөздердің қолданылу ерекшеліктерін көрсеткен, заманына сай жазылған оқулықтың үлгісі болды. Өйт­кені ғұлама ғалым қазақтың сингар­мония­лық сөйлесімінің барлық қасиетін жазы­лым үдерісінде толық қамту үшін 43 түрлі дыбысты дәйекшіні қосқанда 25 белгімен жазу техникасын тапқан. Сөз құрамындағы дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстарға тәуелді екенін, дауысты дыбыстардың жуан-жіңішкелігіне қарай дауыссыздар­дың да жуан-жіңішке бола­тынын анық­таған. Араб графикасы не­гізінде жасалған жаңа әріптерді енгіз­ген,– дейді Бижан Игенбаева. 

Алаштықтардың айнымас миссиясы – оқулық жазу

Тарихшы Абай Мырзағалидың пікірінше, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде кітап басу ісі де тұралап қалды. 1920 жылы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған топ оқулық басу ісін қайта қолға алып, 210 мың тиражбен 7 оқулық шығарды. 

– Олар 1-2-сыныпқа арналған «Екінші басқыш», «Тіл құралдары» мен М.Дулатұлының «Есеп құралдары». Әр кітаптың тиражы 20-30 мыңнан болған. Бұл оқулықтардың барлығы Қазан қала­сында шыққан. Алғашқы оқулықтардың шығуымен бірге қоғамда мұғалімге сұраныс артты. Ғалия медресесін бітірген шәкірттерді халық жаппай іздеген. «Қазақ» газетінде бұл туралы көптеген хабар жазылған. Ол жерде бір қыста мұғалім­дердің 120 баланың сауатын ашып, емтихан алғаны туралы айтылған,– дейді Абай Мырзағали. 

Бұл кезеңде алаштықтар халықтың сауатын ашуда қазаққа оқу құралдарының қаншалықты керек екенін дер кезінде түсіне білді. Алаштанушы ғалым Ұшқын Сәйдірахманұлының айтуынша, Алаш қозғалысы ұлттың ұйысу құбылысы ретін­де екі үлкен қанатта өрістеді. Біріншісі саяси бағыт, екіншісі халықты мәдени-рухани биік сапаға көтеруге ұмтылған ағартушылық арна. Бұл екі жолда да Алаш зиялылары елеулі табысқа жетті. Саяси аренада үкімет жасақтап, ұлттық әскер құрды, Алаш автономиясын тіктеді. Ал ағартушылық әрекетте көркем әдебиет үлгілерін қалыптастырып, ұлттық баспа­сөз, жазба тіл, төл оқулықтар негізін қалады. Ағартушылық қызметті репрес­сияға ұшырағанға дейін нәтижелі жалғас­тырды. Оқулық жазу –  осы ағарту­шылық қызметтің ішіндегі ең соқталысы, сүбелісі.  

– Алаш қозғалысы ауқымынан алып қарағанда оқулық жазу, ең әуелі, төл әліпби құрастырудан басталған. Зәкәрия Ерғалиұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаммедораз Нұрбай, Кенжеғали Ғабдолла, Уфадағы «Ғалия» медресесінің шәкірттері әр жерде ілгерінді-кейінді болып қазақ балаларына әліппе құрастырды. Бұл білім беруде жаңа жол салған жәдид қозғалысының қазақ топырағындағы жаңғырығы болатын. Аталған әліпбилер арасында төте оқыла­тын, төл дыбысқа негізделген Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі қанат жайып кең тарады, ықыласпен қабылданды. Әліппемен ілесе хрестоматиялық құра­сындар басылды. Міржақып Дулатұлы «Есеп құралын» жазды. Бұл шартты түрде КазАКСР құрылғанға дейінгі (1920 жылға дейін) бірінші кезең еді. Қолдағы толық емес есеп бойынша осы мерзімде 13 қалам иесінің оқулық санатына жатқызуға болатын 20 кітабы жарық көрген,– дейді Ұшқын Сәйдірахманұлы. 

Оның пікірінше, 1917 жылы Алашорда үкіметі жасақталғанда Ахмет Байтұрсын­ұлы, Елдес Омарұлы, Мағжан Жұма­байұлы, Биахмет Сәрсенұлы және Телжан Шонанұлынан тұратын 5 адамдық оқу комиссиясы құрылды. 1920 жылдан кейін ҚазАКСР-інде жасақталған оқу комис­сиясында тура осы бестік еш өзгеріссіз қайта бас біріктірді. Жаңа автономия құрылған күннен-ақ Қазақстанда Ахмет Байтұрсынұлы және Түркістан респуб­ликасында Халел Досмұхамедұлы (әуелгі кезекте комиссияны Иса Тоқты­байұлы басқарды) бас болып оқулық жазу ісіне кірісті. Бұл қарқын Алаш қайрат­керлері ұсталған 1929-1930 жылдарға дейін жалғасты. Сондай-ақ аталған іске Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан барынша маңыз берді. Өзі де оқулық жазудан тысқары, жарық көрген кітаптар турасында «Ең­бек­шіл қазақ», «Ақжол» бетінде «Кітап сыны», «Жаңа кітап» айдарымен пікір жазып отырды. Қайсы автордың қалам қуаты қандай, кітапта нендей кемшілік бар? Сәтті-сәтсіз қолданылған атау-ұғым­дар (өздері пән сөздері деп атаған) жөнінде нақты мысал келтіре отырып талдады. Кем жерін көрсетіп, үздік тұсын оң бағалады. 

– Қазақстанға оқулықтар алғашқы лекте мұсылманша қарпі толық Қазан баспаханаларынан басылып келіп тұрды. Бернияз Күлейұлы Қазандағы арнайы өкіл ретінде қызмет етті. Дайын болған оқулық­тар сараптамадан өтіп, тиісті қаулымен мақұлданды. Жарамаған, бір қайнауы кем кейбір оқулық басуға жарамайды деп кері қайтарылды. Алаш арыстары бөтен маман иесі екеніне қарамастан физика, мате­матика, химия қатарлы дұняуи білімдер кітаптарын әзірледі. Айталық, солардың ішінен «Табиғаттану» , «Жануарлар», «Денеміздің түзелуі мен жұмыс қылуы туралы әңгімелер», «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзелуі туралы әңгімелер», «Оқушының саулығын сақтау», «Адамның тән тірлігі», «Жаңбыр дегеніміз не?», «Күн күркіреу және найзағай», «Бастауыш жағрафия», «Жағрафия», «Түркістан», «Физикалық жағрафия», «Жануарлар туралы әңгіме­лер», «Күн қотанының құрылысы», «Күн күр­кіреу мен найзағай», «Физика», «Су ту­ралы әңгімелер», «Арғы мәдениет», «Бастауыш жағрафия дәрістігі», «Жердің жара­тылыс жайындағы әңгімелер», «Гео­логия», «Өсімдіктер һәм олардың өмір­лері», «Жердің үскі қабаты», «Адам тегі», «Гигиена», «Жаратылыстану құралы», «Химия не нәрсе» қатарлы оқулықтарды атап өтуге болады. Мен тек жаратылыс бағытындағы ойға келгенін  атап өттім. Ал енді бұлардың барлығы өз пән ғылымы бойынша қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш оқулықтар еді, – дейді алаш­танушы ғалым. 

Ұшқын Сәйдірахманұлының айтуын­ша, бұл оқулықтардың таралымы да анағұрлым мол болды. Айталық, Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» 50 мың, «Тіл құралының» бірінші кітабы 35 мың данамен басылды. Міржақып Дулатұлы­ның «Қирағаты» мен екі бөлімді «Есеп құралы» 25 мың тиражбен тарады. Енді Ахмет Байтұрсынұлының 12 түрлі кітабы 25-35 мың таралыммен 43 рет басылғанын ескерсек, тұтас қазақ даласының сауаты осы оқулықтармен көтерілгенін бағамдау қиын емес. Әрі осы ретте ұлт ұстазы деген құрметті есімнің де мәні айшықтала түседі. 

– Зерттеу барысында тағы бір байқа­ғанымыз, 1929-1930 жылы Алаш қайрат­кер­лері ұсталып кеткеннен кейін де олардың еңбектері авторы көрсетілместен басылып, тарап жатты. Енді осы кітаптарды төл оқулық ретінде қарас­тыруға болатын негізді атайын. Әрине, кітаптың мұқабасында пәленшеден аударылды деп көрсетіледі. Бірақ оған бола оқулықты толық аударма, түбегейлі қотарынды деп санай алмайсыз. Кітапқа сын жазған Әлихан Бөкейхан авторларға ескертпесінде салған жерден аудара бермей, өз табиғатымызға, қырдағы қазақ баласының ұғымына лайық болуы керек, тиісті үйлесетін тұсын ғана алып, жанас­пайтын жерін қалдырып кету қажет деп атап көрсеткен. Мағжанның өзі де «Педа­гогика» еңбегінде: «Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұ­рылмастан желе бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шама­сы келгенше қазақ қанына қабыстыруға тырыстым (көп пайдаланылған Рубинш­тейн, Скворцов, Смирновтардың педа­гогика туралы еңбектері)» , – деп жазады арнау сөзінде. Қазір Ә.Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институты осы оқулық­тарды ғылыми айналымға қосу, жаңғыртып шығару жобасын қолға алып отыр. «Алаш­тың 100 оқулығы» атауымен әзірленген жобаның қазір де берері мол, – дейді алаштанушы Ұшқын Сәйдірахманұлы. 

Өкінішке қарай, алаштықтар жазған оқулықтың барлығы тәркіленіп, автор­лары қуғынға ұшырады. 1935 жылы «Оқулықтар мен оқу құралдарын құрас­тыру туралы» қаулы қабылданып, оқу­лық­тар әзірлеу жүйесінің негізі қаланды. Дегенмен педагогика ғылымдарының кандидаты Бижан Игенбаева 1996 жылы тәуелсіз еліміздің төл оқулықтары шық­қанға дейін қазақ тілі мен әдебиет оқу­лықтарынан басқасы аударма болғанын айтты. 

– 90-жылдары алғашқы оқулықтарды жазған авторлар туралы да мәлімет бол­ған. Мысалы, «Өсімдіктану» оқулығын жазған Жұмахан Күдерин туралы ақпарат­тар 90-жылдардағы ескі биология оқулы­ғында кездеседі. «Гигиена» оқулы­ғын жаз­ған Жұмағали Тілеулиннің кітабы бір­ден жазылып кеткен жоқ. Бұл «Қазақ» газетін­де әр жылдары денсаулық сақтау саласы бойынша жазған мақалаларының жиын­тығы. Мұны 1916-1917 жылдары оқулық ретінде басуға ұсыныс тастаған. Бірақ әртүрлі саяси жағдайдың кесірінен кеш басылады. 20- жылдардың соңында тек денсаулық саласында жазған Алаш қайраткерлерінің 30-дан астам кітабы болған,– дейді тарихшы Абай Мырзағали.  

Қазақ зиялыларының өткен ғасырда оқулық жазуды қолға алуы ұлтты сақтап қалудың бір жолы болды. Ағартушылық жолындағы жанкешті еңбектің арқасында Әліппеміз қалыптасып, қаншама халық­тың сауаты ашылды. 

Көктем ҚАРҚЫН